2025 жылдың қыркүйегінде Непалда саяси ахуал күрт шиеленісіп, елде көтеріліс басталды. Халық билік институттарын, тіпті үкімет сарайын да басып алды. Жаппай толқуларға түрткі болған – әлеуметтік желілерге тыйым салу туралы заң. Алайда BBC сарапшыларының айтуынша, бұл тек сылтау. Наразылықтың негізгі себебі – елдің ұзақ жылдан бері қордаланған әлеуметтік және саяси мәселелері.
Непал соңғы онжылдықтарда түрлі билік жүйесін бастан өткерді. Елді ұзақ уақыт бойы индуизм мен буддизмге сүйенген монархия басқарып келді. Кейін маоистер мен марксист-лениншілердің ықпалы күшейіп, 2008 жылы монархия жойылып, республика жарияланды. Содан бері билік тізгінін кезінде революция жасаған солшыл күштер ұстап отыр.

Қазіргі көтерілістің басты қозғаушы күші – жастар, әсіресе Z-буыны. Әлеуметтік желілер олардың күнделікті өмірінің бір бөлігі болғандықтан, биліктің тыйымы ашу-ызаны одан әрі өршітті.
Олар «Әлеуметтік желіні жаппа, жемқорлықты жап» деген жалаумен ел астанасы Катманду көшелерінде митинг бастады.

28 жастағы шеруші CNN басылымына сұхбат берді.
«Әлеуметтік желілерге тыйым салу көтерілістің басты себебі болып көрінгенмен, мыңдаған адамды сыбайлас жемқорлық, жұмыссыздық пен мемлекеттік биліктегі шикіліктер мазалап отыр», – деді ол.
Көтеріліс кезінде 51 адам қаза тауып, мыңнан аса адам жараланды. 12 мыңнан астам қылмыскер түрмеден қашып кетті, олардың көп бөлігі әлі ұсталған жоқ.
Экономикалық тұрғыдан алғанда да шығын орасан: инфрақұрылымға келген залал көлемі 1,4 миллиард доллардан асты. 9 қыркүйекте шерушілер бұрынғы премьер-министр Джаланат Ханалдың үйін өртеді. Бұның салдарынан оның жұбайы тірідей отқа оранып көз жұмды.

Экономикалық тоқырау
Қазір Непалда 30 миллион адам тұрады, олардың жартысына жуығы – 30 жасқа толмаған жастар. Елде білімі бар мыңдаған жас жұмыс таба алмай жүр теңселіп жүр.
Елде импорт экспорттан он есе көп. Халықтың 75%-ы ауыл шаруашылығында еңбек етсе де, табыстары мардымсыз.
Гималайдың етегінде орналасқан елде туризм пандемиядан кейін қалпына келмей, бюджет тапшылығы арта түсті.
Аталмыш теңсіздік пен тоқырау жастардың наразылығын тудырып, шеруге шығуға итермеледі.
Биліктің жауабы
Мемлекет көтерілістердің күшеюі нәтижесінде әлеуметтік желілерге қойылған тыйым алынып тастауға мәжбүр болды.
Президент Рам Чандра Паудел мен премьер-министр Шарма Оли шеру басталған күні-ақ отставкаға кетті.
Шенеуніктердің көбі қақтығыстар кезінде қауіпсіздік мақсатында тікұшақтармен эвакуацияланған. Kathmandu Post дерегінше, тек премьерді көшіруге кемінде бес тікұшақ жұмылдырылған.

9 қыркүйекте уақытша үкіметтің басшысы болып 73 жастағы Сушила Карки тағайындалды. Ол – Жоғарғы соттың бұрынғы төрайымы әрі Непал тарихындағы алғашқы әйел премьер-министр.
Ерекше жайт – оның кандидатурасын жастар қозғалысы өкілдері Discord әлеуметтік желісінде дауыс беру арқылы қолдады.
фото: Adnan Abidi/Reuters

