2024 жылдың көктемінде болған су тасқыны Қазақстан үшін зардабы зор болды. Осыған байланысты төтенше жағдай жарияланған өңірлердің экономикалық көрсеткіштеріне шолу жасаймыз.
Елімізде 2024 жылы жалпы алғанда су тасқыны салдарынан 224 елді мекен, 17 603 тұрғын үй зардап шекті. Барлық бүлінген нысанға техникалық тексеру жүргізілді. Биылғы су тасқыны 120 мыңнан астам адамның өміріне әсер етті. Мемлекет баспанасыз қалғандар үшін эвакуациялық пункттер ұйымдастырды, 34 мыңнан астам адам 12,6 млрд теңгеге 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде біржолғы төлем алды. Бұдан басқа шамамен 21 880 отбасына 10 млрд теңге көлемінде (әрқайсысына 150 АЕК есебінде) материалдық залал өтелді.
Атырау «қызыл аймақта» қалды
Су тасқыны салдарынан әсіресе Ақмола, СҚО, Палодар, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, БҚО, Ақтөбе облыстары айтарлықтай зардап шекті. Құрылыс, инвестиция, өнерәсіп және ауыл шаруашылығы салаларының даму қарқыны баяулады. Кейбір өңір әсіресе солтүстіктегі облыстар ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай оң өсім көрсеткенімен, өңдеу және құрылыс салаларында 2023 жылмен салыстырғанда керісінше төмен нәтиже көрсетті.
Су тасқыны кезінде әсіресе Батыс аймақтағы өңірлер экономикалық тұрғыда айтарлықтай үлкен соққы алғанын аңғаруға болады. Мәселен, Атырау облысы көптеген экономикалық индикатор бойынша қызыл аймаққа кіріп, даму көрсеткіші тежелді. Сонымен қатар Маңғыстау мен Батыс Қазақстанда инвестиция, құрылыс салаларының тоқырағаны байқалады.
Өңірлер орталық бюджет демеуіне мұқтаж
Елімізде су басқан өңірлердің ішінде Атырау облысы ғана – донор өңір, ал қалған аймақтар керісінше оралық бюджеттен көмек (субвенция) алды. Жоғарыдағы кестедегі өңірлер республикалық бюджеттен өз өңірлеріне жалпы 2,1 трлн теңге субвенция алған. Субвенцияның көп мөлшері әсіресе солтүстік аймақтағы облыстарға тиесілі. Мәселен, орталықтан Ақмола 355 млрд, Қарағанды 323 млрд, Қостанай 319 млрд және Солтүстік Қазақстан облысы 317 млрд теңге көмек алды.
- Ауыл шаруашылығына әсері
Төтенше жағдай кезінде көптеген егін алқаптары судың астында қалды. Мал шаруашылығына тиесілі орындар қирап, жем-шөптің мөлшері азайды. Мұның салдары азық-түлік қорының азайып, бағаның өсуіне алып келді.
Су тасқыны егістік алқаптарының өнімділігіне кері әсер етті. Мыңдаған мал қырылды. Мысалы, 2024 жылы Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарында 8 мыңға жуық мал өлді. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне ауыл шаруашылығы дақылдары мен суға кеткен жануарлар шығынын өтеу үшін шамамен 3,15 млрд теңге бөлінді.
- Инфрақұрылым
Табиғи апат кезінде көптеген жолдар, көпірлер, су жүйелері бұзылды. Бұл көлік қатынасына әсер етті және экономиканың кейбір секторының құлдырауына алып келді. Биыл Үкімет резервінен 42,5 млрд теңге бөлінді. Оның 400 млн теңгесі зардап шеккен отбасыларға Қостанай облысының Арқалық қаласынан 31 пәтер сатып алуға бағытталды. 1,4 млрд теңге – Қостанай облысының Арқалық қаласындағы, Амангелді және Жангелді аудандарындағы «Қостанайюжэлектросервис» КМК электр желілерін қалпына келтіруге, 1,1 млрд теңге – Батыс Қазақстан облысындағы жоғары вольтты электр желілерін күрделі жөндеуге; 22,7 млрд теңге – Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жол инфрақұрылымын қалпына келтіруге жұмсалды.
Сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарында білім беру нысандарын салуға және жөндеу жұмысына – 7,5 млрд теңге, Солтүстік Қазақстан облысында инженерлік инфрақұрылым жобасын іске асыруға, атап айтқанда, Петропавл қаласының Универсальная көшесі бойында «РТЖ» ААҚ темір жолдары арқылы өтетін автожол өткелін салуға – 2,9 млрд теңге бөлінді. 600 млн теңге – Ақмола облысында 7 сумен жабдықтау нысанын жөндеуге, 5,9 млрд теңге – Атырау облысындағы жолдарды қалпына келтіруге бағытталды.
- Кәсіпорындарға экономикалық соққы
Су тасқыны кезінде көптеген кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл жағдай жұмыссыздықтың белең аулуына, халық табысының азаюына әсер етті. ШОБ субъектілеріне келтірілген залалды өтеу үшін 12,1 млрд теңге бөлінді. Зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілеріне толық төлем жасау мақсатында «Демеу» корпоративтік қорынан Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына 2,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталды. Аталған қаражат есебінен ШОБ субъектілерінің 40 өтініші бойынша шығын өтелді. Жалпы өңірлік комиссиялар 14,6 млрд теңгеге 734 кәсіпкерлік өтінімді мақұлдады.
- Мемлекеттік шығындардың өсуі
Су тасқынынан кейін зардапты жойып, жағдайды оңалту үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлінді. Былтыр үкімет резервінен 42,5 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек көптеген компаниялар мен ауқатты кәсіпкерлер көмек көрсетті.
Үкімет су тасқынын алдын алу үшін қандай шараларды қабылдау керек?
Су тасқынын алдын алу шаралары маңызды рөл атқарады. Өзен-көлдер мен су арналарының жағдайын бақылау үшін гидротехникалық құрылыстар салу қажет. Бөгеттер, дамбалар және су қоймалары сияқты инженерлік нысандар су ағысын реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар табиғи тосқауылдарды қорғау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Судың табиғи ағуын қамтамасыз ету үшін жерді тиімді пайдалану да аса маңызды. Қала құрылысы мен ауыл шаруашылығын дұрыс жоспарлау, су тасқыны қаупі жоғары аймақтарға құрылыс салуға шектеу қою – бұл алдын алу жұмыстарының басты шарттары.
Су тасқынының алдын алудың тағы бір маңызды аспектісі – мониторинг және ерте ескерту жүйелері. Гидрометеорологиялық бақылау орнату арқылы өзен деңгейін, жауын-шашын мөлшерін және топырақтың ылғалдылығын тұрақты қадағалау қажет. Сонымен қатар қазіргі заманғы технологияларды пайдаланып, тұрғындарды уақытында хабардар ететін ерте ескерту жүйелерін енгізу керек.
Төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру да – басты міндеттердің бірі. Халыққа су тасқыны кезінде қалай әрекет ету керектігін түсіндіру, эвакуация жоспарларын әзірлеу және инфрақұрылымды нығайту арқылы адам шығынын азайтуға болады. Мектептер, ауруханалар және маңызды мемлекеттік мекемелер тасқыннан қорғалуы керек.
Су тасқынының алдын алуға бағытталған бұл кешенді шаралар – мемлекет үшін стратегиялық міндет. Табиғатпен күресудің ең тиімді жолы – оны дұрыс түсініп, алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру. Халықтың қауіпсіздігі мен елдің тұрақтылығы үшін үкімет бұл мәселеге әрдайым назар аударуы қажет.
2024 жылғы су тасқыны Қазақстанның экономикалық жағдайына айтарлықтай әсер етті. Ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылым салаларында үлкен шығындар болды. Дегенмен, үкіметтің қалпына келтіру шаралары мен әлеуметтік көмек бағдарламалары арқылы зардап шеккен аймақтардың экономикасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Нұрсұлтан Ерболатұлы
фото: ТЖМ