Мәдениет және спорт министрі қызметін атқарған Арыстанбек Мұхамедиұлының аштық жариялағаны туралы ақпаратты ресми мекеме растаған жоқ. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) баспасөз қызметі Kaztag редакциясына мәлімдеді.
КазТАГ редакциясының сауалына:
«Сотталған азаматтың аштық жариялағаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ол тамақ ішіп жатыр, бұл бейнебақылау камераларының жазбаларымен расталған. Одан ешқандай шағым немесе өтініш түскен жоқ. Сонымен қатар, белгіленген тәртіпке сәйкес, сотталған азаматтың ұялы телефонға қолжетімділігі жоқ. Осыған байланысты, әлеуметтік желілерде оның атынан жарияланған жазбаға қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр. Жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауапқа тартылатынын ескертеміз», – деп жауап берген ҚАЖД.
Кеше, 10 желтоқсан экс-шенеуніктің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында оның аштық жариялағаны туралы ақпарат пайда болған еді. Дегенмен, ҚАЖД бұл мәліметті жоққа шығарып, тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Бұрынғы министрге тағылған айып қандай?
Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бірнеше қылмыстық іс бойынша айыпталып, сот үкімімен 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
2017-2018 жылдары Ұлттық киноколлекцияны цифрландыруға бөлінген 196 миллион теңгені және 2019-2020 жылдары «Қазақстанның ұлттық киелі орындары мен мұражай қорларын 3D-сканерлеу» жобасына бөлінген 1,5 миллиард теңгені жымқырды деп айыпталды.
«Дипломат» қонақ үйінің жарғылық капиталының 29% үлесін иемденуге тырысты деп айыпталды.
2022 жылдың желтоқсанында қамаудан босатылу және «Дипломат» қонақ үйін меншігінде сақтау мақсатында адвокаты арқылы лауазымды тұлғаларға аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды деп айыпталды.
2023 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлттық музейдің директоры қызметін атқарған кезде, оған бюджеттен бөлінген 221 миллион теңгені жымқырды деген айып тағылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда, ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «менің жұмысым біреулерге ұнамай, әдейі соттатып жатыр» деп мәлімдеген еді.
Алайда, 2024 жылдың 13 ақпанында Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мұхамедиұлын «аса ірі көлемде пара беруге оқталды» деп танып, жаза мерзіміне тағы 3 жыл қосты. Осылайша, түпкілікті сот үкімімен ол жалпы 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сурет: primeminister.kz