Қазақстан сутегі өндірісіне бет бұруды көздеп отыр. Биылғы қыркүйек айында ҚР сутегі энергетикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.
Осы тұжырымдамада жаңартылатын қуат көздері елдегі энергетика теңгерімінің 6%-ын құрайтыны айтылған. Елдегі табиғи ресурстар сутегі энергетикасын дамытуға негіз болмақ.
Жасыл сутегі – жаңартылатын энергия көздерін пайдаланып өндірілетін, көміртекті шығарындылары жоқ экологиялық таза энергия көзі.
Жасыл сутегі өндірісінің негізгі технологиялары:
- Судың электролизі
Әдісі: суды электр тогының көмегімен сутек пен оттегіге ыдырату
Энергия көзі: жел және күн энергетикасы
Артықшылығы: экологиялық таза, СО₂ шығарындылары жоқ
Кемшілігі: Жоғары құны мен энергия тұтыну деңгейі
- Фотокатализатор қолдану
Әдісі: күн қуатын тікелей қолданып, суды ыдырату
Артықшылығы: төмен өндірістік шығындар
Кемшіліктері: технологияның коммерциялық деңгейде қолдану күрделілігі
- Биологиялық алмасу
Әдісі: микроағзалар арқылы сутегі өндіру
Артықшылығы: төмен энергия шығындары
Кемшілігі: ауқымды өндіріс үшін бұл әдісті жетілдіре түсу қажет
Қазақстанда сутегі энергетикасын дамыту экологиялық таза технологияларға көшуге және экономиканың әртүрлі секторларын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік саясат, инвестициялар және халықаралық серіктестік арқылы Қазақстан әлемдік сутегі энергетикасы нарығындағы жетекші елдер қатарында орын алуға мүдделі болып отыр.
Маңғыстауда жалпы қуаты 40 ГВт болатын күн және жел станцияларын салу жоспарланған. Бұған Германия инвестиция салғалы отыр. 2023 жылы ауқымды жобаны Svevind Energy Group компаниясы қолға алды. Маңғыстау облысының Қарақия ауданында «жасыл» сутегі өндіретін зауыт салынады.
Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельдің былтыр Қазақстанға жасаған сапары барысында инвестициялық келісімге қол қойылған. Соған сәйкес алдын ала жобалау-іздестіру жұмыстары (Pre-FEED) жүргізіле бастады. 2023 жылдың маусым айында Германия Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер бұрғылау жұмысын қосуға арналған шараға қатысты.
Былтыр Svevind Energy Group компаниясының бас директоры Вольфганг Кропп Қазақстан Президентіне жобалық құжаттаманы жасақтау 2026 жылы аяқталатынын айтты.
Жоба аясында су тұшыту зауытын, 40 гигаваттық жел, күн станцияларын, қуаты 20ГВт болатын әрі жылына 2 миллион тонна «жасыл» сутегін немесе 11 миллион тонна «жасыл» аммиак өндіре алатын суды электролиздеу қондырғысын іске қосу көзделген. Инвестицияның көлемі 50 миллиард еуро шамасында.
ENERGY MONITOR телеграм арнасындағы мәлімет бойынша алып нысан жаһандық ең ірі 20 индустриялық жобаның қатарына енді. Жоспар бойынша өңірде әлемдегі ең ірі зауыт салынады.
«Жасыл» сутегі болашақтың энергия тасымалдаушысы деп аталады. Алайда оны өндіру мен тасымалдау өте қымбатқа түседі. Егер бәрі жоспарға сай болса, жеті жылдан кейін Құрық маңындағы өндірістік кешен іске қосылып, 2032 жылы жобалық қуатына жетеді. Зауыт жылына 2 миллион тоннаға дейін «жасыл» сутегін өндіруге қауқарлы болады. Егер шикізат сараптамадан өтсе, Еуропа үшін Қазақстан жаңа дәліз ашады. Сонымен, Маңғыстаудағы жаңартылған қуат көздері 2032 жылы іске қосылмақ.
Қазіргі уақытта Германия сутегі импортына көңіл бөле бастады. 2030 жылы ГФР-дың сутегіге деген жылдық сұранысы 95-тен 130 терават-сағатқа дейін ұлғаюы мүмкін. Қарапайым есеппен түсіндірсек, бұл шамамен 9,5-13 миллиард текше метр табиғи газ көлеміне сәйкес келеді. Германия сутегіге деген сұраныстың 50-70%-ы импорт есебінен жабылады деп көрсетеді. 2030 жылдан кейін мемлекет сутегі импортына тіпті мұқтаж бола түспек.
Берлин импорт көлемінің ғаламат болуы мүмкін екенін жасырмайды. Сондықтан Ресейден көгілдір отын алып отырған Германия сутегі тасымалының басқа жолдарын қарастырып отыр. 24 шілде күні Германия үкіметі «Сутегі мен сутегі туындыларын импорттау стратегиялары» атты құжатты бекітті. Экономика және климатты қорғау министрі Роберт Хабек бұл құжат шетелдік әріптестерге емеурін деген пікірді тұжырымдаған.
2032 жылға қарай жеке компаниялар Германияда жалпы ұзындығы 10 000 километрге жуық сутегі құбырларының негізгі желісін құруды көздеп отыр. Оның шамамен 40%-ы H2-ні тасымалдау үшін арнайы салынады. Ал 60%-ы жаңа шикізатты тасымалдайтын қолданыстағы газ құбырлары болады.
Осы ретте Германия Қазақстанға серіктес ретінде сенім артып отыр. Стратегиялық құжатта Еуроодақ аумағынан тыс жатқан 40 елдің тізімі берілген. Оның қатарына Қазақстан енген. Орталық Азия елінің батысындағы, яғни Каспий теңізінің жағалауындағы Маңғыстау түбегі Берлин үшін «жасыл энергия» көзі болғалы тұр.
Нұртай ТЕКЕБАЙ
фото;