Оралда лицензиясыз қызмет көрсететін заңсыз микроқаржы ұйымы анықталды. Одан заем алғандар қарызға белшесінен батқан.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметі бойынша «Жылдам ақша» филиалдар желісі мемлекет рұқсатынсыз тұрғындарға қарыз берумен шұғылданған. Жалған ұйым ашқан күдіктілерді агенттіктің БҚО-дағы департаменті мен облыстық прокуратура қызметкерлері тергеп жатыр.
Шағын несие беретін топ бес жыл бойы қызметін лицензиясыз жүзеге асырған. Бұл ұйым 1,5 млрд теңге микроқаржы келісімшартын жасаған. 47 мыңнан астам қарызға үстемеақы бірнеше есе артық қосылып отырған. Заем алғандар күніне 1,5% өсімпұл төлеп отырған. Заң бойынша оның мөлшері 0,3%-дан аспауы керек.
Заңсыз ұйым өкілдері одан бөлек «кеңес беру қызметі» деген бөлек шартқа ақы алып отырған.
«Бұл қызмет күдіктінің туысына тіркелген, олармен байланысы бар ЖШС арқылы рәсімделіп отырған», — деп хабарлады ҚМА.
Соттың санкциясымен күдіктілерге өндірістік пәтер мен коммерциялық нысанды пайдалануға тыйым салынды.
Бұған дейін ҚМА ҰҚК өкілдерімен бірлесіп Астана қаласындағы №81 Astana English School халықаралық мектебінің экс-директоры мен бас бухгалтерін тұтқындады. Күдіктілер штатта жоқ қызметкерлерге 16 млн теңге «жалақы төлеп отырған». Оған қоса коттедж, пәтер және автокөлік сатып алған.
фото: pexels