Түркістан облысында мақта шаруашылығын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін жоба іске асырылады. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Turan арнайы экономикалық аймағында болашақ мақта агроөнеркәсіп кешенінің капсуласын салу рәсімі облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС директоры Сюй Цзенің қатысуымен өтті.
Жобаның құны – 146,8 млрд теңгені құрайды.
Толық циклді тоқыма фабрикасында 11 цех жұмыс істейтін болады. Оның ішінде иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бар. Өндіріс қуаттылығы жылына 13 мың тонна иірілген жіп, 50 млн метр үй тоқымасын, 7 млн жиынтық төсек әбзелдерін құрайды. 2 000-нан астам жұмыс орны құрылады.
Мақта-мата кластерін дамытуға бағытталған өндірістік кешеннің құрылысын Xinjiang Lihua (Group) Co., LTD жүргізеді.
Жобаның маңызды артықшылығы – компанияның Louis Vuitton және Gucci сияқты сән индустриясының алыптарымен тікелей ынтымақтастығы болып отыр.
Болашақта Мade in Turkestan тігін жіптері мен маталары осы брендтерге сатылатын болады.
Түркістан облысында жылына 100 мың га жерге мақта егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады
Айтып өтелік, Түркістан облысы – Қазақстанның мақта өсіретін жалғыз өңірі.
«Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» шеңберінде тоғыз мақта кластерін құру жоспарланған, бұл шитті мақтаның бағасына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Облыс аумағында жыл сайын 100 мың га жерге мақта егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу, қытайлық тәжірибе бойынша мақтаның элиталық сорттарын егу суды, энергияны, ресурстарды тұтынуды оңтайландыруға және өнімділікті 60-65 ц/га дейін арттыруға мүмкіндік береді.
2023 жылы өңірде «Cotton Мақта» ЖШС мақта өңдеу зауытының жобасы іске қосылды. Кәсіпорын заманауи қытайлық құралдармен жабдықталған. Өткен жылы зауыт 40 мың тонна шитті мақта қабылдады.
Сонымен қатар Қытай мен Өзбекстан инвесторларының қатысуымен құны 223,5 млрд теңге болатын екі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
Сурет: pixabay.com