Су тасқыны кезінде ескерілмеген түйткілдер

БҚО-дағы қызыл су елді әбігерге салып жатыр. Әсіресе, Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылының тұрғындары зардап шекті. Жақсыбай Ресеймен шекаралас жатқан ауыл. Ауыл ортасында су қоймасы бар. Қар күрт еріген соң, жылға-жыра арқылы қар еріп, қоймадағы су тасыған. Содан 97 үйге су кірді. 645 адам көшірілді.  Мал шығынына келсек, 3 сәуір күнгі ақпарат бойынша 1 жылқы, 68 қой-ешкі, 39 сиыр өлді. Ауылда жалпы 282 үй бар. Су апаты Қаратөбе ауданының Шалғын ауылында басталды. Шиелі өзені тасып, 29 үйге су құйылды. Мектебінің жалғамалы ғимараты жарамсыз боп қалды. Облыс бойынша бес аудандағы жағдай қауырт.

Осыған байланысты бірнеше мәселе көрініс тауып жатқанын саралап көрейік.

1) Ауыл тұрғындары қар күрт еріп, әбігерге салады деп күтпеді. Жақсыбай — ылдида орналасқан ауыл. Сай-салалы жердегі елді мекендер өте қырағы болуы керек. Тіпті кезекшілік қойып, қарауылдау артық етпейді.

2) Күтпеген жағдайға байланысты дер кезінде шешім қабылдау оңай емес. Техника мен жұмыс күші жетіспеуде. Төтенше жағдай департаментіне қарасты екі-ақ тікұшақ бар екен. Қазіргі уақытта Маңғыстау, Атырау облыстарынан жасақтар тартылуда. Яғни апатқа қарсы күштерді тартуға мұқтаждық туындауда.

3) Жергілікті автожолдарды су жырып кетті. Жол құрылысына байланысты түйткілдерді  түбегейлі сараптау қажет. Тіпті республикалық трассаны су шайып кете жаздады. Жоласты құбырларды көбейту, оларды тазалау маңызды.

4) Сай-салаға құйылып жатқан су қорын ұстап қалуға байланысты нақты қандай шаралар жүргізіледі. Оған қатысты нақты жауап айтылмады. Тіпті жергілікті жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге дайын емес секілді.

5) Ауыл әкімдіктеріне тиесілі техника база мүлдем жоқ. Өкінішке орай, тоқсаныншы жылдары МТМ-лар түгел тоналды. Кеңестік тәжірибені қайта жандандыру керек деген ойдамын. Әр ауыл әкімдігіне арнайы техника өте қажет. Әсіресе, қыста қар аршу, көктемгі-күзгі лайсаңда жол тегістеу, жазғы маусымда өрт сөндіру техникасыз бітпейді. Ауыл әкімдері шаруа қожалықтарына жүгінуге мәжбүр.

Әлбетте, мәселенің анық-қанығын әбігерге түскен жасақтар, ауыл әкімдіктері жақсы біледі. Бірақ жабулы қазан жабулы күйінде қала беретіні бар. Сондықтан жауапты құрылымдар түйткілдердің барлығын ашық көрсетіп, халыққа есеп бергені дұрыс.

Нұртай ТЕКЕБАЙ

Суретте БҚО, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылы

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий