Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын жөндеу жобасы тағы да қосымша қаржыландыруды қажет етіп отыр. Үкімет бұл мақсатта Ұлттық қордан қосымша 9,4 млрд теңге бөлу жоспарлап отыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Павлодар қаласы әуежайын реконструкциялау жобасының жалпы құны 16,4 млрд теңгені құрайды. 2024 жылы жөндеу жұмыстарына Ұлттық қордан 4,8 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа материалдар мен жабдықтар сатып алынған.
Қазір аэродром жабынын фрезерлеу, дренаж жүйесін орнату және периметрлік қоршау салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның орындалу деңгейі – 44%.
Қосымша қаржы бөлуді Көлік министрлігі ұсынды. Республикалық бюджеттік комиссия бұл шешімді бекітіп, 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына енгізді.
Үкімет пен Павлодар облысы әкімдігі әуежай жөндеуінің аяқталуын 2026 жылға жоспарлап отыр.
Кейінгі уақытта Ұлттық қордың Қазақстан экономикасындағы рөлі барған сайын күшейіп келе жатыр. Болашақ ұрпақтың игілігі үшін жинақталуы тиіс болған қаржы резерві қазір мемлекеттік бюджеттің басты донорына айналған. 2015 жылдан бері Ұлттық қордан бюджетке аударылатын трансферттер көлемі біртіндеп артып, 2020 жылға қарай 4,8 трлн теңгеге жеткен. 2022 қордан жылы 4,6 трлн теңге аударылды, 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,6 трлн теңгені құрады.
фото: Instagram/airport_pavlodar

