Түркістан облысында азаматтар мүліктері мен табысы бар отбасы мүшелерін жасырып, атаулы әлеуметтік көмек алған. Бұл жөнінде Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Прокуратура әлеуметтік көмек алу үшін нақты табысын және жұмыс істейтін отбасы мүшелерінің санын жасырған азаматтарды анықтады.
Атап айтқанда, Сарыағашта он бір, Келесте алты және Мақтааралда екі отбасы табысын жасырып, мемлекет қаржысынан 4,2 млн теңгені заңсыз иемденген.
Сонымен қатар Келес ауданындағы 13 тұрғын өтініш беру кезінде отбасымен бірге тұратын мүшелерін әдейі жасырған. Осылайша жиынтық табысты төмендетіп, кедейшілік шегінен аспауға тырысқан. Нәтижесінде олар 2,2 млн теңгені заңсыз алған.
Прокуратура аталған факт бойынша уәкілетті органға прокурорлық қадағалау актісі енгізілгенін мәлімдеді.
Айтып өтелік, күздің басында дәл осы Түркістан облысында 86 отбасының атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып, мемлекетке 17 млн теңге шығын келтіргені анықталды.
1 қыркүйектегі есепке сүйенсек, атаулы әлеуметтік көмек 50,3 мың отбасындағы 270,7 мың адамға 21,7 млрд теңге сомасында тағайындалды. Биыл АӘК үшін бюджеттен 110,7 млрд теңге қарастырылған.
Бұған дейін Қазақстанда әлеуметтік көмекті кімдер алатынын жасанды интеллект анықтайтынын жаздық. Белгілі болғаны, жобаның алғашқы кезеңінде ЖИ қабылдаған шешімдер жергілікті атқарушы органдар үшін ұсынымдық сипатта болады.
Фото: Pexels.com

