Primeminister.kz сайты ТЖМ басшысы Юрий Ильин бүгінде Қазақстанда 227 елді мекен қауіпті аймақта тұрғанын айтты деп хабарлады. Юрий Ильин: «Су басуға үш нәрсе себеп болды. Бұл – қарды уақытылы шығармау, тазартылмаған арықтар мен еріген сулар» деген екен. Үшінші себепті «еріген сулар» дегеннен гөрі қардың тез еруі десе ақылға қонымды болар еді.
Еске сала кетсек, биылғы 22 ақпанда Үкімет отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары қаралып, ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайылов әкімдіктерге қарды, әсіресе, ауылдық елді мекендерден шығару, арықтарды, нөсер кәріздерін тазарту, уақытша бөгеттер салу жұмыстарын уақытылы жүргізу туралы тапсырма берген еді.
Қазіргі таңда су басу қаупі еліміздің солтүстік және батыс өңірлерінде сақталып отыр. Елді мекендерді су тасқынынан қорғау мақсатында 2017 жылы 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы әзірленіп, бекітілді. Жол картасы аясында 2021 жылы жүзеге асыру жоспарланған 68 іс-шараның 33-і орындалды және 4-і мерзімінен бұрын орындалды. Жалпы еліміз бойынша су тасқыны қаупі бар 1010 елді мекеннің 285-інде су басу қаупі сақталып отыр. Бұл орайда 340 елді мекенді су басу қаупі жойылып, 385 елді мекенде сейілді. Биылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша қар жамылғысының ауданы 47%-ды құрайды.
ШҚО, БҚО, Атырау облыстарында автомобиль жолдарының 3 учаскесін су басу жағдайы тіркелді. Қалың қардың еруіне байланысты Павлодар облысының Рождественка ауылындағы екі тұрғын үйге, Батыс Қазақстан облысының Шалғын ауылындағы 25 үй мен 2 әлеуметтік нысанға су кірді. Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы 3 автомобиль жолы учаскесін су шайып кетті.
ҚР Премьер-Министрі Жол картасын іске асыруды жеделдетуді, келіп түскен шағымдарға жедел әрекет етуді, су басу қауіптерін жоюды тапсырды. Сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды жүзеге асыруға ерекше назар аудару қажет. Өңір басшылары бұл мәселені ерекше бақылауға алуы тиіс.
*Суретте — БҚО, Жәнібек ауданындағы Борсы ауылы. Қар суы автокөлік жолын жырып кеткен