Тоқаев мопедтерді тіркеуден өтуге міндеттейтін заңға қол қойды

Енді мопед жүргізушілері міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мопедтерді тіркеп, жүргізуші куәлігімен жүруге міндеттейтін заң жобасына қол қойды. Бұл жөнінде Ақордадан хабарлады.

Сонымен Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа заң бойынша ендігі жерде мопедті басқару құқығы «А1» санатындағы жүргізуші куәлігімен расталады. «А» және «В» санаттары бар азаматтар да мопед басқаруға құқылы.

Жыл сайын техникалық байқаудан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеу шарт. Сондай-ақ мопед жүргізушілері мемлекеттік баж салығын төлейді. Салық мөлшері 0,25 АЕК көлемінде бекітіледі.

Айта өтейік, мопед жүргізушілеріне тіркеуден өту үшін алты ай уақыт берілді.

Қазақстанда 80 мыңнан аса мопед бар

Осыған дейін елде 80 мыңнан аса мопед бары анықталды. Былтыр 12 айда мопедтердің қатысуымен 750 көлік апаты тіркеліп, 39 адам қаза тапты. Сондай-ақ 730 адам жараланды.

Биыл сегіз ай ішінде мопедтердің қатысуымен 962 көлік апаты тіркелген. Салдарынан 48 адам көз жұмып, 1 024 адам жараланды.

Сурет: pixabay.com

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий