Қоғам қосымша құн салығының күрт артуы бизнестің дамуына кері әсер ететінін туралы кеңінен талқылаған еді. Үкімет отырысында оның сараланған мөлшерін белгілеу бойынша ұсыныстары қарастырылды.
«Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін – 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату», — деп түсіндірді Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин.
Жаңа жоба бойынша кәсіпкерлерді қолдау тетіктері әлі де пысықталмақ:
- Ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіретінер қосымша құн салығын төлемейді:
- 10% ҚҚС төлейтін бизнес түрлері алдағы уақытта анықталады;
Үкімет жаңа мөлшерлемелерді белгілеу арқылы бюджеткен 5 трлн теңгеге дейін салық түседі деп есептеп отыр.
Бұған дейін ҚҚС-ты көтеру мәселесін кәсіпкерлер кеңінен талқылады. Сарапшылар да көлеңкелі кәсіпкерлік етек жаятынын айтып, дабыл қақты.
«ҚҚС артқан сайын тауар қымбаттайды, тұтынушылар қымбат және қосымша тауарларды тұтынуды азайтып, қажетті тауарларды ғана сатып алады. Тұтыну азайған сайын, өндіріс азаяды, демек экономиканың өсуі баяулайды, демек «салық тұзағына» түсу қаупі болады. Табысынан қағылғысы келмегендер салықтан жалтарады, бұл көлеңкелі экономиканың үлесін арттырады», — деген еді сарапшы Аякөз Ханет.
Sana Analytics сарапшысы Қуанышбек Асылбекұлы түптің түбінде салық өтемі халық табысына әсер ететінін ескертті.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары» деген сын айтты. Министрлер кабинетіне жедел түрде осы мәселені шешуді тапсырды.
фото: pixabay