«Лукойл» мұнай компаниясы шетелдегі активтерін сатуды жоспарлап отыр. Оған АҚШ пен Англияның санкция салғаны себепші болған. Айта кетейік, алпауыт компания Қарашығанақ кен орнының 13,5%-ына иелік етеді.
«Кейбір елдердің компания мен оның еншілес ұйымдарына қатысты шектеу шараларын енгізуіне байланысты компания өзінің шетелдік активтерін сатуға ниет етіп отыр. Қазіргі уақытта әлеуетті сатып алушылардан ұсыныстар қабылдап жатырмыз. Активтерді сату OFAC-тың тарату лицензиясына сәйкес жүзеге асырылуда. Қажет болған жағдайда компания өзінің шетелдік активтерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін лицензияны ұзартуға өтініш беруді жоспарлап отыр», — деп хабарлады «Лукойл».
22 қазан күні АҚШ-тың қаржы министрлігі «Роснефть» пен «Лукойл» мұнай компанияларына санкция салғанын хабарлады.
«Президент Путиннің бұл мағынасыз соғысты тоқтатудан бас тартқанын ескере отырып, Қаржы министрлігі Кремльдің соғыс машинасын қаржыландырып отырған Ресейдің ең ірі екі мұнай компаниясына қарсы санкциялар енгізуде», – деп түсіндірді АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент.
Қара тізімге «Роснефтьтің» 28, «Лукойлдың» 6 еншілес ұйымы енгізілді.
15 қазанда дәл осы екі компанияға Лондон да санкция салған еді. Англия Ресей үкіметі үшін екеуінің күретамыр екенін атап өткен.
«Лукойлдың» Қазақстанның мұнай-газ кен орнында үлесі бар:
- Теңіз кен орны – 5%
- Қарашығанақ – 13,5%
- Құмкөл – 50%
- Каспий мұнай құбыры консорциумы – 12,5%
Одан бөлек «Қаламқас», «Хазар», «Әуезов» жобаларының 50%-ын, «Әл-Фараби» жобасының 49%-ын жеңіп алған.
2024 жылы «Лукойл» Қазақстанда жанармай құятын бекеттер желісін енгізуді бастады. Бір апта бұрын «Лукойл» Оралда жанармай құю стансасын ашты.
«Лукойл» компаниясының Қазақстандағы бірқатар ірі жобаларға қатысы бар екен белгілі. Қарашығанақ (13,5%), Теңіз (5%) және Каспий құбыр консорциумы (12,5%) жобаларында үлесі бар. Бірақ көріп отырғанымыздай ол үлес көлемі мажоритарлы емес. Яғни Қазақстан тарапынан жобаларға қатысты стратегиялық шешімдерге «Лукойл» компаниясынан тәуелділігі жоқ», — деді сарапшы Ернар Талғатұлы.
Эксперт «Лукойлдың» шетелдік активтерін сатуды жоспарлағаны отандық нарық үшін тиімді болады деп санайды.
«Бұл жағдай Қазақстан үшін жақсы мүмкіндік туғызады. Санкциялық қысым аясында мұндай активтер нарықтық құнынан төмен бағада сатылуы мүмкін. Осыған байланысты қазақстандық бизнес немесе квазимемлекеттік құрылымдар бұл үлестерді сатып алу арқылы еліміздің стратегиялық энергетикалық активтеріндегі үлесін арттыра алады. Бұл ұлттық мүдде тұрғысынан тиімді қадам болып саналады және болашақта энергетикалық қауіпсіздікті нығайта түсуі ықтимал», — деді сарапшы.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев «Лукойл» компаниясы басшыларының бірі Вагит Алекперовты І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған.
фото: Zima Nadezhda/Zoonar/IMAGO

