Қазақстандағы негізгі капиталға салынған инвестициялар туралы Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында экономиканың әртүрлі салалары мен аймақтары бойынша талдау жасап көрейік. Жалпы, биыл он айда инвестиция көлемі 13,6 трлн теңгені құраған. Салалар бойынша ең көп үлес өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік операциялары мен көлік секторына тиесілі. Алайда кейбір өңірде, әсіресе Атырау, Ақмола және Маңғыстау облыстарында көрсеткіш төмендеген.
Инвестиция ахуалы анағұрлым жақсы
Жетісу, Павлодар және Қарағанды облыстарында инвестициялар айтарлықтай өскен. Мұндай өсім өңірлердегі индустриалды жобалар мен инфрақұрылымдық бағдарламалармен байланысты. Өнеркәсіпке (40,3%), көлікке (17,9%) және жылжымайтын мүлікке (19,5%) бағытталған инвестициялардың айтарлықтай үлесі экономиканың осы секторларына деген жоғары сұраныс пен тұрақты даму қарқынын көрсетеді.
«Қызыл» аймақта алты облыс қалды
Атырауда инвестициялардың төмендеуінің басты себебі: «Теңізшевройл» компаниясының «Келешек кеңею жобасының» аяқталуы салдарынан негізгі инвестиция көлемі қысқарған. Жобаның аяқталуы құрылыс көлемінің 70%-ға төмендеуіне алып келді. Облыс алдағы жылдары Қашаған газ өңдеу зауыты, полиэтилен зауыты, этан жеткізу және бутадиен өндірісі бойынша жаңа жобаларды дамыту арқылы өңірге инвестиция тартуды қолға алмаса, жағдай қиындап барады. Жыл соңына дейін облыс 2,5 трлн теңге инвестиция тартуды жоспарлағанымен, 10 айда тек 1,7 трлн теңге инвестиция тартқан.
Маңғыстау облысы биыл 1 трлн теңгеге инвестиция тартуды жоспарлаған. Алайда былтырғы үлкен база және жоспардан тыс ірі инвестициялық (газ құбыры) жобалардың әсерінен облыс биыл 10 айда бұл көрсеткішті тек 87,2%-ға орындаған.
Ақмолада соңғы уақытта ірі инвестициялық жобалардың саны азайып, өңірде экономикалық белсенділік төмендеді. Облыстың кейбір ауданында логистика мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігі инвесторларды қызықтырмайды.
Ұлытау облысында 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында инвестициялар көлемінің 6,1%-ға азайғаны байқалды. Бұл – өңірдің экономикасына әсер ететін маңызды көрсеткіш. Өңірде инвестициялардың төмендеу себебі сыртқы экономикалық факторлар, өңірлік жобалардың қаржыландырылуының тапшылығы немесе салалардағы қиындықтармен байланысты болуы мүмкін. Бұл тенденция аймақтық даму жоспарын қайта қарастыруды және жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді іздеуді талап етеді.
Ал Жамбыл облысының жылдың соңына дейін оң динамикаға шығуына толық мүмкіндік бар. Биылғы 10 айдың қортындысы бойынша тек 1,8%-ға азайған. Алдағы екі айда бұл көрсеткіш оң динамикаға шығуы мүмкін.
Әрбір төртінші теңге өнеркәсіпке
Өнеркәсіп саласы инвесторға тартымды басты сала болып отыр. Биылғы 10 айда 5,5 трлн теңге немесе әрбір төртінші инвестиция осы салаға бағытталып отыр. Сондай-ақ жылжымайтын мүлік саласына 2,6 трлн теңге, көлік және қойма саласына 2,4 трлн теңге болатын қомақты қаржы салынған. Білім мен ауыл шаруашылығы саласы 0,7 трлн және 0,6 трлн теңге қаржымен теңесуде.
Басты қаржыландырушы – жеке инвестор
Елімізде банк саласы әлсіз инвестордың қатарында қалып отыр. Оның 10 айдағы жиынтық инвестициясы – 545 млрд теңге немесе жалпы инвестицияның 4%-ы. Оның жанында бюджеттен қаржыландыру 20%-ға жақындап қалды. Мемлекеттік және жергілікті бюджет есебінен түрлі салаларға биыл он айда 2,7 трлн теңге болатын инвестиция құйды. Осылайша үкімет пен жергілікті басқарушы орган ірі инвестор ретінде көрініс тауып келеді. Ал басты инвестор – жеке меншік қаржы, яғни жеке инвесторлар. Олардың жалпы инвестициядағы үлесі 65,8%-дан асты. Жеке инвесторлар түрлі салаға 9 трлн теңгеге жуық қаржы құйған.
Шағын кәсіпорын инвесторларға тартымды болуда
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың кәсіпорын түрлері бойынша бөлінуі Қазақстанның әртүрлі кәсіпкерлік секторларының экономикалық белсенділігін көрсетеді. Әдетте, инвестициялар ірі, орта және кіші кәсіпорындарға әртүрлі үлеспен бөлінеді. Мұндай бөлініс кәсіпорындардың даму деңгейін, нарықтағы үлесін және экономикалық ықпалын бағалауға мүмкіндік береді.
Ірі кәсіпорындар
Ірі кәсіпорындар әдетте үлкен көлемдегі инвестициялар тартады, себебі олар кең ауқымды өндіріс орындары мен инфрақұрылымдарды дамытуға қажетті ресурстарды талап етеді. Ірі кәсіпорындар көбінесе өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларында орын алады. Оларға арналған инвестициялар көбінесе ұзақ мерзімді, жоғары көлемді жобаларға бағытталған. Биыл 10 айда ірі кәсіпорындарға тартылған инвестиция 4,5 трлн теңгені құрады.
Орта кәсіпорындар
Орта кәсіпорындар да экономиканың маңызды сегментін құрайды. Олар ірі кәсіпорындармен салыстырғанда шағын болғанымен, инновацияларға бейім және көптеген жаңа жұмыс орнын құрады. Инвестициялар орташа кәсіпорындарға көбінесе техникалық жаңартулар мен өнім түрлерін әртараптандыру үшін бағытталады. Биыл қаңтар-қазан айларында орта кәсіпорындар 1,2 трлн теңгенің инвестициясын тартты.
Кіші кәсіпорындар
Кіші кәсіпорындар көбінесе жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдері болып табылады. Олар негізінен қызмет көрсету, сауда және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жұмыс істейді. Инвестициялар кіші кәсіпорындарға көбінесе инфрақұрылым мен технологиялық құралдарды жаңарту мақсатында беріледі, бірақ көлемі ірі кәсіпорындарға қарағанда аз болады. Бізде әдеттегідей шағын кәсіпорындардың үлесі басым болып келеді, жыл басынан бері инвесторлар шағын кәсіпорындарға 7,9 трлн қаржы салған.
Қайтпек керек?
Экономикалық даму мен инвестициялар әр аймақта әртүрлі қарқынмен жүріп жатыр. Кейбір облыстарда өсім байқалса, ал басқаларында инвестиция салымы төмендеген. Сонымен қатар инвестициялардың негізінен өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік және көлік салаларына бағытталуы жергілікті даму мен инфрақұрылымға байланысты. Алайда мұнай-газ саласына тәуелділік және өңірлер арасындағы теңсіздік проблемаларын шешу үшін қосымша шаралар қажет. Энергетика, көлік, байланыс және су-энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту арқылы негізгі капиталға салынған инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау керек. Жақсы дамыған инфрақұрылым инвесторлар үшін тартымды болады. Сонымен қатар, әкімшілік кедергілерді азайту, бюрократиялық процестерді жеңілдету маңызды.
Нұрсұлтан Ерболатұлы
Сурет: stayinvestment.com