Отандық мұнай-газ саласының элитасы анықталып, ең беделді тұлға ретінде министр Ерлан Ақкенженовтың аты аталды. Бұл ақпарат«ҚазСервис» мұнайсервистік компаниялар одағы жариялаған рейтингте мәлім болды.
2025 жылы мұнай саласының ең беделді адамы болып ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов танылды. Тізімде министрдің орынбасарлары Әлібек Жамауов, Құдайберген Арымбек пен Ілияс Бақытжан да бар.
Екінші орынға Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, қаржы секторында, соның ішінде «Халық Банкінде» ықпалын сақтап отырған Тимур Құлыбаев жайғасты.
Үшінші орынды «PSA» ЖШС басшысы Бекет Избастин иеленді.Ақпарат құралдары Избастинді президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені екенін жазып жатыр.
«ҚазМұнайГаз» АҚ-ның басқарма төрағасы Асхат Хасенов 8-орында тұр. Тізімнен «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», «Теңізшевройл», «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» секілді кен орындарының бас директорлары мен орынбасарларының есімін табуға болады.
Рейтингтің соңғы орындарын Centrasia Group компаниясының басқарма төрағасы Алмас Құдайберген, Bolashak Group және «Мұнай-газ саласының ардагерлері» ұйымының бас директорлары Алма Нысанбаева мен Анатолы Тегісбаев иеленді.
Рейтингті қалыптастыру кезінде бірнеше негізгі көрсеткіш есепке алынған: компаниялардың нарықтық құны мен капитализациясы, мұнай өндіру және қайта өңдеу нарығындағы үлесі, мемлекетке төлеген салық көлемі, қызметкерлердің саны мен кәсіби деңгейі, сондай-ақ жобалардың сала мен ел үшін стратегиялық маңызы. Бағалау жұмысына 15-тен астам тәуелсіз сарапшы қатысты. Олардың қатарында аналитиктер, салалық журналистер және ірі компаниялардың өкілдері бар.
Былтырғы үштік
2024 жылы алғашқы үштікті Алмасадам Сәтқалиев (бұрынғы Энергетика министрі), Асхат Хасенов («ҚазМұнайГаз» ҰК басшысы) және Тимур Құлыбаев құрады. Ал Бекет Избастин ол кезде төртінші орынға табан тіреді.
2025 жылғы рейтингтің тағы бір ерекшелігі – 5-тен 7-орынға дейін энергетика вице-министрлері орналасқан. Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қазіргі жетекшісі былтырғы жоғары позициясынан түсіп, сегізінші орынға тұрақтады.
Ұйым аталмыш рейтингті қыркүйектің алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Мұнайшылар күніне орай жариялайды.
Еліміздің мұнай-газ саласындағы ықпалды тұлғалар рейтингін қарастырумен қатар, саладағы табыстың өңірлерге қалай әсер етіп жатқанын да назардан тыс қалдыруға болмайды.
Батыс Қазақстан облысы – елдегі ірі мұнай өндіруші аймақтардың бірі. Мұнда «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» сияқты алып кәсіпорынжұмыс істейді.
Алайда өңірдің экономикалық дербестігі төмен: көптеген аудандар даму қарқынынан қалып қойған, ал облыс кірісінің 60%-ы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттерге тәуелді. Бұл парадокс мұнайдан түсетін қыруар табыс пен жергілікті халықтың тұрмыс сапасы арасында айтарлықтай алшақтық бар екенін көрсетеді. Толығырақ Sarapshy.info мақаласынан оқыңыздар.
фото: kazservicemag.kz

