«Қыз Жібек» көркем фильмінде бас кейіпкердің рөлін сомдаған Меруерт Өтекешоваға Қазақстанның халық әртісі атағы берілді. Бұл жөнінде ҚР Президент баспасөз қызметі хабарлады.
Актриса 1951 жылы 25 ақпан күні Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында дүниеге келді. 1968 жылы Алматы қаласындағы №68 мектепті тәмамдады. Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік мәдениет институтының театр факультетінде оқыды. КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкееваның класында білім алды.
Жұбай Құман Тастанбеков екеуі шаңырақ көтерді. Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Төлеген образымен танылған Қ. Тастанбеков 2017 жылы дүниеден озды.
Театр және кино актрисасы М. Өтекешоваға бұған дейін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы, «Парасат» және «Құрмет» ордендері берілді, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атанды.
фото: Facebook/ kazakhfilmstudios.kz

