Маңғыстау облысында 55 ерекше білім беру қажеттілігі бар тиісті ем-домын ала алмай келген
Бейнеу ауданында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың құқығы бұзылғаны анықталды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық прокуратурасы хабарлады.
Бейнеу аудандық прокуратурасы «Бейнеу психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мекемесінің қызметін талдау барысында балалардың білім алу құқығын шектейтін бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған. Аталған түзету кабинеті психофизикалық дамуында ауытқуы бар балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуге міндетті.
Алайда 2023-2024 оқу жылында көру қабілеті нашар, маманның тұрақты сүйемелдеуіне мұқтаж 12 балаға тиісті маман – тифлопедагогтың көмегі мүлде көрсетілмегені белгілі болды.
Тиісті психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілмей, жалпы мүгедектігі бар 55 бала қажетті емін ала алмаған.
Прокурорлық қадағалаудың нәтижесінде түзету кабинетінің директоры әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабы 4-бөлігі (білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын сақтамау) бойынша жауапкершілікке тартылды, ал орынбасарына тәртіптік жаза қолданылды.
фото: freepik.com

