Орал қаласында балалар ойын алаңдарын мәселесін шешу үшін 5 миллиард теңге қажет екен

Бұл жайлы Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов айтты. Аталған мәселені құқық қорғаушы, «Әділдік жолы» РҚБ Орал қалалық филиалы басшысы Бауыржан Зәки облыстың қоғамдық кеңесінде көтерді.

— Оралдықтар қоғамдық көлікті ыстықта да, суықта да автобустарды ашық аспан астында 20-30 минут күтуге мәжбүр. Аялдамалардың10 миллион теңге болуы міндетті емес, қарапайым қылып салып беруін сұраймыз, — деді Бауыржан Ахметжан.

Сондай-ақ, ол облыс орталығы көшелерінде жарық шамдар жетпейтінін, нашар жарықтандырылуына байланысты «Орал – қараңғы қала» деп атала бастағанын айтты. Балалардың ойын алаңдары тапшы екенін де алға тартты.

Ұсыныс пен ескертулерге Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов жауап берді.

— Қазір Орал қаласында 500-ге жуық аялдама бар, олардың 130-ында ешқандай павильондар жоқ. Біз ең арзан аялдама павильондарын алатын болсақ, олардың орташа құны 2,5 млн теңге деп есептесек те бізге 320 млн теңге қажет. Біз бұл мәселені аялдамаға дүкен салу арқылы бизнесті тарта отырып шешкіміз келеді. Оралдағы 500 ауланың жүз ауласында ойын да, спорт та, балаларға арналған алаң да жоқ. Егер бір алаңның құрылысы шамамен 35 млн теңге деп есептесек,  бұл мәселені шешу үшін шамамен 3,5 — 5 млрд теңге қажет, — деп жауап берді қала әкімі Миржан Сатқанов.

Еске сала кетсек, бір жылдары жергілікті билік «аялдамаларда сауда нысаны болмауы керек» деп көптеген дүкенді бұзып тастаған болатын. Енді қайтадан аялдаманы жеке кәсіпкерлердің қаржысына дүкен түрінде салу мәселесі талқылауды қажет етеді.

2020-2022 жылдары Оралда 14 мыңнан астам көше шамы ауыстырылды. Бүкіл қаланы жарықтандыруға шамамен 3 млрд теңгеге дейін қаражат қажет.  Жергілікті билік ол қаражатты іздестіріп, бұл мәселені үш жыл ішінде шешуге үміттенеді.

— 14 мың шамды ауыстыруға 800 млн теңге жұмсалды, бұл көп емес. Бізде жергілікті шам өндіруші өндіріс орны бар. Егер оның өнімі талаптарға сәйкес келсе, қажеті құжаттарының барлығы болса, онымен шарт жасасып, жұмысты бастауға болады, — деді БҚО әкімі Ғали Есқалиев.

Ғали Есқалиев қала әкіміне биыл бюджетке кем дегенде 50 аялдама павильонының құрылысын салуды қосуды және кәсіпкерлермен жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий