Қазақстанда электр энергетикасы саласында жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 16 лауазымды адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл жөнінде жоғары аудиторлық палата хабарлады.
Аудит барысында 66 миллион теңге көлемінде қаржылық бұзушылық, 2,2 миллиард теңгенің дұрыс жоспарланбағаны, 104,8 миллиард теңге көлемінде бюджет қаражаты мен активтердің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Сонымен қатар 72 рәсімдік және 35 жүйелі кемшілік тіркелді.
Жауапқа тартылғандардың қатарында ҚР Энергетика министрлігіне қарасты департамент директоры, «Самұрық-Энерго» АҚ құрамындағы «Eneymentau Wind power» ЖШС-ның бас директоры, «Электр энергиясы және қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ-ның қаржы жөніндегі басқарушы директоры мен цифрлық қамтамасыз ету департаментінің директоры, «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС-ның бірнеше бөлім басшылары мен орынбасарлары бар.
Бұған дейін мемлекеттік аудит энергетика саласында көптеген кемшілік бар екенін анықтады. Генерациялау қуаттарының жабдығы 55%-ға, ал электр желілері 76%-ға тозған. Көптеген қосалқы станция кеңестік кезеңнен бері жұмыс істеп келеді, олардың өнімділігі төмендеп, апат тудыратын жағдайда тұр.
Энергия өндіру мен тұтыну көлемі өңірлерде әртүрлі. Көптеген генерациялау қуаттары солтүстік аймақта шоғырланған, ал тұтынудың төрттен бірі оңтүстік аймаққа тән. Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары ғана өзін-өзі электр қуатымен қамтамасыз ете алады.
Тарифтік саясаттың ашықтығы мен тиімділігі де сынға алынды. Энергетика министрлігі электр энергиясын өндіру мен сату шығындарын бақыламайды, бұл тарифтердің негізсіз жоғарылауына себеп болып отыр. Баланстық нарықта да тарифтерді есептеу формулалары субъективті тәсілге жол береді, бұл 34,7 миллиард теңгеге артық баға қоюға себеп болған.
KEGOC компаниясының жеткізген жабдықтарының нарықтық бағадан 2-3 есе жоғары бағамен сатып алынғаны анықталып, бұл 2,2 миллиард теңге шығынға әкелген.
Майнинг компаниялары 901 миллион кВт/сағ электр энергиясын 13 миллиард теңгеден астам сомаға сатып алып, ресми операторларды айналып өткен.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бұл жағдайды қатаң сынға алып, Энергетика министрлігін өндіріс көлемдерін, тұтыну мөлшерін және нақты тарифтерді бақылауға шақырды.
фото: pexels