Дауыстар естілуде. Толассыз. Үзіліссіз. Ұрандатқан. Мысқылдаған. Данышпансыған. Әділет іздеп шарқ ұрған. Даусымды жоғалтып алдым ба екен? Құмыға сөйлейтіндер көбейді. Балбал тастай мелшиіп жатқандар да. Зілзала гуілін есту мүмкін емес. Арыстанның ақырған даусы саябырсып келеді. Жолбарыстар мүләйімсуін қойғандай. Маймылдар арасында ыржалаңдай шиқылдасып қояды. Тиіндер сыбырға көшкен. Жылқылар дүбірді сезініп пысқырынып қояды.
Орман патшалығын күйік кеміруде. Әр тұста өрт түтіні будақтайды. Кенеттен лап еткісі, күллі дүниені күйдіргісі бар. Өртті сөндірушілер ылдым-жылдым қимылдайды. Тамырын терең жайған кәрі емендерді қорғауға жанталасады. Кей сөндірушілер шарасыз. Ақтарылып, арындап сөйлеуге бар. Бірақ олардың үнін өшірген. Даусын құлыптаған. Көздерін пердемен көлегейленен. Әмір ғана күтеді.
Патшалық күнгейіне шыққандар да үн қатқысы келеді. Жігерленіп, айқайлап сөйлеуге құштар. Көкірегі сайрап тұр. Төңіректі шөлейт қысып, апандар опырылып жатқанын біледі. Оларға абай болу тапсырылған. Сөйлейтін мерзімі белгіленген. Даусын бәсеңдеткен. Зорайтып айтуына да рұқсат беріледі. Сирек қана. Әупілдек секілді ара-тұра дыбыстап қоюына болады. Үні сиқырланып шығуы тиіс. Түпкі ниетін ешкім болжап білмейтіндей…
Кейде құлаққа жымысқы үндер естіледі. Сыбырлап та кететіндер бар. Жаны ашығансиды. Басыңнан сипап тұрып, қамқор сөйлейтіндердің даусы. Арқадан қағып, айналып-толғанып тұрғандай. Кіжініп жүріп, мүләймісіп-ақ қалады. Сырт айнала қарныңды қанжармен тіліп түсетінін сезесің. Сақтанасың.
Алыстан арбап, аюдай ақырып отырғандар да жеткілікті. Орман шетінен от тастап қояды. Өзі хауызда жүзіп жүреді. Тарғыл дауыстар тағы-тағы алдайды. От көсеуге дағдыланған. Мықтылардың дүмімен нығыз отыр. Көпшілікті сендіреді. Үгіті күшті. Бұрынғы бақталасына тажал-пәлекет жіберетінін айтып, бақырып та қояды.
Соңғы кезде түрлі дауыс көбейді. Жарыққа шығып жатқан соны үндер бар. Құбылып сөйлегенде, дауыс ырғағынан жаңыласың. Емеурінмен ұқтырғысы келеді. Шындық үшін шырылдап жүрген…, яки отырған көп. Тұмандатып, кергіп сөйлейтіндер жұртты жаңылыстырып бағады. Тағдырын дауысқа салғанды әмірлі үндер жұтып қояды. Көкөрім талдар сыбырласып тұрады. Сақтанып қана. Желдей жүйіткіген сыбыстан толқындар өршелене соғып, жартасты сабалайды.
Елді жаңғырықтар әуре-сарсаңға салуда. Жаңғырықтың қайдан шыққанын білмей, күдік-күмәнге малтығып жатады. Жапан дала да жаңғырық сағымына толы. Шулы орманда бір-бірінің үнін іліп әкетіп жатқандар есебінде шек жоқ. Жаңғырық тудыруға бәрі әбден төселген. Тау-тау толқындар түрегелетініне сендіреді. Көкке шапшыған толқындар қыңыр күйінде құлап, бірінен соң бірі саябырсып жататынын кім білсін?
Көкірек даусы жанын жегідей жейтіндер іштен тынады. Жүрек үні жүрекке жетер емес. Кеудеде құмыққан үннің кінә артуы көбейді. Көзі көлегейленіп, көлбеңдеп жүргендерді үнсіз бағып отыр. Өз-өзін жазғырып, азапқа салғандар ара-тұра айқайлағысы келеді. Жаңғырықтармен бірге жоғалып жатыр. Көбі өз даусын іздеп жүр.
Бәрі алагеуім таңда елегізіп отырғандай. Бейқам қорылдар мазаны алса да. Іші кеуіп, жел жіберіп қойғанын сезбей, пыр-пыр етіп ұйықтап жатқандар да сансыз әрі қамсыз. Оларға дауыстың қажеті жоқ. Әмір беретіндер де олардың қатары көбейгенін қалайды. Жаны шырқырап, ұйқысынан оянғысы келмейтіндерді сілкіп алғысы келіп, дауыстап қоятындар соңынан жадыланған тобыр еріп кеткенін аңғармай қылады. Ағартушымын деген ойына, сиқырлы үніне кәміл сеніп қалғандар да ойлы образға еніп әлек.
Сан құбылған дауысты сараптап отырғандар сақтана сөйлейді. Салмақты сөз саптаймын деп, сарыла күткеннің сенімін ақтамай жатады. Олардың артында тісін шықырлап отырғандар темір кісенді сылдырлатып қояды.
Бәрі жарқын дауыстың жарып шығатынына сенеді. Зынданда зығыры қайнап жатқандардың зарына иланады. Заман қабағынан запы болғандар зымиянға сенгісі келмейді. Жарық алаңға шығарады деген дауыстардың дабыраға ұласып кете беретіні қиын. Себебі бәрінің даусы зынданда. Бір ғана ырғаққа бағынады. Үдетіп сөйлеуге үлгертпейді. Фонограмма дауыстар дәурені озғандарға ұнап тұр. Үздік-создық жаңғырық жасап, жалпақ жұртты жаңылдыруға болады. Көпшілік шуын ақиқат даусы алдаспандай тіле алмай тұр. Өйткені жалғыз. Ол дауыспен жарыса сөйлейтін әредік қана. Көзіне құм, көмейіне қорғасын құйылғандар сыбырлай да алмайды. Мылқаудың да сөйлейтін күні болады дейтіндер көп. Бір дауыстың ұшпаққа шығаратынына иланудан басқа жол жоқ секілді…
…Дауыстар әлемі дағдарып тұр.
Нұртай Текебай,
Орал қаласы