Еліміздегі кеме шығаратын тұңғыш “Зенит” зауытының 85% акциясы түркиялық “AYDA” компаниясына сатылады. Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссиясы осылай деп шешім шығарды деп жазды hronika.kz.
«AYDA» компаниясы түркиялық YDА корпорациясының қарамағында жұмыс істейді. «Қазақстан инжиниринг» акционерлік қоғамы зауыттағы акциялық үлесін сақтап қалады, бұл отандық тарапқа басқаруға қатысуға мүмкіндік береді.
Қазір жаңа инвестор кәсіпорында аудит жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол зауыттың қызмет бағытын сақтап, жұмыс орындарын қысқартпауға, сондай-ақ түрлі кластағы кемелерді жасауға арналған технологияларды енгізуге міндеттеледі.
Келісімнің нақты құны әзірше анықталған жоқ.
«Зениттің» жаңа иесі Ақтауда танкерлер мен сауда кемелерін шығаратын верфь салуды жоспарлап отыр.
Түркияның Қазақстандағы бас консулы Сабри Альптекиннің айтуынша, верфьте платформалар, коммерциялық кемелер және ел экономикасына қажет өзге де теңіз техникасы жасалады.
фото: zenit.kz

