Қазақстанда ана мен нәресте өлімі ең жиі кездесетін алты аймақ белгілі болды. Бұл туралы үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті.
Министрдің айтуынша, барлық қабылданып жатқан шараларға қарамастан, босанған әйелдердің өлім-жітімі Ақмола, Жетісу, Жамбыл, Абай, Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы көрсеткіш әлі азаймаған. Ана өлімінің асқынуына 55% жағдайда ауыр экстрагениталды аурулар, ал қалған 45%-ына акушерлік асқыну себеп болды.
Ал сәбилер арасындағы өлім-жітім көрсеткіші Кызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Абай облыстарында артқан. Нәресте өліміне перинаталдық кезеңдегі асқынулар, туа біткен даму ақаулары және тыныс алу ағзаларының аурулары себеп болып отыр.
Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ұлытау облыстарында балалардың үй жағдайында көз жұму көрсеткіші республикалық деңгейден екі есе жоғары.
Осыған байланысты министр аймақ әкімдеріне медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық тұрғыда нығайтуға, мамандармен қамтамасыз етуге және олардың біліктілігін арттыруға, жүкті әйелдер мен балаларды облыстық орталықтарға жеткізуге арналған көлікпен қамтуға бюджеттен қаражат бөлуді сұрады.
2025 жылдың басынан бері ел бойынша ана мен нәресте өліміне қатысты 44 медициналық мекеме жоспардан тыс тексеруден өтті. Қазір Жамбыл және Ақмола облыстарындағы перзентханаларда ауқымды тексерулер жүріп жатыр.
«Қыркүйектен бастап медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тиісті сертификаты болмаған жағдайда мамандарды жұмыстан шеттете алады. Сондай-ақ пациенттерді қолдау қызметтері мен біліктілік талаптары күшейтіледі. Өңірлерде медициналық көмек сапасын бақылауүшін KPI сапа индикаторлары қолданылады», — деп мәлімдеді Ақмарал Әлназарова.
фото: freepik.com

