Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Аңқаты ауылы қарғын судан күрделі жағдайға душар болды. Даладан келген топан су көп үйді басып, тұрғындарды эвакуациялауға мәжбүр етті. Қазір олар мал-мүлкін суға кеткен үйлерінде тастап, жергілікті интернатқа уақытша қоныстанды. Малды да эвакуациялау жұмыстарына қарамастан, төрт түлік шығыны бар.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, 26 наурыз күні кешке су келе бастап, таңға дейін су деңгейі үйлердің терезесіне жеткен. Төтенше жағдай қызметі ауыл ішіндегі қарғын судың деңгейін түсіру үшін су жолына бөгет болған тас жолды жырады. Алайда бұл шешім басқа елді мекендер үшін жағдайды қиындатты. Өйткені жол Аңқаты ауылын ғана емес, сонымен қатар Сарыөмір, Сатымшеген, Бозай ауылдарын қаламен байланыстырады.
Су тасқынынан кейінгі алғашқы күндері ТЖД қызметкерлері жырылған жолдан адамдарды қайықпен өткізіп отырды. Қазір бұл аймақта тұрақты және қауіпсіз байланыс орнату үшін жаяу жүргіншілер көпірі орнатылған.
Біз оқиға орнына жеткенде Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова ауыл азаматтарымен ауылға келген суды ескі канал арқылы Шалқар көліне жіберу барысын талқылап тұр екен. Көп жыл су жүрмеген канал әбден бітелген. Сол арнаны қалпына келтірудің тиімді жолдарын іздеуде.
Ауыл тұрғындары болған жағдайды баяндап, апаттың ауқымын әңгімелеп берді.
-Су келгенде үйде адам болмады. Құжаттарымды жаңа ғана алып шықтым, шкафтың үстінде қалып су тимеген екен. Жиырма бес қойым өлді, оның ішінде пышаққа ілінгені болды. Ірі-қараны ауыл мен көрші ауыл тұрғындарының көмегімен шығарып үлгердік. Бірақ көршімнің екі сиыры пышаққа ілінді, — деп ауыл тұрғыны Нұршат Ниязов зардапқа қайғырып тұр.
«Құжаттарымыздан басқа ештеңе шығарып үлгерген жоқпыз. Малдарымызды шығаруға құтқарушылар көмектесті. Малдан шығын бәрінде де бар. Бұзау, қошақан, қой суға тұншығып қалды. Балалар интернатын әзірлеп, осы жерге орналастырды. Бұл жерде бәрі жеткілікті. Еліміздің азаматтары, көрші ауыл тұрғындары, жастар, ерікті азаматтар жәрдемдесіп жатыр. «Айсұлу» қожалығы құтқару техникасына жанар-жағармай, малымызға тұратын аула беріп, қызметшілері малымызды қарасып жатыр. Барлығына да алғыс айтамыз. Зардап шығыны әділ есептеліп, көмек болады деген ойдамыз», — деді ауыл тұрғыны Жүсіп Ғали.
Аңқаты тұрғындары мұндай ауқымды су тасқыны ауыл тарихында болмағанын айтады. Осындай табиғи апаттың себептері жергілікті халық үшін түсініксіз, себебі қыста қар мөлшері айтарлықтай көп болмаған. Олар осы қиын кезеңде бір-біріне көмектесіп, су тасқынының салдарын жоюға белсене ат салысып жатыр.
Апат болған жерде көрші ауылдардың тұрғындары, қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге көмектесуге дайын еріктілер жүр. Сонымен қатар, оқиға орнында зардап шеккендерге көмек көрсетуге және қоғамдық инфрақұрылымды қалпына келтіруге бағытталған түрлі гуманитарлық көмек келіп жатырғаны байқалады.
Қазіргі уақытта ауылға келген су деңгейін түсіру жұмыстары жалғасуда. Су тасқынынан келген зардап шығыны әлі есептелмеген. Жергілікті билік пен ТЖМ қызметтері қажетті көмек көрсету үшін халықпен белсенді қарым-қатынас жасауда.
Аңқаты ауылындағы жағдай біздің назарымызда. Редакция алдағы уақытта оқиғаға байланысты ақпарат пен сараптамалық материалдар жариялайды.
Азамат Хамза,
sarapshy.info