Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу тоқтатылады. Бұл жөнінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.
Министрдің сөзінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу кезең-кезеңімен тоқтайды.
Енді оның орнына атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ваучер (талон) беріледі. Ваучер арқылы көмек алушылар тауарларды жеңілдікпен сатып ала алады. Қазір елдегі бірнеше өңірде пилоттық жоба іске қосылған.
Белгілі болғаны, жоба Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қалаларында сынақтан өтіп жатыр. Пилоттық жоба жыл соңына дейін жалғасып, 2026 жылы басқа өңірлерде жүзеге асырыла бастайды.
Осыған дейін Батыс Қазақстан облысы тұрғындары ай сайынғы табысының 53,8%-ын азық-түлікке жұмсайтынын жазған едік. Қазақстанның өзге өңірлеріндегі жағдай БҚО-ға ұқсас. Мәселен, Жетісу және Ұлытау облыстарының тұрғындары айлық табысының шамамен 60%-ын азық-түлікке жояды.
Аграрлы ел азық-түлік өнімдерін шетелден импорттап отыр. Қазақстанда азық-түлік бағасының тұрақсыздығы, өнім тапшылығы және импортқа тәуелділік мәселесі шешілмей келеді.
Фото: Freepik.com

