Kcell ұялы байланыс операторы кейбір абоненттеріне түрлі ойындар мен «астроболжам» секілді қосымша қызметтерді ескертусіз қосып отырған, деп хабарлайды KazTAG.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков өз Telegram-арнасында жазды. Оның айтуынша, бұл қосымшалар үшін пайдаланушылардың есебінен автоматты түрде ақша алынған.
«Компаниялардың топ-менеджерлерінің бонустары өздігінен жиналмайды, ал «Қазақтелеком» басшылары осы арқылы табыс тауып отыр», — деп мәлімдеді Козачков.
Журналистің жазбасына сәйкес, күмәнді қызметті Kcell операторының өзі емес, «Кордекс» ЖШС-сі ұсынған. Оның дерегінше, компания директоры Тимур Тайжанов Көлік министрлігінің вице-министрі Жәнібек Тайжановтың туысы болуы мүмкін.
«Олардың арасындағы туыстық қарым-қатынас белгісіз, бірақ «Кордекс» байланыс операторы емес, сонда ол біздің телефондарға қалай кіріп, ақшамызды шешіп отыр?» – деді Козачков.
«Кордекс» 2024 жылы бюджетке 60 млн теңгеге жуық салық төлеген.
«Бұл ақшаның бәрі пайдаланушылар өшірмеген «тілектер марафонынан» түскен болуы мүмкін. Жемқорлықтың иісі шығып тұрған жоқ па?» – деп қорытындылады өз зерттеуін журналист.
Естеріңізге сала кетейік, Kcell байланыс операторы 2025 жылдың 21 сәуірінен бастап 18 тарифтерінің құнын 6%-дан 25%-ға дейін өсірді.
фото: freepik.com

