Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өткізген брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай сапалы білім алуды көздеген жастарға Ақтаудан басқа қалада оқуға кеңес берді.
Журналист мектеп бітірген түлектер үшін Ақтауда екі ғана жоғары оқу орыны бар екенін, алдағы уақытта жоғары оқу орындар санын көбейтудің маңызы туралы сауал қойды.
«ЖОО-ға қатысты айтсақ, қазір 13 мың студент оқып жатыр. Бірақ Ақтау қаласында оқу міндетті емес деген ойдамын. Егер Ақтауда туып-өскен күнде басқа қалада оқығым келер еді. Мысалы, өзім Алматыда оқыдым және көп дос таптым. Қазір Қазақстанның барлық өңірінде достарым бар. Менің ойымша, басқа қалада оқыған дұрыс. Көзқарасыңды кеңейту, жаңа достар табу және басқа ортаны көру үшін өз қалаңнан кеткен абзал», — дейді облыс әкімі.
Әкім кездесу барысында, балаларының да туған қаласында қалуын қаламайтынын айтты.
«Мен балаларымның өз туған қаласында қалғанын қаламаймын. Олар жаңа достар тауып, мен өткен жолмен жүруіне мүмкіндік берер едім. Өзімнің тәжірибем бойынша, басқа қалада оқудың артықшылығы өте көп. Оларға Ақтауда оқуды ұсынбаймын, әрине, бұл жердегі білім беру сапасын төмен деп тұрғаным жоқ. Бірақ көзқарасты кеңейту тұрғысынан алғанда, басқа жерлерде оқу әлдеқайда пайдалы деп есептеймін», — дейді.
Қилыбайдың айтуынша, Ақтауда колледж түлектеріне сұраныс жоғары. Практикалық білімді игеріп шыққан студенттерді жергілікті және туристік компаниялар бірден жұмысқа алады.
Кездесу соңында басқа журналист облыс әкімінің осы жауабына қатысты «Өзіңіздің өңірде азаматтарға, балаларға оқуға кеңес бермеймін деп айттыңыз, сіздің облыстағы ЖОО-лардың сапасы өзге оқу орындарынан төмен бе?» — деген сұрақ қойды.
Қилыбай жауабының мақсаты өзге болғанын айтып, ақталды.
«Бұрмаламағаныңыз дұрыс. Мен Маңғыстауда оқуға кеңес бермеймін деген жоқпын. Сыртқа да шығып оқуға кеңес беремін деп айттым. Әрине, Маңғыстауда оқи берсін, менің шаруам жоқ. Бірақ ел көргені, жер көргені жақсы ғой», — деп сөзін түйіндеді облыс әкімі.
Сурет: Akorda.kz