Былтыр көктемде болған су тасқыны Орал қаласындағы саяжай тұрғындарын біраз әбігерге салды. Қазіргі уақытта Рысгүл Болатқызы саяжайдағы су кірген баспанасында жолдасымен бірге тұрып жатыр.
Иесіз қалған үйлердің бірқатарын иелері бұзып алған. Үйлердің айналасында жатқан ескі теледидар, балалар киімі мен тұрмыстық заттар көзге бірден түседі. Жаңа баспанаға көшуге асыққан тұрғындар жарамсыз болған дүниелерін осында қалдырып кеткен.
«Үйдің іші дымқыл әрі салқын»
Рысгүл 2021 жылы сатып алған «Ягодка» саяжайындағы үйге 2024 жылы шілде айында көшіп келген. Саяжайдағы учаске бұған дейін анасының атына тіркеліп тұрған. Бірақ оның үйі болғандықтан әкімдік жаңа пәтер бермеген.
Осы уақытқа дейін Рысгүл жалдамалы пәтерде тұрған. Қатерлі ісік ауруына шалдыққан анасын бағып-қағып келген. Бір жағынан саяжайға бірден көшіп келуге жүрексінген. 2024 жылдың желтоқсан айында «Ягодкадағы» үйді өз атына тіркейді.
«Ягодка» саяжайындағы тұрғындардың біразы былтырғы көктемде жаңа баспана алып қалаға көшіп кеткен. Бау-бақша серіктестігінің аумағында бірлі-жарым үй ғана көрінеді. Үйлердің басым бөлігі сүрілген, шатыры мен қаңқалары бұзылған.
«Осы жақтағылардың бәріне үй берілді. Бізге бір бөлме берсе де, жақсы болушы еді. Былтыр судеңгейі үйдің терезесіне дейін жетті. Қазір үйдің іші дымқыл әрі салқын. Мұнда тұрғымыз да келмейді. Жыл сайын техникалық суға төленетін ақшаны да көбейте береді», — деді Рысгүл.
Рысгүл қазіргі кезде үш мезгіл от жағып отыр. Үйді жылыту үшін сатып алған көмір қорының да азайып келе жатқанын айтты.
Коммуналдық төлем қаражаты жиі ұрланады
Ал қалаға өте жақын орналасқан «Локомотив» саяжайының тұрғыны Абай Темір бұл жақтан көшуді мүлдем ойламайды. Әке-шешесінен мұра болып қалған саяжайдың жері кең, бау-бақша өсіруге құнарлы әрі ауасы таза екенін айтады. Отбасымен бірге көшіп келіп, тұрғылықты мекенжайына айналдырмақ.
Біз келгенде екі қабатты зәулім үй бірден көрінді. 2014 жылы құрылысы басталған үй құрылысының аяқталуына аз қалған екен.
«Бұл жер телімін 2004 жылы сатып алдық. Басында бау-бақшамен айналысу үшін сатып алғанбыз. Саяжайдың ауасы таза. Бізге 500 метрдей жерде Шаған өзені бар. Сол Шаған өзенінің ылғал ауасы мұнда өте жақсы әсер етеді. Ата-анамның денсаулығы осында келгелі жақсарды. Саяжайдың бір кемшілігі сол – қолданыстағы ережелер ескірді. Бау-бақша серіктестігін басқаратын төрағалар 3-4 жыл сайын ауысып тұруы керек, алайда олар ұзақ уақыт орнынан кетпейді. Әр серіктестіктің шотында ақша айналымы үлкен», – дейді Абай.
Оның сөзінше, саяжай тұрғындарының қоқысқа, бақша суаруға деп жинаған қаражатын төрағалар жауапты мекемелерге дұрыс жеткізбейді, яғни ақша жиі ұрланады.
Абай Темір 2025 жылдың қаңтар айынан бастап, Қазақстанда саяжай аумақтарында салынатын үйлердің ауданы 50 шаршы метрден аспауы тиіс деген жаңа талаптың енгізілгеніне наразы. Оның сөзінше, мемлекет саяжайларға қолдау білдіруі керек. Себебі Конститутция бойынша әр азаматқа жер телімі берілуі қажет деген талапты халық өздері орындап отыр.
«Саяжай аумағындағы көшелер тар. Кеңес одағы кезінде жер берілген кезде адамдар өздері 1-1,5 метрге кеңейтіп алған. Саяжайларды бағбан серіктестігі етіп емес, шағын ауданға айналдырып, әкім сайлап, басқару қажет. Себебі бағбан серіктестігінің жұмысына байланысты төрағасы бар, басқармасы бар, солардың жалақысына керек деген желеумен қомақты қаражат жиналады. Тек газ төлемі тікелей «ҚазТрансГаз аймақтың» есепшотына түседі. Қалған коммуналдық төлемдер бойынша қауымдастық төрағасы есеп айырысады», – дейді Абай.
Абай өзі тұрып жатқан «Локомотив» саяжайын су баспайтынына сенімді. Бір жағынан осыны ескере отырып, бір жағынан балаларының болашағы үшін экологиялық тұрғыда таза жерде тұруды қолай көреді.
Оның айтуынша, жергілікті билік саяжай қауымдастықтарын дамытуға жеткілікті деңгейде көңіл бөлуі қажет. Мәселен, бөгеттерді қалпына келтірсе, саяжайларды да су басу қаупінен сақтауға болады.
«Саяжайдың барлығы су басатын жерде орналаспаған. Мысалы, Самал шағын ауданының бер жағында «Гребенка» деген саяжай бар. Былтыр сол бау-бақша серіктестігін су басқан жоқ. Себебі бұрын Кеңес одағындағы бөгетті қалпына келтіріп, суды ұстап қалды», — деді Абай.
Тұрғын саяжай телімін иеленудегі мақсатын бұрын құжатта «бау-бақша жүргізу» деп көрсетсе, қазіргі уақыта учаске мәртебесін «бау-бақша жүргізу және саяжай құрылысы» деп өзгертіп алған. Бұл маусымдық тұрғылықты жерді немесе ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын учаскені алдағы уақытта тұрақты тұратын үй ретінде тіркеуге мүмкіндік беретінін айтты.
Кейбір тұрғындар былтырғы көктем кезінде су тасқыны салдарынан бау-бақшаның да тұтас суға кеткенін, тал-теректердің семіп қалғанын айтып, үкіметтен көмек сұраған.
Орал қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша тұрғындарға су басқан үйде жарамсыз болып қалған жиһаз бен мүліктер үшін ғана қаражат төленді. Атап айтқанда, асүйдегі үстел мен отырғыштар, төсек-орын жабдықтары, жылу жүйелері, оның ішінде сорғылар мен қазандықтар, сумен жабдықтау құрылғыларының шығыны есепке алынған. Саяжайдағы бау-бақша, тал-терек үшін өтемақы берілмеген.
Саяжайда басқа да мәселелер шаш-етектен. Осыған байланысты халықтың сұранысы әлі күнге дейін ескерілмей келеді. Әкімдік өкілдері рекреациялық аймақтарға үй салған тұрғындардың өздері жауапты деп есептейді.
Елді мекен құрамына енгізу мүмкін емес
Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов саяжайларға қала мәртебесін беру және бас жоспарға түзетулер енгізу – жергілікті деңгейде шешілетін мәселе емес екенін айтты.
«Бас жоспарды өзгерту бір күнде шешілмейді, себебі бұл процесс үкіметтің қаулысы мен барлық құзырлы министрліктердің мақұлдауын қажет етеді», — деді ол.
Саяжайлардың рекреациялық аймақтарда орналасқанын біле тұра, ол жерге құрылыс жүргізудің өзі тәуекелге бел буу екенін ескертті.
«Саяжайларды жекеден сатып алған азаматтар өз мүлкін сақтауға қатысты жауапкершілікті мойнына алғанын әу бастан біледі», — деді Халелов.
Сатып алу-сату келісімшартын жасаған кезде тұрғындар әкімдікке емес, нотариуске жүгінеді екен.
«Жер кодексінен басқа да заңнамаларға қарайтын болсақ, саяжайлар ауыл шаруашылығымен, бағбандықпен шұғылдану мақсатында берілетін жерлерге жатады. Жалпы бұл учаскелер өзара рекреациялық аймақтарда, яғни су, орман алқаптарында, қала деңгейінен төмен аймақтарда орналасқан. Сондықтан оларға қала статусын беру мәселесі қаралмайды», — деді Азамат Ерғалиұлы.
Саяжайға қоныстанатындар жылдан-жылға көбейіп келеді. Бірақ ол аумақтарда инфрақұрылым жобалары мен халық сұранысына сай нысандар салу қарастырылмаған. Халеловтың айтуынша, әлеуметтік нысандардың құрылысы қала немесе ауылдық округ, басқа да елді мекен аумағында жүргізіледі.
Жолдарды жөндеу мәселесіне де әкімдік көмектесе алмайды.
«Барлық мәселе ішкі жарғымен бекітіледі, жолдарды өздері күтіп ұстайды, заңнама аясында бұған мемлекет тарапынан қаражат қарастыру мүмкін емес», — деді қала әкімінің орынбасары.
«Құс фабрикасындағы» дау
Осы тұста айта кететін жайт, жұртшылық «Құс фабрикасы» деп атап кеткен «Зачаганск» бау-бақша серіктестігіндегі жағдай бөлек. «Құс фабрикасы» аумағындағы жолдарға әкімдік асфальт жабынын төседі. Тұрғындар табанды түрде талап ете бастаған соң билік өкілдері саяжайға көңіл бөле бастаған.
«Құс фабрикасы» жанында Бортау ауылының бар екенін ескерген жөн. Осында жалпы білім беретін мектеп бар. Соған сәйкес Бортауға жол тартқан кезде «Құс фабрикасының» аумағын да қамтып кеттік. «Бір оқпен екі қоян ату» деген осы», — деп түсіндірді Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеллов.
Айта кетейік, 3 ақпан күні Орал қаласының іргесіндегі «Зачаганск» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары бір тәулік бойы жарықсыз отырғандарына наразылық білдіріп, жолды жапқан болатын. Ереуілге себеп болған жағдай – Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының таңертеңгі сағат 11:00-ден бастап жарықты өшіріп тастағаны.
Бұл ауданда шамамен 200-ден астам үй бар. Тұрғындар бұрынғы серіктестік төрағасы жарықтың ақшасын электр желілері компаниясына төлемей кетті деп айыптап, наразылық білдірді. Сол жерде әкімдік өкілдері тұрғындармен кездесіп, бірлестіктің қаржылық есебін түгендеу үшін аудит жүргізуді ұсынған. Серіктестік тұрғындары әлеуметтік мәселелерді көтеріп, «Құс фабрикасын» қала аумағына қосуды сұраған.
Көктемгі су тасқыны: «15 878 саяжай учаскесі су астында қалды»
2024 жылдың көктемінде болған тасқын кезінде қала маңындағы саяжайларды су басты. Жергілікті билік төтенше жағдайдың алдын алуға дайын болмай шықты. Жайық өзені деңгейінің қауіпті шектен асуы салдарынан облыс әбігерге түсті. Үкімет өзге өңірлерден жұмыс күші мен техникаларды тартуға мәжбүр болды.
БҚО төтенше жағдай департаментінің мәліметінше облыс бойынша 15 878 саяжай учаскесі су астында қалды. Әсіресе, облыс орталығындағы жағдай ушықты. Мемлекетке саяжай кооперативтері мен бау-бақша бірлестіктері орналасқан аумақта қоныстанғандарды баспанамен қамту мәселесін шешуге тура келді.
Қала әкімдігінің есебінше, былтыр Орал қаласы бойынша 2700-ге жуық отбасыға жаңа баспана берілген. Өтініш білдірген 10 мыңға жуық азаматқа 100 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Оған қоса саяжайда дүние-мүлкі суға кеткен азаматтың әрқайсысына 150 АЕК көлеміндегі өтемақы төленді.
Қала әкімдігі республикалық «Қазақстан халқына» қоры, облыстық «Ақжайық» қоры және меценаттарды қаржылай көмегімен саяжай тұрғындарына жаңа пәтер сатып алып берді. Төтенше жағдай кезінде әкімдік жанынан құрылған комиссия пәтер беру мәселесін шешумен шұғылданды. Комиссия жұмысына көңілі толмаған саяжай тұрғындары бірнеше мәрте қала әкімдігінің алдына жиналып, наразылық білдірді.
Күрмеулі түйткілдер көп
Облыс орталығындағы саяжай мәселесі өте өзекті. Әкімнің орынбасары Азамат Халеловтің сөзінше, шаһар аумағында 176-дан астам саяжай бірлестігі, оның ішінде 20 мыңнан астам саяжай учаскесі бар. Әлі күнге дейін саяжайдағы халық саны белгісіз. Әкімдік бау-бақша серіктестіктері тұрғындарының есебін жүргізбейді.
Саяжай кооперативтеріне қала немесе елді мекен мәртебесін беру мүмкін емес, себебі бұл жер бастапқыда ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға берілген және су басу қаупі жоғары аймақтарда орналасқан.
Алдағы жылдары су тасқыны қайталанса, үкімет тағы қорлар мен демеушілерге жүгіне берсе, не болмақ? Бюджетте қаражат тапшы. Осы жағдайды сараптасақ, саяжай аумағын қарғын судан сақтау мәселесі күрмеулі күйінде қалатыны анық.
Жыл сайын саяжайға қоныстанатындар қатары кемімесе, азаймайды. Халықтың саяжайларға қоныстану себебінің бірі – қаладағы тұрғын үй бағасының қымбаттауы. Орал қаласында саяжайлардағы бір бөлмелі баспаналардың бағасы орта есеппен, 2,5-3 млн теңге көлемінде болса, қаладағы бір бөлмелі пәтердің бағасы орналасқан ауданына қарай кемі 10 млн теңгеден басталады.
Электр жарығы, қоқыс шығару, су мәселесі – саяжай тұрғындарына ортақ түйткіл. Коммуналдық қызмет ақысын төлеу мәселесі де шешілмеген. Саяжай бірлестіктерінің қаражат айналымы да ашықтықты талап етеді. Үкімет саяжайда тұратындардың мұң-зарын әзірше естімейтін секілді.
Cаяжайлардың ішкі ережелері қалай жазылады?
Саяжай иелері белгілі бір аумақта бірігіп, қауымдастық немесе бау-бақша серіктестігін құрады. Өзара саяжай жарғысы мен ережелерін бекітеді. Бұл құжаттар олардың атқаратын қызметін, басқару тәртібін және мүшелердің міндеттерін айқындайды. Саяжайдың ішкі ережелеріне мемлекеттік органдар араласа алмайды. Өйткені бұл – өзін-өзі басқаратын ұйым.
Қаржыландыру тұрғындар есебінен жүреді. Олар төрағаны сайлап, арнайы жарна немесе төраға салығы секілді төлемдерді бекітеді. Осы қаражат арқылы саяжайдағы инфрақұрылым (жолдарды жөндеу, жарықтандыру, қауіпсіздік, қоқыс шығару, т. б.) қамтылады.
Саяжай кооперативтері жеке меншік немесе қауымдастық ретінде тіркелгендіктен, олар мемлекеттік мекеме емес. Дегенмен, заң талаптарына сәйкес жұмыс істеуі қажет. Егер заңбұзушылық орын алса (мысалы, экологиялық немесе санитарлық талаптар сақталмаса), мемлекеттік органдар тексеріс жүргізе алады.
Сурет пен видео: Тілек Ермекұлы