ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Батыс Қазақстан облысына сапарын жол мәселесімен танысудан бастады.
БҚО басшылығы үшін үлкен сынға айналған Жәнібек, Бөкей ордасы бағытындағы жолдың жөнделу барысын Үкімет басшысына
«Қазавтожол» АҚ» ҰК басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев баяндап берді.
М.Қасымбаевтың мәлімдеуінше, биыл «Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайқын» бағытындағы жолдарды жөндеу жұмыстарында бұрынғыдан ілгерілеу болмақ. Ақтөбеден темір жол арқылы қиыршық тас тасымалдау мәселесі шешіліпті. Бұған дейін Ресей тарапы қазақстандық вагондарды өткізбей тұрған болатын. Даулы учаскені басқа компания алдағы аптадан бастап қолға алмақ.
Премьер-министрге «Подстепное – Феодоровка – РФ шекарасы» бағытындағы жол құрылысының жобасы таныстырылды. Стратегиялық маңызы зор бұл жолды жөндеу құны — 75 млрд теңге. Жолдың бойында 50 елді мекен орналасқан. Орал мен Ақсай қалаларының қатынасы, Қарашығанақ кен орнымен көлік қатынасы маңызды. Жаңғырту жұмыстары биыл басталады.
– Автожолдарды жөндеу — өңірдегі ең күрделі мәселелердің бірі. Шалғай аудандарды қамтитын автожолды биыл жөндеп болуымыз керек еді. Үш жыл бұрын басталған жоба қаржыландыру мәселесіне байланысты аяқталмай жатыр. Биыл күрделі жөндеуге 15 млрд теңге қаржы қарастырылған. Мердігерлердің техникалық мүмкіндігі жетер болса, жол жөндеуді ширату керек. Қажет болған жағдайда қосымша қаражат тауып береміз. Ал «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы» автожолын жаңғыртуға бюджетті нақтылаған кезде 6 млрд теңге бюджеттен бөлінді. Қазіргі кезде «ҚазАвтоЖол» мекемесі жолды жөндеу жұмысын бастады. «ҚПО б.в.» компаниясы өкілдерімен сөйлесіп, республикалық бюджеттен жетпеген қаражатты қосымша бөлуге ықпал етеміз. Осы автожолды қайта құруды келер жылы толықтай аяқтауымыз керек. Облыс әкімі уәкілетті министрлік арқылы автожолды жаңғыртудың тиісті дәрежеде жүргізілуін, қаражат тиімді жұмсалуы қадағалуы тиіс, – деген Әлихан Смайылов жол мәселесін облыс әкіміне тікелей тапсырды.
Үкімет басшысы үш ауысыммен оқытуды жою үшін іске қосылған 300 оқушыға арналған №18 мектеп-бөбекжай-балабақша кешеніне бас сұқты.
-Облыс балабақшаларында 11 мыңнан астам адам кезекте тұр. Алты апатты және үш ауысыммен оқытатын үш мектеп бар. Қосымша білім бойынша мемлекеттік тапсырысқа қаражат бөлінген жоқ. Әкімдік бұл проблемаларды жедел шешуі керек. Жеке меншік балабақшалар көбірек ашылуы керек. Мемлекеттік тапсырыс бойынша қосымша білімге жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді қамтамасыз ету қажет, – деді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов «Орал жылыжай кешені» ЖШС қызметімен танысты.
«Еліміздің батысындағы ірі кәсіпорындардың бірі Орал жылыжай комбинаты жұмысы маңызды екенін өткім келеді. Тек өз аймағымыздың ғана емес, сонымен қатар көрші аймақтардың нарығына шығу үшін де күш салу қажет. Бұл бағыттағы әлеует зор», – деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы тапсырмалар жүктеп қана қоймай, оның орындалуы бойынша есеп тыңдап, шара қабылдайтын уақыт жетті.
Себебі кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне Батыс Қазақстан облысындағы күре жолдар жағдайына, әсіресе Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы жолдарды жөндеу жұмыстарына қажетті барлық шараны тез арада қабылдауды тапсырды. Жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалмауына кінәлілер жазалануға тиіс деп, президент бұл мәселені шешуді Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жүктеген еді.
Кінәлілер демекші, Президент оңтүстік аудандарға жолды 2021 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырған болатын. Қазір жергілікті билік тапсырыс беруші «Қазавтожол» АҚ» жауапты деп сілтейді, олар мердігерге, мердігер қосалқы мердігерге кінә артады. Айналғанда қазынадан миллиардтар желге ұшты, жол да бітпеді, оған жауаптылар да жоқ…
Нұрлыбек Рахманов,
sarapshy.info ақпарат агенттігінің бас редакторы
Суреттер primeminister.kz сайтынан