Әлемдегі геосаяси ахуал күнде құбылып тұр. Әсіресе, Таяу Шығыс пен Украинадағы жағдайға халықаралық қауымдастықтың өзі алаңдаулы. Соның ішінде Таяу Шығыс аймағы ұзақ уақыт бойы тұрақсыздық пен қақтығыстардың ошағына айналды. Сириядағы азаматтық соғыс, Йемендегі дағдарыс, Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыстар аймақтағы негізгі мәселелердің қатарында. Бұл қақтығыстардың түп-тамыры тарихи, діни және саяси факторларға байланысты. Жағдайды бейбіт жолмен шешу үшін түрлі дипломатиялық әрекеттер жасалғанымен, шиеленістің түйінін тарқату оңайға соғып отырған жоқ. Осы орайда біз шығыстанушы әрі саясаттанушы Жанат Момынқұловты аз-кем әңгімеге тарттық.
– Таяу Шығыстағы шиеленіске талай жыл болды. Екі тараптың арасындағы бітіспес даудың басталуына бұл жолы қандай нақты себеп болып отыр?
— Таяу Шығыстағы қақтығыстардың бұл жолғы шиеленісу циклі күрделі, халықаралық контекст және кісі өлімі тұрғысынан бұрынғы соғыстардан ерекшеленеді. Өйткені бұл конфликт Таяу Шығыстың одан әрі бөлініп, аймақтың әлсіз бейбітшілігіне сызат түсіретін қиын уақытта орын алып отыр. Сирия мен Ливан, Газада Израиль күшейді. Жиырма жыл бойы аймақтағы ең күрделі жанжал Иран мен АҚШ-тың достары мен одақтастары арасында болып келген еді. Иранмен байланысы бар «ХАМАС-тың» Израиль имиджіне жасаған жойқын соққысы жылдар бойы басып жаншылған палестиналықтардың қантөгісі мен Газада қоршауына реакция ретінде ұйымдастырылды. «ХАМАС» бұл шабуылды Израильдің әл-Ақса мешітін басып алу әрекетіне жауап деп мәлімдеді. Бұл шиеленіс ауқымы мен салдары жағынан Израиль-Палестина тарихындағы соңғы 20-30 жылдағы ең үлкен өршуі болды. Бір жағынан бұл өршу Израильдің әскери әрекеті үшін де маңызды мүмкіндік ұсынды.
— Қазір екі тарап бітімгерлікке келіп, тұтқындарды қайтарып жатқаны мәлім. Дегенмен келісімнің бір сәтте бұзылуы мүмкін бе?
— Атысты тоқтату туралы келісім қазірдің өзінде сынақтан өтпей екінші кезеңге өту қиын. «Хамас» Израильді «Келісімшарттарын бұзды», «Гуманитарлық көмектің жеткізілуіне кедергі келтірді», «Газадағы әуе шабуылы мен атысты жалғастырды», «Пропагандалық шоу жасады» деп айыптады. «Хамас» бұған жауап ретінде тұтқындарды бермей, Израиль атысты жалғастырамыз деп қорқытты. Келісімді іске асыру мүмкіндігі әлі де нәзік. Оның толық жүзеге асырылуы қазіргі келіссөздер нәтижесіне, тараптардың өз міндеттемелерін орындауына, қолайлы халықаралық ортаға да байланысты. Осыған қарамастан, атысты тоқтату және келіссөздер аймақтағы халықтарға төніп тұрған қауіптерді бағалауға мүмкіндік береді.
Халықаралық қауымдастық және Израиль мен «ХАМАС» осы сын-қатерді азайту, тұрақты саяси шешім қабылДау мен ұзақ мерзімді бейбітшілікке қарай жылжу үшін не істеу керек екенін таразылайды. Өзара келісім Газа қақтығысының біржола тоқтауына себепші болады деген үміт зор. Бірақ қылмыс пен геноцид қаупі әлі де жоғары. Израиль өктемдігін тоқтатады және гуманитарлық апат болмайды дей қою қиын. Бұл келісім соғыстың аяқталуына ықпал етпейді. Израиль әдеттегідей өз қауіпсіздігіне алаңдап, кез келген сәтте жанжал шығаруы ықтимал.
— Екі жақтың арасындағы дау түбегейлі шешіп, шекара мәселесіне нүкте қоя ала ма? Әлде бұдан кейін де жалғасу қаупі бар ма?
— Израильдің қақтығыста қолданған тактикасы – Газаны қоршап, гуманитарлық дағдарыс жасау. Израиль үкіметінің әртүрлі мәлімдемелері мен қысымы атысты тоқтатудың өміршеңдігіне нұқсан келтіреді. Нетаньяху атысты тоқтату «уақытша» екенін айтып, Израиль қажетті жағдайда соғысты қайта бастау құқығын өзіне қалдыратынын қайталап келеді. Келісімге қол жеткенде екі тарап та өзін «жеңімпаз» деп жариялады. Израиль билігіндегі коалицияның екі негізгі одақтасы «Израиль Газадағы соғысты жалғастырмаса, министрлер кабинетінен толығымен шығуға» уәде берді. Нетаньяху үкіметінің тағдыры да және келіссөздердің пісіп-жетілуіде ішкі саяси жағдайға байланысты. 21 қаңтарда Израиль Палестинаға қарсы кең ауқымды операция бастап, содан бері Батыс жағалаудағы аудандарға дейін кеңейді. Жағдай күрт ушықса, кез келген тарап мәміледен бас тартуы мүмкін. Тұтқындар отбасыларына қайтқан соң Израиль «Хамасты» жою үшін ұрыс алаңына оралуы ықтимал. Сонымен бірге Газада Израильдің халықаралық имиджіне зиян келтірген, әскер санын жаңалап үлгерген «Хамас» өз ұйымын сақтауға және соғысты жалғастыруға құлықты сияқты.
— Қазір әлемнің назары Украина мен Ресейге ауды. Дәл осы елдердің арасындағы шиеленісті шешуге талпыныстың астары терең секілді. Таяу Шығыстағы жағдайды да өз мүддесіне пайдаланғысы келетін елдердің бар екенін сарапшылар айта бастады. Мысалы, Сауд Арабиясы АҚШ пен Ресей басшыларына өз елінен келісім үстелін ұйымдастыруының артында қандай да бір себеп болуы мүмкін бе?
— АҚШ үшін Украина-Таяу шығыс конфликттерінің арасында өзіндік белсенді рөлі бар Иранның қауіпсіздік пен дипломатиядағы маңызы зор. Таяу шығыста Израильдің стратегиялық әскери кеңеюімен ойыншылардың жаңа рөлі пайда болды. Осы ретте Сауд Арабиясының америкалық-ресейлік келіссөздердің өтуіне ықылас танытуы оның халықаралық қақтығыстарды шешуге қабілетті жаһандық актер болуға ұмтылысын көрсетеді. Соғыстан кейінгі Газаның тағдыры туралы болашақ келіссөздерде Эр-Рияд қосымша ықпалға ие болғысы келеді. Ханзада бен Салманның келіссөздерде мәмілегер ретінде беделінің көтерілуі оның Трамппен жақын араласуы себеп болды. Мұрагер ханзада Путинмен де жылы саяси қарым-қатынаста. Бен Салман Мәскеуге қатысты Батыстың қысымына қарсы болып, жаһандық мұнай өндіруді арттыру, бағасын реттеу туралы америкалық ұсыныстарды қабылдамады. Ұзақ мерзімді болашақта Сауд Арабиясы делдал рөлін Трамптың «АҚШ-тың Газаны иемдену» туралы даулы ұсынысын өз пайдасына шешу үшін пайдалануы мүмкін. Үш ел де мұнай державалары, бәлкім болашақта энергетикалық мәселелерді де талқыға салған шығар.
— Күні кеше ғана әлемдік ақпарат құралдары Нетаньяху Газадағы атысты тоқтату келіссөздерін өз бақылауына алғанын жазды. Бұл келіссөздердің соңын қалай болжар едіңіз? Нетаньяху үкіметінің ішкі саяси мүдделері соғыстың жалғасуына ықпал етіп жатыр ма?
— Мен Газадағы оқиғаларға сақ оптимизммен қараймын. Қазіргі Газа келісіміндегі дағдарыстың басты факторы – Израильдің палестиналықтарды Израиль түрмелерінен әртүрлі сылтаумен босатуды кешіктіруі. АҚШ Израиль мен «ХАМАС» арасындағы атысты тоқтату туралы келісімнің екінші кезеңін жалғастырады. Израиль тарапы бірінші кезеңді ұзартуға қол жеткізгісі келеді, сол үшін Уиткофф осы аптада аймаққа келеді. Нетаньяху бітімге және кепілге алмасуға келіскеннен кейін өзінің оңшыл одақтастарының ішкі қысымына тап болды. Ұлтшылдар Израильдің Батыс жағалауды да аннексиялап, Газа секторындағы еврейлер елді мекендерін қалпына келтіруін қалайды. Нетаньяху «ХАМАС» Газаны басқару ісін жалғастыра алмайды деп санайды. АҚШ «Хамастың» Газа үкіметіне оралуына жол бермейді. Араб елдері де Газадағы «ХАМАС» билігіне балама қалыптастыру үшін жұмыс істеп жатыр.
— Жалпы Таяу Шығыстағы шиеленіс қандай елдерге аса қажет болып отыр? АҚШ, Еуроодақ, Ресей, Қытай сияқты ірі державалар бұл мәселені шешуде қандай рөл атқара алады? Израиль үкіметінің қақтығысты шешуге қатысты негізгі стратегиясы қандай?
— Соңғы бір жарым жылда Таяу Шығыстың маңызы тіпті артып кетті. Израиль ол АҚШ-тың аймақтағы одақтасы, «өткір найзасы», басты әскери базасы, стратегиялық форпосты, «51-штаты». НАТО мүшелері Британия, Франция елдерінің де маңызды тарихи мүдделері қамтамасыз етілген. Таяу Шығыстың өзі АҚШ үшін НАТО-ның шағын үлгісі сияқты. Қазір Түркия мен Израиль Сирияда аймақтың қожаларына айналды. Ресей әскерін Сириядан шығарса да, Америкамен, Израильмен, Түркиямен қатынасын реттеп, Ираннан іргесін аулақ салуы мүмкін. Ресей Иранның орнына Таяу Шығыстағы теңдікті сақтауға Батыс альянсы үшін қажетті ойыншы болуы мүмкін. Ресей араб әлемі үшін ескі дос, аймақта тарихи актор, Израиль үшін теңдікті сақтайтын, қақтығысты азайтатын фактор.
Қытай аймаққа бірте-бірте ену, экономикалық тұрғыда матап орау саясатын қолданады. Қытай қос тарапты ортақ шешімді ілгерілетуді тездетуге және 1967 жылғы шекараларға негізделген тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды қолдауға шақырады. «Газа және Батыс жағалау — Палестина халқының отаны» деп санайды. АҚШ Украинадағы соғысты тоқтатып, Газада уақытша шешімге қол жеткізіп, оны реконструкциялауды араб елдерінің мойнына іліп, Қытайды тежеуді Таяу Шығыста да жалғастырады.
Нетаньяхудың нақты стратегиясы жоқ, бәрі «қозғалыста» қалыптасады. Трамптың да, Израильдің де ортақ стратегиялық көзқарасы бар, бірақ олардың неге ұмтылып жатқанын түсіну қиын. Израиль «ХАМАСПЕН» соғыстағы мақсаттарын азайтып, аймақтағы шынайы жағдайға сай бейімделсе ғана жеңеді. Израильдің қол жеткізгісі келетін мақсаттары: кепілге алынғандарды қайтарып алу, Газамен шекараны қамтамасыз ету және «ХАМАС-ты» жою. Келісім толық орындалған соң «ХАМАС-қа» қысым күшейеді.
Израильдің Газа секторына жасаған жорығы сәтті болды, бірақ «ХАМАС-ты» басқарушы құрылым ретінде алмастыру үшін шарттарды белгілей алмады. Израиль үкіметі соғыстың басында үш мақсатқа әскери және саяси әрекеттерді біріктіру арқылы қол жеткізуге болатын еді. Израильдің стратегиясы әзірше алда «Хамас» әскерін жойып, кепілге алынғандарды босатуға мүмкіндік беретін атысты тоқтатуға қол жеткізді. Бұл науқан Газа секторындағы «Хамасты» оқшаулады, дегенмен Израиль «ХАМАС»-тың толық оқшаулануын қамтамасыз етуі керек. Бірақ Израиль де, АҚШ та осы әскери табысқа сүйеніп, Газадағы басқарушы ұйым ретінде «Хамасты» біржолата алмастыратын саяси түпкілікті мемлекет құруға шындап тырыспады. Израильдің балама басқару құрылымы мен қауіпсіздік органдарынсыз қалып, бұл бостықты «ХАМАС»-тың қалдықтары бұл рөлді қайта толтыруға тырысады. Алда Израиль қорғаныс күштері аймақтан шығарылған кезде бұл өзекті болмақ. «ХАМАС» бұл кеңістікті өзінің саяси билігін қалпына келтіру және күштерін қайта жасақтау үшін пайдаланады. АҚШ пен Израиль араб елдерінің ортақ ұсынысын қарастырып, бұл оқиғалардың алдын алу үшін қосымша шаралар қабылдауы қажет.
— Израиль мен «ХАМАС» арасындағы соғыстың ұзақ мерзімді салдары қандай болады?
— Келімінің бірінші кезеңінің толық аяқталмай тоқтап қалуы келіссөздердің екінші кезеңіне дейін өз позициясын нығайтқысы келген Израильдің күш көрсетуі болып отыр. Екінші кезеңде Израиль әскері Газадан шығу керек еді. Бұл кешігу бірінші және екінші фазалар арасындағы осал жағдайды бұзуы мүмкін. Бірінші кезең осы аптада аяқталуы тиіс еді, бірақ екінші кезеңде келіссөздер әлі басталған жоқ. Израиль кейінге қалдыру тактикасын қолданып жатыр. Израиль «ХАМАС-ты» жақын болашақта саяси құрылымда көргісі келмейді, ал «ХАМАС» кем дегенде қауіпсіздік саласында қалғысы келеді. Израиль анклавты толық демилитаризациялауды талап етеді. Израиль Газа секторындағы азаматтық бақылауды «ХАМАС-тан» Палестина билігіне беру жоспарын да қолдамайды. Израиль «ХАМАС»-ты жеңе алмады, бірақ Газадағы палестиналықтар бұл топтың билікте қалуына қатысты әртүрлі пікірде. Меніңше, «ХАМАС» енді ешқашан қоғамдағы бұрынғы саяси беделіне ие бола алмайды. Бірақ Газада алдағы кезде «шаң басылып» жағдай тұрақтаса, «Хамастың» жойылмағаны және секторда әлі де белгілі қоғамдық ықпалы бары көрінеді. «Хамас» жауынгерлері Газаны бақылауда ұстап қалғысы келеді. Олар Израильдің оны жоя алмағанын, сонымен бірге қозғалыстың Газаның болашағына вето құқығы болатынын көрсетуге тырысып жатыр. Өйткені Израиль де, Палестина билігі де, халықаралық қауымдастық та қақтығыстан кейінгі басқаруды немесе қауіпсіздікті қамтамасыз етуде «Хамастың» көмегінсіз басқара алмайды деп сендіргісі келеді. «ХАМАС-тың» ойынша, Израиль алға қойған соғыс мақсаттарына жете алмады.
— Бұл қақтығыс аймақтық және жаһандық геосаясатқа қалай әсер етеді? Халықаралық қауымдастықтың араласуы жағдайды тұрақтандыруға әсер ете ала ма?
— Газадағы Израиль мен Хамас соғысы аяқталуға жақын болуы мүмкін. Бұл соғыс Сирия мен Ливанды қоса алғанда Израильдің қолын күшейтіп, Таяу Шығыстың көп бөлігін күрт өзгертті. Әлі күнге дейін күллі аймақ оның афтершоктарын сезініп отыр. Израиль үлкен әскери жетістіктерге қол жеткізді деп мәлімдей алады, бірақ оның Газаға келтірген қирауы Израильдің халықаралық беделіне орасан зор нұқсан келтірді. Бұл аумақта 46 мыңнан астам палестиналық қаза тапты, олардың жартысынан көбі — әйелдер мен балалар. Қанды қырғын араб елдерінің жаппай ашу-ызасын тудырды, мұның ызғары көптеген батыс елдеріне де тарады. Израиль Дональд Трамп кезінде де жалғасатын әскери және саяси қолдау үшін АҚШ-қа қатты сенеді. Бірақ Израильге халықаралық оқшаулануын шектеу үшін еуропалық мемлекеттердің саяси қолдауы мен сауда қатынастары қажет.
— Палестиналық автономияның болашағы қандай? Жаңа мемлекет құру мүмкін бе?
— Израиль Палестина мемлекетін құруды көздейтін кез-келген шешімді қабылдамауды жалғастырады. Израиль «Хамас» қазіргі соғыстан аман қалмайды деп сенеді, ал халықаралық қоғамдастық екі мемлекеттік туралы шешімді қолдауды жалғастыра беруі мүмкін. Палестинаның болашағы өте қиын мәселе. Қақтығыс ондаған жылдарға созылып келеді және әлі созыла беретін сияқты. Израиль мұндай мемлекеттің құрылуына кедергі келтіреді. Байден және басқа президенттер Палестина мемлекеттілігі болады деп уәде берді. Израиль Палестина топтарының шабуылдарынан әдеттегідей қатты қорқады, қауіпсіздіктің тұрақты паранойясы Израильдің сындарлы ойлауына жол бермейді. «Бұл Израильдің қауіпті өршуі тұрақтылыққа әкелмейді, керісінше шиеленіске әкеледі». Израиль уақытпен жарысады, оқиғалардан озып, тарихтың бағытын өзгерткісі келеді, өйткені ол «дос емес» араб елдерімен, исламшыл ойыншылармен қоршалған. Таяу шығыс елдері арасында Израиль әлемдік экономикаға ең етене интеграцияланған. Израиль әлемге өзінің және аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күш екенін дәлелдегісі келеді. Бірақ өз қылтыстарынан қуыстанған Израильлдің оңшыл элитасының алаңдаушылығы кез келген уақытта дағдарысқа әкелуі мүмкін.
Газаны қалпына келтіру ондаған жылдарға созылып, миллиардтаған қаржыны қажет етеді. Араб шығанағы және өзге араб елдері Трамптың қысымымен арнайы қаржы қорын құрып, саяси, экономикалық жобаны ойластырып талқылап жатыр. Халықаралық қауымдастық, соның ішінде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы мен Араб Лигасы, палестиналықтардың ұмтылысын ескеріп, қаржылық және материалдық көмек көрсетуге көмектесу үшін нақты қолдау жоспарын әзірлеуі керек. Араб мемлекеттер палестиналықтардың халықаралық құқығын бұзатын және оларды Газадан күштеп көшіруді жақтайтын ұсыныстарға қарсы.
— ХАМАС пен Палестина автономиясының (ФАТХ) арасындағы қайшылықтар қақтығысты шешуге қалай әсер етеді?
— Меніңше, «Хамастың» рөлі төмендейді, өйткені ұйым әлсіреп, қарсылас альянспен мәмілеге келеді. Иә, әскери, саяси тұрғыдан «Хамас» қатты әлсіреді. Таяу Шығыстағы жағдай күрт өзгерді, күштер тепе-теңдігі тез өзгеріп жатыр. Газа үшін Сирияның әсерін де айтуымыз керек. 2024 жылдың аяғында ХАМАС пен Палестина автономиясының Фатх партиясы соғыстан кейінгі Газа секторын бірлесіп басқару үшін комитет құруға келіскен еді. Бірақ Израиль соғыстан кейінгі Газадағы «Хамастың» кез келген рөлін жоққа шығарады және Фатх ұйымына да суық көзқараста екені белгілі. Кейбір сарапшылар «ХАМАСТАН» кейінгі Газа Үкіметіне ФАТХ-ты тартудан басқа балама жоқ деп санайды.
— Палестиналықтар үшін ең ықтимал саяси және әлеуметтік сценарий қандай?
— Меніңше Израиль тарапы уақытты созып, бірте-бірте палестина мемлекеттілігі жобасын шектеп, еврейлер колонизациясы арқылы Батыс жағалаудан да, Газадан да арабтарды ығыстырады. Уақыт өте Палестина аймағын кеміріп жоқ қылып жіберу саясаты бар сияқты көрінеді өзіме. Трамп пен Нетаньяхудың нақты жоспарларын аныптап айтпады. Меніңше біздер алдағы кезеңде бұл дағдарыстың тез шешілуіне куә бола алмаймыз. Бұл қақтығысты уақытқа жайып созады. Бұл оңшыл орталарда антиамериканизм мен антисемитизмнің таралуына түрткі мүмкін. Араб елдері Газаның қайта құрылысына қаржы салып, ортақ мемлекеттік және қауіпсіздік органдарын құруға көмектесуге дайын. Палестиналықтар үшін ең тиімді сценарий Израильге халықаралық қысымды арттыру, ақпараттық жұмыс, батыс емес елдердің қолдауын алу, келісімге итермелеу, ой майданында күресу.
— Ал Иран, Түркия, Египет, Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттер бұл қақтығыста қандай рөл атқарып отыр?
— Иран алдағы кезеңде шиеленіс себептерінің біріне айналады. Трамптың Иранға қарсы «максимум қысым» саясаты жалғасын тауып, тіпті діни режимді ауыстыру, Иран атом нысандарын бомбылау сценарийлерін қарастырып отыр. Иран — «Хамасты» қолдап келген күш. Иран Израильден Ливанда, Сирияда, Газада жеңіліс тауып шегініс жасады. Иранның ондаған жылдар бойы Израильге нұқсан келтіру мақсатында араб елдерін пайдалануы жоспары тозып іске аспады. Араб елдері Лигасы, әсіресе Египет, Сауд Арабиясы өте белсенді болып, Трамптың Газа ұсынысы аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіретінін, қақтығыстарды көбейтіп, бейбітшілік перспективаларына нұқсан келтіретінін ашық айтты. Палестиналықтарды Мысырға көшіру «Мысырдың ұлттық қауіпсіздігі мен аймағымыздағы араб ұлттық қауіпсіздігінің тұрақсыздығын» білдіретіні айтылды. Түркия да суннет ислам әлемін құруда аса маңызды әскери, саяси күш. Анкара Сириядағы күрдтер, исламшыл топтар, аймақтағы әртүрлі күштермен ойнау тұрғысынан Батыс үшін таптырмас қажетті серіктес.
— Араб елдерінің Палестинаға қолдау көрсетуі нақты қандай деңгейде?
— Египет пен Иордания – АҚШ-тың аймақтағы негізгі одақтастары болса да, Трамптың Газадағы жаппай қоныс аудару туралы ұсынысын қатаң түрде қабылдамады. Араб елдері мен ұйымдары Трамптың Газаны тартып алу және палестиналықтарды көшіру жоспарынан үзілді-кесілді бас тартты. Мысыр, Алжир, Ирак, Ливия және палестиналық «ХАМАС» тобы нақты мәлімдеме жасады. Бұған Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания мен Оман және басқалар, сонымен қатар Араб Лигасы мен Араб шығанағы Ынтымақтастық Кеңесі сияқты бірнеше аймақтық және халықаралық ұйымдар қосылды. Палестинаның бейбітшілікке қарай ілгерілеуі, мемлекеттілік мәселесі, реконструкациясы, қаржыландыру, халықаралық қолдау бойынша араб елдері қолдау көрсетуге дайын.
— Израиль мен араб елдері арасындағы қарым-қатынас қалай өзгереді? Экономикалық санкциялар мен халықаралық қысым қақтығысты тоқтатуға ықпал ете ала ма? Бейбітшілік орнату үшін қандай сценарий аса қажет?
— БҰҰ-ның Палестина мемлекеттілігіне қатысты нақты шешімдері орындалуы қажет. АҚШ қос стандартты араб саясатынан бас тартуы, Палестинадағы құқықтық, тарихи, гуманитарлық, обьективті саясатты қолдауы, одақтасы Израильге аймақ елдерімен бейбіт қатар өмір сүру архитектурасын жобалауы қажет. Ірі жаһандық күштердің, аймақтық күштердің және халықаралық ұйымдар мен донорлардың қатысуымен конференция шақырып, ашық талқылау маңызды.
Палестинадағы жалғасып жатқан өркениетаралық саяси қақтығыстар Таяу Шығыстан тыс аймақтарға да терең әсер етіп, батыс әлеміне тұрақсыздық әкеледі. Бұл, сайып келгенде, Еуропаны қамтитын, Американың беделін нысанаға алатын шиеленісті ушықтырады. Батыс әлемі халықаралық тәртіптің өзгеруіне куә болып, бұрыңғы өтіріктердің ақиқаты ашылады, «бетперделері шешіледі». Бұл қақтығыс батыс елдеріне әлі де ауыр зардаптар әкеледі. Батыстың престижі мен АҚШ-тың беделі мұсылман аймағындағы қос стандарт саясатының нәтижесінде зардап шекті. Батыс әлемі Израиль мен Палестина қақтығысын, ең алдымен, әлемдік ықпалын сақтап қалу үшін бұзу үшін пайдаланады. Сонымен қатар, батыс елдеріндегі мұсылмандардың радикалданып, экстремизмнің таралуымен байланысты. Бейбітшілікке мәжбүрлеу беделді Еуропасыз, бейтарап Америкасыз мүмкін емес, Израиль мен Палестинаның позицияларын жақындастыра алатын заңды принциптерді іске асыруға тырыспай бұл қатынастар өміршең болмайды.