Шымкент қаласындағы «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл жөнінде Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-ындағы мемлекет үлесі 20% болған. Кәсіпорын нысандарын қайтарумен қала әкімдігі шұғылданады.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты тиісті шешім шығарған. ҚМА департаменті компания күмәнді қаржы операцияларын жүргізгенін анықтаған. Қаржыны тиімсіз жұмсағаны да белгілі болды.
Қала әкімдігі су беру тарифі 30%-ға төмендейді деп мәлімдеген.
Kursiv Media жариялаған дерек бойынша компанияның Еуропалық даму және қайта құру банкіне 12 млрд теңге қарызы бар. «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС бас директоры Анарбек Орман қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кәсіпорынды мемлекетке қайтару жөнінде бастама көтергенін, мұны рейдерлік әрекет деп санайтынын мәлімдеген.
Қаржы мониторингі агенттігі ЖШС-ның серіктес ұйымдармен қолға қаржы айналымы күмәнді деректер бар деп есептейді. Компания Су кодексі талаптарын бұзған.
«Су ресурстары – Маркетинг» 1998 жылы құрылған. Кәсіпорын сайтында 2022 жылы ЕДБ-дан 3,250 млрд теңге көлемінде несие алғаны жөнінде хабарлаған.
фото: wrm.kz