«Біз біргеміз» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайраттың ісі бойынша Орал қаласының тұрғыны күдікті деп танылды. Бұл туралы БҚО Прокурорының бірінші орынбасары Даурен Омаралиев үйлестіру кеңесінің отырысында айтты. Оның сөзінше күдікті тергеуге алынған.
Облыс прокуроры Серік Шалабаев облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаменті Перизат Қайрат ісіндегі бір эпизод бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын айтты. «Қордың ақшасын тексеруге тиісті әрекеттер жасалады деп ойлаймын», — деді ол.
«Біз біргеміз» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайраттың үстінен көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін халықтың жинаған қаражаты мен Палестина тұрғындарына гуманитарлық қолдау көрсету үшін жиналған 1,7 миллиард теңгеден астам соманы жымқырды деп қылмыстық іс қозғалған болатын.
Бұған дейін аталған іс бойынша Перизат Қайраттың анасының да үстінен қылмыстық іс қозғалған еді.
Азаттықтың жазуынша, бұл туралы қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеген. Оның сөзінше, Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваға «алаяқтық жасады», «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға қатысты» деген айып тағылған. Оған әзірге бұлтартпау шарасы қолданылмаған.
«Қаңтардың аяғында іске қосымша жаңа эпизод тіркедік, Перизат Қайрат мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығын ашуға аукцион ұйымдастырып, ақша жинаған, солай жиналған 22 млн теңгеге жуық қаржыны өзіне жұмсаған» — деген қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары.
Перизат Қайраттың ісін тергеу барысында қымбат дүние-мүлкі тәркіленген болатын.
1991 жылы дүниеге келген Перизат Қайрат – волонтерлік қозғалыс белсендісі және «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы әрі басшысы. 2020 жылы Астана қаласында «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорын құрған. «Қордың мақсаты — әлеуметтік ахуалы әлсіз топтарға көмек беру» деп көрсеткен.
Сурет: Instagram желісінен