Шымкенттің Бозарық-3 шағынауданында тұратын ондаған отбасы сусыз, газсыз, жолсыз өмір сүріп жатыр. Өмір сүріп деген аты ғана, өлместің күнін кешіп келеді. Олар он шақты жыл бұрын жер сатып алып, шама-шарқы жеткенше үй тұрғызып, қоныстанған. Отын-су әні-міні кеп қалады деп үміт үзбей жүргенде 2 жыл бұрын қаланың бас жоспары өзгеріп, бұл жерден магистральды жол өтіп, көпқабатты үйлер түсетін боп шешіліпті. Жүздеген үй қызыл сызыққа ілініп, үміт үзілуге таяды.
«Тат басқан судан балаларымның іші жиі ауырады»
Құттықыз Исахова – жалғызбасты ана. Күйеуі екеуі бар жиған-тергенін қосып, жетпегеніне несие алып, 2017 жылы жер үй тұрғызған. 2019 жылы ішкі әрлеуін бітіріп, көшіп келеді. Өкінішке қарай, бір жылдан кейін күйеуі өмірден озған. Бүгінде екі баласын асырап жеткізу үшін өзі тырмысып келеді.
Ағаш жарып, көмір тасып, пеш жағады. Айына бір рет цистернамен су алдырып, темір бөшке мен эмульсиядан босаған шелектерге толтырып су құйып алады. Әр шақыртқан сайын қыста 5 мың теңге, ал жазда айына 2 рет шақыртқан соң 10 мың төлейді.
«Біз тұратын «Бозарық-3» шағынауданында су мәселесі өте қиын. Өзімнің, балалардың кірлеген киімін аптасына бір рет қолмен жуамын. Ал балаларды бірінші аптада шомылдырамын, екінші аптада тек басын жуамын. Себебі суды үнемдеуім керек», – деді Құттығыз.
Ол темір бөшкеде тат басып тұратын су балалардың денсаулығына зиян тигізіп жатқанын айтты.
«Жаздың аптап ыстығында бөшкеде тұрған су құрттап кетеді. Амал жоқ, құрттаса да, қайнатып ішеміз. Ал қыстың аязды күндері су қатып, ақпай қалады. Төбесіне шығып, мұзын ойып, құйып аламыз. Балаларымның іші жиі ауырады, паразит пайда болып, үлкен нәжісінен майда құрт шығады. Екі аптада бір рет балалар ауруханасына барамыз.
Мүмкіндігінше, суды қайнатып, тұндырып беремін. Бірақ ойын баласы емес пе, далада ойнап жүріп, жүгіріп, бөшкеден ішіп кете салады. Мен оны білмей қаламын. Сосын олар ауырып қалады. Дәрі-дәрмекке де көп ақша кетеді. Бірін сатып алсам, бірін ала алмай қаламын. Тот басқан судан өзімнің де асқазаным жиі ауырады», – деді ол.
Құттықыз балаларының үйден айран-сүт ішкенін қалап, екі сиыр сатып алып, бағып көрген. Бозарықтың жері жайылымға қолайлы-ақ жер. Бірақ су тапшы болып, екі сиырға да су жеткізе алмай, қайта сатып жіберуіне тура келіпті.
Құттықыздың ауласындағы бөшкеге 3 тонна су сыяды. Ал цистерна көлігімен 7 тонна су келеді. Сондықтан артылған суды эмульсиядан босаған шелектерге құйдырып алады. Сол шелектегі су он шақты күн пайдалануға жетеді.
«Бізге тек ауызсу мәселесі шешілсе болды. Бұл жердегі үйлер қаланың бас жоспарына сәйкес 2035 жылға дейін сүріледі дейді. Оған дейін әбіржіп отырғымыз келмейді».
«Су таситын жүк көлігін қыста 1 рет, жазда 2-3 рет шақырамыз»
Апалы-сіңлілі Жанна мен Әтіркүл Жұмабаеваның анасы дүниеден ерте озып, Солтүстік Қазақстанда тұратын нағашы әжесінің қолында өскен.
2008 жылдың аяғында Шымкентке көшіп келіп, ортадан ақша жинап, 2012 жылы осы жер телімін сатып алады. Іргетасын қалап, жылдар бойы құрылысын жүргізіп, төрт жыл бұрын жаңа үйге кіріп, қуанған. Су мен газ, жарық пен жол әні-міні келеді деп жүргенде, қуаныштары ұзаққа бармай, қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіліп, бұл үйлер қызыл сызық бойында салынған боп шыға келеді.
«Бала кезде ауылға, ата-апамыздың үйіне барғанда бір-бірімізге су шашып ойнайтын едік. Сол кезде апам «судың да сұрауы бар» деп айтушы еді. Сол сөз қазір есіме түседі», – дейді Әтіргүл.
Әтіргүлдің үш баласы бар. Көмір жағатын үйдің іші қыста суық, балалар кішкентай болған соң көпқабатты үйде тұратын туысының пәтеріне барып, балаларын шомылдырып келетінін айтады.
«Су – тіршілік көзі ғой. Суды бөшкеге құйдырып, тасып ішіп жатырмыз. Қазіргідей лай-жаңбырда киім тез кір болады. Оның бәрін жуу керек, ыдыс-аяқ жуу керек, өзіміз жуынуымыз керек. 4 жылдан бері жағдайымызды айтып, су сұрап, қайда бармадық. 2024 жылы барлық коммуналдық қызмет келеді деген. Соған сеніп отырдық. Енді қызыл сызық жайлы айтыла бастады.
Су таситын жүк көлігін қыста 1, жазда 2-3 рет шақырамыз. Себебі жазда су тез айниды, бұзылады. Әрі су шығыны да көп. Бізде су құятын бөшке бар. Бөшкесі жоқ, алыстан тасып немесе баклашкаларға толтырып жүрген отбасылар да бар. Суды тефаль шәйнекте немесе ысытқышпен ысытамыз.
Кірді басында қолмен, сосын жартылай автомат кір жуғыш машинамен жуатын едік. Ютубтан қарап, кір жуғыш машинаға мотор жалғап, бөшкеден су тартып, кір жууға болатынын білдік. Қазір солай жуамыз», – деді мотор жалғанған кір жуғыш машинасын көрсеткен Жанна.
Әтіргүлдің балаларының іші жиі ауырып, Асардағы балалар ауруханасына жиі барады екен.
«Қызым ауырып, мектепке бара алмай қалады. Апайы «емдемейсіңдер ме?» дейді. Ай сайын емдеп жатырмыз. Өзіміздің белден бел қалмады. Тек су емес, көмірді де тасимыз. Күлін шығарамыз, – деді Әтіргүл.
«Немереме «киімді кірлетпей ойнаңдар» деп айтып отырамын»
57 жастағы Айжан Қуанышбекова ұлы, келіні, немерелерімен бірге бұл үйде тұрып жатқанына екі жыл болды.
Суды көршілері сияқты бөшкеге емес, 5 литрлік пластикалық бөтелкелерге, құйып алады. Сондықтан да су жеткізетіндерді жиі шақырады.
«Балам мен келінім жұмыста болған соң өзім су тасимын, от жағамын. 21-ғасыр ғой, мына заманда жасы келген адамға осындай өмір сүрген өте қиын. Ауыр көтерген соң белің де ауырады. Кір киімдерді қалаға барсақ, алып кетеміз, бармасақ, үйде қолмен жуамыз. 2035 жылға дейін үйлеріңіз сүріледі дейді. Сонда 10 жыл сусыз, табиғи газсыз отыра беру қиын ғой. Не істерімізді білмейміз» деп қысқа қайырды.
«Қыста бөшкеде мұз боп қатқан суды ерітіп іштік»
Эльмира Орынбаеваның бес баласы бар. 4-5 жылдай салған үйіне бес жыл бұрын көшіп келген.
«3,5 тонналық бөшкеміз бар. Соған су алдырып, құйып аламыз. 3 балам мектеп жасында. Күн салқында білінбейді. Күн ыстықта айына 3-4 бөшке алдыруымыз керек. Бір бөшке – 4,5 мың теңге. Қыста мұз болып қатып қалады. Төбесінен ойып, мұзды ерітіп ішіп шықтық. Күйеуім 3-4 айлап Ресейге барып, жұмыс істеп келеді. Бір тамшы судың өзі қымбат болып тұр. Балаларға төкпе, беті-қолдарыңды жуғанға аз пайдаланыңдар деп айтып отырамын» – деді Эльмира.
Эльмира да балаларының жиі аскарида болатынын, 2-3 ай сайын дәрі алып беретінін, іші ауырып, беттеріне майда жара шығып кететінін айтты.
Инфрақұрылым келу үшін бірінші тұрғындардың құжаттары түгелденіп, қызық сызық мәселесі шешілуі керек. Тұрғындармен кездесуге келген Шымкент қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Азизбек Әжіметовтен бұл мәселе енді қалай шешілетінін сұрағанымызда, ол: «Бас жоспар бекітілгеннен кейін бұл ғана емес, біраз шағынауданда түсініспеушілік туындап жатыр. Алдағы уақытта бұл адамдардың құжаттарының түбірін зерделеп, осы мәселесі бойынша барлық амалын қарастырамыз», – деді.
Осылайша Қазақстанның үшінші мегаполисі саналатын Шымкенттегі Бозарық-3 шағынауданының тұрғындары бес-алты жылдан бері сапалы ауыз судың жоғынан жапа шегіп жатыр. Әсіресе әйелдер мен балалар. Мұның қанша жылға дейін жалғасатыны Шымкент әкімдігінің қашан қарастырып, қандай шешім қабылдайтынына қарап отыр.
Beineprokz шығармашылық тобы