Биыл негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге 210 мыңнан астам талапкер қатысқан. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, олардың 160 мыңы шекті ұпай жинаған. Орташа нәтиже 69 баллды құрады.
Талапкерлер арасында ең көп таңдалған пән комбинациялары – математика-физика (35,2 мың адам), биология-химия (32,5 мың адам) және шығармашылық бағыт (25,7 мың адам). Ең аз таңдалған бағыт – химия-физика, бұл пәндерді 264 оқушы тапсырған.
Тестілеуге қатысқандардың 76,5%-ы емтиханды қазақ тілінде, 23,5%-ы орыс тілінде, ал 149 талапкер ағылшын тілінде тапсырған.
Ең жоғары балл – 140. Бұл нәтиже Түркістан облысының түлегі Әбілхан Жәнібекке тиесілі. Сондай-ақ 598 талапкер 130 балдан жоғары жинады.
Грант конкурсына өтінім қабылдау 13 шілдеде басталды. Бүгінде 10 мыңнан астам талапкер құжат тапсырғаны белгілі. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, байқау нәтижесі 10 тамызға дейін белгілі болады.
фото: Ұлттық тестілеу орталығы

