Өмірден ерте озған талантты журналист, саясаттанушы Рахат Мамырбек атындағы саяси журналистика байқауының жеңімпаздары Алматы қаласында марапатталды.
Бұл байқау үшінші рет ұйымдастырылды. Байқауға демократия институттары, адам құқығы мен бостандықтары, құқықтық мемлекет, саяси жүйенің дамуы, азаматтық қоғам, еркін сөз бен плюрализм, партиялар бәсекесі, билік тармақтарының легитимдігі және өзге де саяси-қоғамдық тақырыптағы журналистік материалдар қабылданды.
Саяси журналистика саласындағы үздіктерді анықтауға арналған байқауға республика аумағында медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары және жеке авторлар қатысты.
Бұл жолы қазылар құрамында Асылхан Мамаш, Жайна Сләмбек, Думан Сымақ сияқты белгілі журналистер болды.
Байқау «Ең үздік видео» және «Ең үздік мақала» атты екі аталым бойынша берілді. «Ең үздік мақала» аталымында М.Нәрікбаев университетінің студенті Мөлдір Қабыкен «Өмір үшін күрес» мақаласымен жеңімпаз болып танылды.
«Ең үздік видео» аталымында sarapshy.info порталының тілшісі, оралдық Азамат Хамза «20-1» деректі фильмімен озық болды.

