Қаланың қақ ортасында «103» нөмірін тергеннен кейін телефонға телміріп, есікке қарай-қарай көзіміз талатын кезіміз көп. Ал ауылдағы жағдай бұдан да күрделі. Шалғайдағы жұрттың «ауырып қалсақ, алдымен Аллаға, сосын көршінің көлігіне сенеміз» деуі де тегін емес. Өйткені шалғай елді мекендерде тұратын жұртқа әлі де медициналық қызмет қолжетімсіз.
Алматы облысындағы Кеген ауданына қарасты Алғабас ауылының тұрғындары соңғы бір-екі жылда жедел жәрдемсіз қалған. Көненің көзінен қалған «УАЗ» көлігінің есігі қирап, ақыр аяғы мүлдем тоқтады. Қазіргі кезде жедел жәрдем көлігі Алғабастағы науқасты 25 шақырым жердегі көрші Жалаңаш ауылына дейін алып барып, ары қарай аудан орталығы – Кегенге жол тартады. Ауылдан аудан орталығына дейінгі аралық жүз шақырымға жуық. Аудандағы Қарабұлақ ауылы да осы күйді кешіп отыр екен. Көлсайға баратын жолдың бойында орналасқан елді мекенде жүз шақты ғана түтін қалған. «Халық азайған сайын медициналық қызметке көңіл бөлінбей кетті қалды» дейді тұрғындар.
Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Ерназар ауылында дәрігер түгілі, медпункт те жоқ. Жедел жәрдемді шақырса, бұл ауылға да көлік аудан орталығынан немесе қаладан келеді. Бірақ жолдың жағдайына байланысты кейде шақырған жедел жәрдем көлігі 2-3 сағат кешігіп жетсе, кейде мүлде келе алмай қалатын кездері де болады.
«Осындай кезде науқасты ауыл адамдары арбамен трассаға жеткізіп, сонда күтуге мәжбүр», – дейді жергілікті тұрғындар.
Атырау облысындағы Ескене ауылының халқы да денсаулық сақтау жүйесінен мүлде қол үзіп қалғанын айтады. 270-тей ғана тұрғыны бар елді мекенде жалғыз фельдшер зейнетке шыққаннан кейін оның орнында қалатын маман табылмапты. Сұмдығы, ауылда медициналық пунктке арналған арнайы ғимарат та жоқ болып шықты.
«Қазір екпе салатын да адам жоқ. Науқастар Мақатқа немесе Доссорға баруға мәжбүр. Көлігі жоқтар мүлде қиналып отыр. Ал барған күннің өзінде «порталға тіркелу керек» деп, ем-дом алуды созып жібереді. Сонда Ескененің халқы қайда бармақ?!» деп ашынады бұл ауылдың тұрғындары.
Бұл бір-екі мысал ғана. Әйтпегенде елдің әр жерінде өлместің күйін кешіп, жедел жәрдем қызметінен күдер үзген мұндай ауылдар әлі де көп. Дегенмен кейбір ауылдарда мемлекет тарапынан жаңа медициналық нысандар салынып, жедел жәрдем көліктері біртіндеп жаңартылып келеді. Мысалы, Абай облысының Ақсуат ауданында соңғы жылдары тоғыз жаңа медицина мекемесі пайдалануға берілген. Алайда тұрғындар мемлекет беріп отырған көмектің өзі қолжетімсіз болып жатқанын жеткізді. Ауыл тұрғындарының сөзінше, «103» қоңырауы алдымен облыс орталығына түседі, одан ауданға жолданады. Осы аралықта көп уақыт жоғалады екен. «Бұрындары аудан осындай кездері өзі жедел шешім қабылдайтын еді. Жүйені қайтадан ауданға қайтару қажет», дейді жергілікті жұрт.

Қалалық жерде медқызмет шұғыл көрсетілетініне аз да болса үміт бар. Бригада кешігіп келсе де, көмек көрсетіледі. Ал шалғай ауылдағы медициналық көмектің түрі осы. Сырқатқа шалдыққан қария да, ыстығы көтерілген сәби де амалсыздан көрші көлігін күтеді немесе дәріні өз бетінше іздейді.
Жедел медициналық жәрдем – денсаулық сақтау жүйесінің ең маңызды тетігі. Өйткені алғашқы минуттарда көрсетілген көмек адам өмірін сақтап қалудың шешуші факторы саналады. Әлемдік тәжірибеде жедел жәрдемнің қолжетімділігі мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығы мен халықтың өмір сапасын айқындайтын көрсеткіштердің бірі болып отыр. Өкінішке қарай, елімізде, әсіресе, ауылдық жерлерде жолдың алыстығы, инфрақұрылым мен маман тапшылығы дер кезінде көмек алу мүмкіндігін шектеп отыр.
Десе де Денсаулық сақтау министрлігі бұл олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекеттік бағдарлама іске қосып, арасында заңға түзету енгізіп, жиілетіп жаңа бұйрық шығарып жататыны бар.
Министрліктің дерегінше, қазір ауылдық елді мекендерде 866 фельдшерлік-акушерлік, 2622 медициналық пункт, 1229 дәрігерлік амбулатория және 4 ауылдық емхана бар. Былтырғы есеп бойынша ауылдарда 2 015 015 науқас созылмалы аурумен динамикалық байқауда тұр. Ал Қазақстан халқының шамамен 41%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Соның ішінде ауыл тұрғындарының басым көпшілігі, әлгінде айтылғандай, зейнет жасындағы қариялар мен жас балалар. Ауылдағы жедел жәрдемнің қазіргі ахуалын министрлік кадр тапшылығымен байланыстырады. Министрліктің былтырғы есебіне сай елдегі ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарында 14 747,5 дәрігер мен 42 225 орта буын қызметкер жұмыс істейді. Ондағы дәрігерлердің тапшылығы 7,28 %, ал орта буындағы мамандардың жетіспеушілігі 2,17%-ы құрайды. Дегенмен бұл 2023 жылмен салыстырғанда азайған. Тіпті бұл көрсеткішті олар Қазақстандағы дәрігерлер мен орта буын қызметкерлерімен қамтамасыз етілу деңгейі халықаралық ұйымдардың, соның ішінде ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен жоғары екенін атап өтуге тұрады деп көрсетеді.

Ауылдық елді мекендерде жедел жәрдем қызметі көбіне жергілікті медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар арқылы көрсетіледі. Жағдай күрделене түскенде аудандық немесе облыстық жедел жәрдем стансаларынан бригадалар шақырылады екен. Кей өңірлерде санитарлық автокөліктер пайдаланылады, ал ауыр жағдайларда медавиацияға жүгінуге тура келеді. Енді осы республикадағы ауылдық аймақтарда 2479 санитарлық автокөлік бар десек, соның 36,8 %-ы, яғни 913-і тұрақты қызмет көрсетіп тұр.
Ауыр хәлдегі науқастарды аудан орталығына немесе облыстық ауруханаға жеткізу үшін арнайы ұйымдастырылған эвакуациялық жүйе жұмыс істейді. Бұл ретте жедел жәрдем көліктері мен реанимобильдер пайдаланылады. Министрліктің мәліметінше, егер жағдай аса күрделі болса, санитарлық авиация тартылады. Әрбір облыс пен аудан деңгейінде мұндай тасымалды үйлестіріп отыратын арнайы бөлімшелер бар. Яғни ауыл тұрғыны алдымен жергілікті медициналық пунктте алғашқы көмек алады, содан кейін жағдайына қарай аудандық немесе облыстық ауруханаға жеткізіледі. Осылай деген министрлік елдегі санитарлық авиацияның әлеуеті де жылдан-жылға артып келетінін жеткізіпті. Қазір авиациялық қызмет көрсетуге 9 отандық компания тартылған. Олар — үш жылдан он жылға дейінгі тәжірибесі бар мамандандырылған ұйымдар.
Жедел медициналық жәрдемнің автопаркі де кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Көліктердің 20,2 %-ы 3 жылға дейін пайдаланылған, 67,4 %-ы – 3 жылдан 7 жылға дейінгі аралықта, 12 %-ы – 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімде қолданыста, ал 12 жылдан астам уақыт жүріп келе жатқан көліктердің үлесі – 4 %. «Маңыздысы, ауыл тұрғындарының 93,5%-на медициналық көмек «алтын сағат» шегінде көрсетіледі» деген уәж келтіреді министрлік. Бұл халықаралық стандартпен төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы 60 минут ішінде көрсетілген көмек өмірді сақтап қалуда шешуші рөл атқарады екен. Дегенмен қалған 6,5%-да көмек осы нормативтен асып көрсетіледі. Әсіресе жедел жәрдем бөлімшелері ұйымдастырылмаған, бригадалары жоқ елді мекендерде алғашқы жәрдемді медициналық пункттің, фельдшерлік-акушерлік пункттің немесе дәрігерлік амбулаторияның қызметкерлері көрсетіп отырғаны да қоса айтылады.

Әйткенмен елдегі санитарлық авиация мәселесі қоғам мен мәжіліс мінберінде жиі сөз болады. Мәжілістің бір топ депутаты соңғы сессияның жабылар тұсында үкіметке жолдаған сауалында санитарлық авиация саласындағы ахуалды «жыларман жағдайда» деп бағалаған болатын. Олар жарты ғасырдан бері ұшып жүрген кеңестік үлгідегі Ан-2 мен Як-40 ұшақтарының бүгінгі күн талабына мүлде сай еместігін айтып, олардың техникалық жай-күйін сынға алғаны есімізде. Олардың айтуынша, бүгінде Ан-2 ұшақтары әуе бензині емес, кәдімгі автомобильдерге арналған АИ-95 жанармайымен ұшып жүр.
«Аспанда адам құтқаруға аттанатын ұшаққа жерде жүретін көліктің жанармайын құйып жүрген ел атандық. Осыдан кейін санитарлық авиациядағы апаттарға ешкім таң қала қоймас», деді депутат Нартай Сәрсенғалиев. Бұл сынға нақты мысал да келтірді. 2019-2023 жылдары санитарлық авиация желісінде 11 оқыс оқиға, 5 авиациялық апат тіркелсе, соның тең жартысы ескі Ан-2 үлгісінің еншісінде болған. Қостанайдағы Ан-2 ұшағының суға қонамын деп аударылған оқиғасы осы түйткілдің бетін ашқан жайттың бірі болған.
Бұл олқылықты сол кезде премьер-министрдің өзі де жоққа шығармады. Олжас Бектеновтің айтуынша, санитарлық авиация қызметін Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы ұйымдастырады, ал әуе кемелері жеке авиакомпаниялардан сатып алынады. Бүгінде «Қазавиақұтқару» бірыңғай операторының қарамағында 11 тікұшақ бар. Олар Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар, Талдықорған және Шымкент қалаларында санитарлық рейстер орындайды. Бұдан бөлек, оннан астам отандық авиакомпания келісімге отырып, 18 ұшағын бөлген. Олардың ішінде кеңестік Ан-2, швейцариялық Pilatus PC-12 және чехиялық L-410 Turbolet үлгілері бар. Бірақ үкімет басшысы шалғайдағы елді мекендерге тек Ан-2 ұшақтары ғана қона алатынын да ашық айтты. Себебі көптеген ауылда аэродром мен ұшу-қону жолағы жоқ. Ал ескі Як-40 маркалы үш ұшақтың саны біреуге дейін қысқарып, енді тек донорлық бригадаларды тасымалдауға ғана пайдаланылады екен.

Әуе паркін жаңарту жұмыстары жүріп, Pilatus PC-12 және L-410 Turbolet сияқты заманауи ұшақтар тартылған. Алайда олар көп жағдайда арзан тариф ұсынғаны үшін таңдалады. Ал батыстық жаңа үлгідегі ұшақтары бар компаниялар жоғары баға қойғандықтан, мемлекеттік тапсырысқа іліге бермейтіні де бар.
Мемлекет басшысының алғашқы медициналық-санитариялық көмекті қайта қарау жөніндегі тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі халыққа, әсіресе ауыл тұрғындарына қолжетімді медициналық қызметті кеңейту мақсатында жаңа норматив бекіткен. Бұған сәйкес, халқы 50 адамнан аспайтын елді мекендерде медициналық көмек үйде көрсетілетін болған. Бұл кешендер алдын алу, емдеу және оңалту шараларын атқарады. Ал «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасына сәйкес, 2023-2025 жылдары елімізде 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек: 260 медициналық, 235 фельдшерлік-акушерлік пункт, 160 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Қазір 539-ның құрылысы аяқталыпты. Соның 2023 жылы — 99, 2024 жылы – 361 және биыл 79 нысан пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 116 нысанның құрылысы аяқталмақ.
«Жоба толық жүзеге асқанда ауылдағы алғашқы медициналық көмек қолжетімділігі артып, сапасы жақсарады» деп хабарлады министрлік.
Министрліктің жобасы ауыл медицинасына серпін берсе игі, әрине. Алайда жолдың қиындығы, интернеттің жоқтығы мен маман тапшылығы жағдайында жаңадан салынған амбулатория мен пункттердің қаншалықты тиімді болары да белгісіз. Мәселен, биыл Жетісу облысының Ақсу ауданында фельдшер науқасқа атпен жеткен. Жамбыл облысының Сарысу ауданында жағдай одан да күрделі. Бірнеше ауылда жедел жәрдем мүлде жоқ. Тұрғындар сырқаттанғандарды аудан орталығына өз көлігімен, кейде тіпті трактормен апарады. Байланыс та істемейді, сондықтан көрші ауылдан көмек сұраудың өзі қиын. Кей ауылға тіпті екі елді мекенге ортақ бір ғана медбике қызмет көрсетеді.

Ауылдағы ағайынға сапалы медициналық көмекті жеткізудің тиімді жолы бар ма? Медицина сарапшысы Қайырғали Көнеевтің айтуынша, қазір ауылдық жерлерде медициналық қызметтің қолжетімділігі де, сапасы да тым төмен. Маман да кей ауылдың тұрғындары мүлдем дәрігердің көмегін көрмейтінін алға тартады. Ресми түсіндірмеде министрлік кадр тапшылығын басты себеп ретінде атайды. Алайда сарапшының пайымынша, ол тапшылық жасанды қалыптасқан. Үлкен қалаларда дәрігерлер жеткілікті, бірақ ауылға баруға ынтасыз. Бұл басқару жүйесінің әлсіздігінен, кадр саясатының дұрыс жүргізілмеуінен туындап отыр.
Оның айтуынша, жағдайды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік бар. Егер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тек мекемелер ғана емес, жеке дәрігерлер де тікелей қатыса алатын болса, кадр тапшылығы жойылар еді. Себебі көптеген жалпы практика дәрігерлері ауылға барып, халықты өз атына тіркеуге мүдделі болады. Мәселен, бір дәрігер үш-төрт ауылды қамтып, тұрғындарды тіркеп алса, МӘМС арқылы ай сайын кемінде бір миллион теңге табыс таба алады. Бұл жалақы ауыл үшін ғана емес, Алматы секілді ірі қала үшін де жоғары деңгей.
«Осылайша дәрігерлер өз еркімен ауылға барып, халыққа қызмет көрсетуді қызығушылықпен атқарады. Оның үстіне жалпы практика дәрігері өзі емдеп қана қоймай, қажет болған жағдайда тар бейінді мамандарға жолдама береді. Ал ол мамандардың ауылда отыруы міндетті емес, қалада қабылдай алады немесе телемедицина арқылы кеңес беруге мүмкіндік бар», — дейді сарапшы.
Қайырғали Көнеевтің айтуынша, өркениетті елдер тәжірибесі қымбат ғимараттар салмай-ақ сапалы медициналық жүйе қалыптастыруға болатынын дәлелдеді. Онда жалпы практика дәрігерлері қарапайым көлікпен ауылға барып, тұрғындарға үйінде-ақ қызмет көрсетеді. Егер біз де осындай мобильді жүйені енгізе алсақ, кадр тапшылығы мәселесі өздігінен шешілер еді.
Оқыңыз:
Қазақстанда сақтандыру нарығына сұраныс не себептен артып отыр?
Ауылдағы ағайын үшін дәрігерге дер кезінде қаралу әлі күнге дейін арманға айналып тұр. Шындығында да, заманның ағымына ілесіп жасанды интелектіні бағындырмаққа бел буған елдегі екі ауылға ортақ бір медбике, қолжетімсіз жедел жәрдем, тозығы жеткен санавиация ХХІ ғасырдың емес, өткен ғасырдың көрінісіне көбірек ұқсайды.
фото: ЖИ-генератор

