Оралда 9,7 млрд теңгеге салынып, аяқталмай қалған тергеу изоляторы енді үшке бөлінетін болды

2013-2018 жылдар аралығында БҚО қылмыстық атқару жүйесі департаменті тапсырысымен Орал қаласының Зачаганск кентінде 1500 орындық тергеу изоляторы салынып, ол аяқталмай қалған болатын. 2017 жылы сметалық құны өзгеріп, жобаның жалпы құны 9,7 млрд.теңгеге жеткен еді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының 70% жасалса да тергеу изоляторы 5 жылдан бері қаңырап тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БҚО қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ақпаратына сәйкес, аяқталмаған нысанның баланстық құны 5,1 млрд.теңгені құрады.

Тергеу изоляторы аяқталмаған күйінде 2021 жылы БҚО құрылыс басқармасының теңгеріміне берілді.

Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының бізге берген ақпаратына сүйенсек, аяқталмаған тергеу изоляторы ғимаратын үшке бөлу жоспарлануда. Онда облыстық полиция департаментінің бөлімшесі, әскери оқу орны және ҚР аумақтық қорғаудың №99250 бөлімі орналасады.

Тергеу изоляторының Google Earth арқылы жоғарыдан қарағандағы бейнесі

— Полиция департаменті бөлімшелерін орналастыру — аталған ауданда жыл сайын халық санының өсуімен негізделеді. Ал келешектегі Ақжайық шағын ауданының құрылысын ескерсе, бұл аумақта халық саны өте тез ұлғаятын болады. Бұл шағын ауданда ішкі істер бөлімі жоқ екенін ескере отырып, Зашаған кентінің солтүстік-батыс бөлігінде ПД бөлімшелерін орналастыру — ең өзекті мәселе.

Облыста әскери оқу орнының ашылуы батыс өңірінің және бүкіл Қазақстанның балаларына әскери мамандықты қосымша игеруге мүмкіндік береді. Курсанттар оқу процесінде теориялық және практикалық білім алады, жауынгерлік қару-жарақ пен техникамен жұмыс істеудің құнды дағдыларын игеруге мүмкіндік алады. Бұл аяқталмаған нысанда барлық қажетті үй-жайлар қарастырылған: әкімшілік ғимарат, медициналық бөлім, қоймалар, гараждар, БӨП және т. б.

Оған қоса, аяқталмаған ғимарат бөлігіне ҚР аумақтық қорғаудың №99250 бөлімін орналастыру жоспарлануда. Өйткені жобада көзделген ғимараттар мен құрылыстар бөлімшелер мен әскери бөлімнің қажетті шарттарына сәйкес келеді, — дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Гайнутдинов.

Көлемі 30 мың шаршы метрден асатын бұл түрме құрылысы жемқорлық деректеріне байланысты тоқтап қалған болатын. Тергеу изоляторын салып жатқан құрылыс компаниясының басшысы, жобалық-сметалық құжаттамасын бекіткен меморган қызметкері мен БҚО қылмыстық атқару жүйесі департаментінің экс-басшысы жауапқа тартылып, тергеу барысында үшеуінің мемлекетке 1,5 млрд теңге залал келтіргені анықталып, жазаларын алды.

Бұрынғы БҚО әкімі Ғали Есқалиев «инвестор тапсақ, бұл ғимаратты медициналық мекемеге айналдырамыз» деген болатын. Ал Орал қаласында ғимараты әбден ескірген түрмелердің жағдайы мүшкіл, мәселе шешімін тапқан жоқ.

Нұрлыбек Рахманов,

sarapshy.info ақпарат агенттігінің бас редакторы

 

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий