2025 жылғы 1 қазанға дейін кәмелетке толған қазақстандықтар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 22,29 млн АҚШ долларынан астам қаражат жұмсады. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры хабарлады.
Айта кетейік, биыл Ұлттық қордан әр балаға 129,38 АҚШ доллары бөлінді.
Бағдарлама іске қосылған 2024 жылғы 1 ақпаннан бері уәкілетті операторлар 156 956 өтінішті орындаған.
Қаражаттың негізгі бөлігі — 14,14 млн доллар — тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталды. Азаматтар бұл соманы көбіне тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымдарын толықтыруға (13,85 млн доллар, 95 786 өтініш), ипотекалық несиеге бастапқы жарна енгізуге (101,44 мың доллар, 755 өтініш), сондай-ақ меншікке тұрғын үй сатып алу үшін түпкілікті есеп айырысуға (69,88 мың доллар, 553 өтініш) жұмсаған.
Білім алуға арналған өтініштердің жалпы сомасы шамамен 8,15 млн долларды құрады. Оның ішінде қазақстандық оқу орындарында оқу ақысын төлеуге 7,38 млн доллар (52 574 өтініш), білім алу жинақтау салымын толықтыруға 527,67 мың доллар (4 477 өтініш), шетелдік білім беру ұйымдарының қызметтеріне ақы төлеуге 194,54 мың доллар (1 526 өтініш) жұмсалған.
фото: freepik.com

