Өскемен мен Семей көшелерін жарықтандыруға бөлінген 2,5 млрд теңге қаражат жымқырылған. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі хабарлады.
Агенттіктің хабарлауынша, «Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік-жекеше әріптестік аймақтық орталығы» АҚ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдаған.
Жоба қашан басталды?
2019 жылы Өскемен мен Семей көшелерін жарықтандыру жүйесін жаңарту жобасы басталған. Жоба бойынша ескі шамдарды үнемді жарықдиодты шамдарға ауыстыру жоспарланған.
Алайда лауазымды тұлғалар құжаттарды қолдан жасап, жабдықтар мен жұмыстардың бағасын негізсіз көтерген.
«Лауазымды тұлғалар жобаны жүзеге асыру барысында жалған актілерге қол қою арқылы жабдықтар мен жұмыстардың құнын арттырған және жалпы сомасы 2,5 миллиард теңгеге техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін көшелерді жарықтандыру құралдарын қабылдаған», — делінген хабарламада.
Қаражатты қалай жылыстатқан?
Жымқырылған ақшаны жасыру үшін ШҚО мемлекеттік-жекеше әріптестік аймақтық орталығының басшысы компанияны сенімді адамының иелігіне өткізіп, қосалқы мердігер ретінде пайдаланып отырған.
Олар құны 265 миллион теңге болатын қымбат мүліктерді (пәтер, көлік және т. б.) сатып алған. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Бұған дейін Өскемен мен Семей қалаларын жарықтандыру үшін бөлінген 4,8 млрд теңгенің жобасы толық іске аспай қалғанын жазған едік.
Cурет: Pixabay