Орал қаласындағы Желаев ауылының тұрғындарының арызынан кейін көшелерге асфальт төселді. Бұл туралы заңгер Бауыржан Зәки хабарлады.
Азаматтардың шағымына сәйкес, ауылдағы Бірлік көшесінде тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Әкімдік оның орнына асфальтты басқа көшеге төсеген.
Goszakup.gov.kz порталының мәліметінше, 2025 жылдың мамырында ауыл әкімі Арман Бисимбалиев пен «Орал жолдары» АҚ арасында құны 73,2 млн теңге болатын келісімге қол қойылған. Жөндеу жұмыстары 2 шілдеге дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда мердігер жұмысты уақытында бітірмеген.
Тексеру қорытындысына сай, мердігер 14 күн кешіктіргені үшін бюджетке 1 млн теңгеден астам айып төледі. Сонымен қатар, ауыл әкімі мердігерді дер кезінде сотқа бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 58 980 теңге сомасында айыппұл төлеуге міндеттелді.
Фото Бауыржан Зәкидің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

