Белсенділер Қарағанды мен Семейдің бас жоспарын көшірді деп кінәлаған Gradо компаниясының мамандары жауапкершілікке тартылмайды. Бұл жөнінде Орал қаласының әкімінің орынбасары Азамат Халелов хабарлады. Бірақ Халеловтың өзі дау-дамайға жол бергені үшін сөгіс алған еді.
Әкім орынбасарының айтуынша, бұл – техникалық қателік. Gradо компаниясы Қарағанды мен Семей қалаларының жоспарын қатар жасап жүріп, қателік жіберген.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сәйкес, «Grado» 2025 жылы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының жоспарын құру туралы келісімге қол қойған. 2022 жылы Семей қаласындағы Цементный кенті аймағын жоспарлау жобасына түзету енгізген.
Сайтта архитекторлық компанияның бұдан бөлек 93 келісімшарт жасасқаны көрсетілген. Құжатқа неге тек Қарағанды мен Семей қалаларының деректері енгізілгені белгісіз.
2025 жылдың 15 шілдесінде Оралда қаланың жаңа бас жоспары таныстырылып, қоғамдық талқылау өтті.
Жиын кезінде белсенді азамат Данил Макатуха құжаттың 500 беттік түсіндірме жазбасында Оралдан 2000 шақырым қашықтықта орналасқан Қарағанды мен Семей қалаларының тарихи нысандары туралы жазылғанын анықтады.
Аталған құжатты әзірлеуге жергілікті бюджеттен 250 миллион теңге бөлінген. «Grado» ЖШС 2 жыл бойы өңірде топографиялық түсірілім жүргізіп, инфрақұрылымды зерттеген көрінеді.

«Grado» ЖШС-на қатысты қылмыстық іс қозғалмады, әкімшілік жаза да, айыппұл да салынбады. Компания құжаттарда жіберген қателігін дұрыстады», — дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бұл олқылығы үшін Азамат Халелов тәртіптік жаза алды.
Қателік жіберген қала орынбасары әлеуметтік желіде сын астында қалды. Ал бюджеттен 250 млн теңге алса да қателік жіберген компанияға еш жаза қолданылмады.
фото: freepik.com

