Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанға келген шетелдік туристер саны 12 миллион адамға жетті. Бұл пандемиядан кейінгі өсімнің белгісі секілді көрінсе де, 2019 жылы елге 9 миллион турист келгенін ескерсек, алты жылдағы көрсеткіш тек 3 миллион адамға артқанын анықтауға болады. Ал аталған уақытта мемлекет туризм саласын дамытуға бюджеттен 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлген.
Салыстырмалы түрде алғанда, Грузия дәл осы 6 жылда туристер ағынын 7 миллион адамға ұлғайтып, туризмнен түсетін табысты жалпы ішкі өнімнің бөлшегіне айналдырып үлгерді.
Қазақстанда ше? Елдегі туристік аймақтардың алуан түрлілігі мен оларды дамытуға бөлінген қомақты қаражат тиісінше игерілмегені туралы сұрақ әлі басы ашық күйінде қалып отыр.
2023 жылы шетелдік туристерді тартқан туроператорлардың шығынын субсидиялауға 54,7 миллион теңге бөлінсе, оның тек 5,8 миллионы ғана игерілген.
Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс кезінде туризм саласында залалы 1,6 миллиард теңгені құрайтын бірнеше құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде активтерді тиімсіз пайдалану фактісі бойынша 919,4 млн теңге, бюджетті тиімсіз жоспарлаудан 546,9 млн теңге және қызмет құнын жасанды көтеру арқылы 76,7 млн теңге бюджеттен тыс кеткен.
Сервис сапасы стандартқа сай емес
Өлкетанушы, туризм саласының сарапшысы Амандық Әмірхамзиннің айтуынша, Қазақстан туризмінің басты мәселесі – бақылаудың жетіспеушілігі. Қызмет сапасын қадағалау біркелкі жүргізілмейді, стандарттарды сақтау жүйесі де жолға қойылмаған.
«Қазақстандағы туризмнің тағы бір әлсіз тұсы – инфрақұрылым. Бұл олқылықты жоюды алыстан емес, жол бойы сервистерінің, қонақ үйлердің, дәретханалардың және демалыс аймақтарының жұмысын жүйелеуден бастауған лазым.
Туристер көлік жолының қауіпсіздігіне және ұшақтар мен пойыздардың уақтылы жүріп тұруына да мән береді. Бұл орайда елдегі бірнеше министрлік бірізді жұмыс атқаруға тиіс.
Кейде туристер көздеген нысандарына жету маршруты не тұрақтайтын орындар туралы мәлімет таба алмай қынжылады. Сол үшін Қазақстан туризміне ақпараттандыруды күшейту керек.
Дегенмен Монғолияның Баян-Өлгей аймағында тұмса табиғат пен жергілікті халықтың өміріне қызығып, кей жайсыздықтарға қарамастан келген саяхатшылар көп. Осы ретте еліміздің қорықтарында да сафарилар ұйымдастыруды дұрыс жолға қою қажет деп санаймын.
Қазір қазақстандық туристерді әлемнің барлық елінен табуға болады. Бұл үдерістің себебіне елімізден тікелей шетелге ұшатын рейстерді жатқыза аламыз. Атап айтсақ, қазір Астана-Белград бағытында рейс ашылып жатыр, алайда Қазақстанның бір қаласынан екінші қаласына ұшатын рейстер әлі де тапшы», – деді сарапшы.
Ұлттық статистика бюросының есебіне сәйкес, 2024 жылы ел ішінде саяхаттаған азаматтар саны 1,5 миллионнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 145 мың адамға көбейген. Негізгі туристік ағын Алматы, Астана және Шымкент қалаларына шоғырланған – бұл үш мегаполис ел ішіндегі барлық сапарлардың 46%-ын қамтиды.
Қоғам белсендісі Өмірбек Шыныбекұлы Қазақстанның туризм саласындағы басты артықшылықтарының бірі – географиялық және тарихи ерекшелігі екенін айтады.
«Еліміз Ұлы Жібек жолының маңызды орталығында орналасқан. Дәл осы бағытқа қызығатын, бір көру үшін мұхит асып келуге дайын саяхатшылар бар. Жыл сайын Памир–Ферғана бағытымен 10 миллионнан астам турист өтеді. Болашақта бұл ағын тек арта түседі деп болжаймын.
Дамыған мемлекеттердің туристері саяхаттаған кезде дәл осы бағытты, Жібек жолының бойын, альпинизмді, мәдениеттердің контрастын, бай сәулет мұраларын, ұлы тарихты, алуан түрлі әрі дәмді тағамдарды қалайды», — деді ол.
Өңір ерекшелігі ескерілмейді
БҚО әкімдігінің ақпараты бойынша 2025 жылы облысқа 38 мыңнан астам турист келді. Әкімдік 2025-2027 жылдары 7 ивестжобаны жүзеге асырмақ.
«Батыс Қазақстан туристік қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Айболат Құрымбаев өңірдегі туризм ахуалына қатысты ойын жеткізді.
«Батыс Қазақстан облысында туризм саласына бөлінетін қаржы көлемі бірнеше жылдан бері өзгермей келеді. Ал Орал қаласында туризмді дамытуға мүлде қаражат қарастырылмайды.
Мемлекет тарапынан туризмді қолдауға арналған түрлі субсидиялар мен бағдарламалар бар. Атап айтқанда, туристік нысан салынса, шығынның 10%-ы, ал автобус сатып алынса, 25%-ы қайтарылады. Алайда бұл бағдарламалар біздің өңір үшін тиімді емес. Толық талдау жасалмаса да, белгілі деректерге сүйенсек, Батыс Қазақстан облысында аталмыш бағдарлама аясында осы уақытқа дейін небәрі бір ғана туристік автобус алынған.
Бұл жағдайдың басты себебі – заңнамалық нормалардың Алматы облысы сияқты туристік ағыны мен айналымы жоғары өңірлерге бейімделіп жасалуы. Ал туристер саны мен экономикалық мүмкіндігі мүлде бөлек өңірлерді олармен салыстыру дұрыс емес. Сондықтан мұндай бағдарламаларда өңірлік ерекшеліктер ескерілуге тиіс. Мысалы Алматы, Астана, Ақмола облыстары үшін бір талап, ал басқа өңірлер үшін субсидия көлемін 25%-дан 50%-ға дейін арттыру сияқты икемді тетіктер болуы қажет.
Қазіргі қолданыстағы заңдар өңірлерге сай келмегендіктен, оларды ешкім пайдаланбайды әрі пайдалануға қызығушылық та жоқ. Сонымен қатар жергілікті деңгейде туризмді дамытуға мемлекеттік органдар тарапынан жеткілікті назар аударылмай отыр. Аудан, қала әкімдіктері бұл салаға қызығушылық танытпайды.
Ең қарапайым мысал – туристік бағыттарға жол сілтейтін белгілердің болмауы. Мәселен Чапаев ауылында орналасқан Чапаев музейіне апаратын жол бойында бірде-бір белгі жоқ. Жақсы болсын, жаман болсын, Чапаевты біраз адам таниды. Сол сияқты Бөкей ордасына бағыттайтын белгі тек 21 шақырым қалғанда ғана көрінеді», — деді А. Құрымбаев.
Курортты аймақтарды дамыту мәселесі өзекті
Қонақүйде тұрақтау құнының негізсіз өсуі де сала имиджіне кері әсер етіп отыр. 2024 жылдың үшінші тоқсанында қонақүй бағаларының жылдық есепте 11,9%-ға көтеріліп, соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке жеткен.
Күні бүгін үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ел аумағындағы туристік жерлерде су мен кәріз жүйесіне қатысты мәселелер бар екенін атап өтті.
Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарының, сондай-ақ Абай және Жетiсу облыстарының курорттық аймақтарында сумен жабдықтау және орталық кәрiз мәселелерi әлі шешілмеді. Бұл мәселе Алакөлдің шығыс жағалауында аса өзекті, — деді министр.
Алакөл – Қазақстанның ең танымал табиғи курорттарының бірі. Көл Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының түйісінде орналасқан. Алматыдан Алакөлге автобуспен 9-10 сағатта, пойызбен 16 сағатта жетуге болады. Көл жағалауында соңғы жылдары ондаған демалыс базасы мен пансионаттар бой көтерді, бірақ әлеужелі қолданушылары бұл орындардың санитарлық жағдайына алаңдаулы.
Көкше өңірінде елдің ең көне әрі ең танымал курорттарының бірі орналасқан. Қазір Бурабайдаондаған санаторий, профилакторий және демалыс үйі жұмыс істейді. Курортқа Щучинск қаласы арқылы пойыз және автобус қатынайды.
Балқаш көлі – Орталық Азиядағы ең ірі көлдердің бірі. Көл маңы орман-тоғайға, құстар мен жануарлардың сирек түрлеріне бай. Алайда соңғы жылдары Балқашқа түсетін өнеркәсіптік жүктеме туристік инфрақұрылымның дамуын тежеп отыр.
Қазақстанда АҚШ-тың Гранд-Каньонынан кем түспейтін Шарын шатқалы бар. 2004 жылы құрылған Шарын ұлттық паркі бүгінде халықаралық деңгейде танымал. Шарын шатқалы автотуристерді қызықтыруы мүмкін, бұл бағыттың әлеуетін ашу үшін жол сапасын дамыту керек.
Сайып келгенде, Қазақстандағы туризм әлеуетінің қыр-сырын етене танып, күллі әлемге паш ететін амалдың әлі табылмағанын аңғаруға болады.Туризмге қаражаттың триллиондап бөлінетіні қағаздағы есептерден ғана емес, ауыз толтырып айтатын нәтижеден байқалуы үшін инфрақұрылым сапасын арттыру, ел ішінде қатынау мен сервис стандарттарын теңестіружәне жарнамалауды жетілдіру қажет.
Туризмді дамыту – ел экономикасының ғана емес, ұлттық имидждің де көрсеткіші. Сондықтан қолда барды елдің табысы мен мақтанышына айналдыруды Қазақстанның болашағы үшін қажет факторға жатқызуға болады.
Қазақстан туризмінің әлеуеті мол екені талас тудырмайды. Географиялық орны, табиғи байлығы және тарихи мұрасы елді халықаралық туристік картада ілгерілетуге толық мүмкіндік береді. Алайда соңғы жылдардағы статистика мен аудит деректері бөлінген қомақты қаржының нақты нәтижеге айналмай отырғанын аңғартадындай.
фото: istockphoto.com

