Еуропалық Одақ Украинаға қарсы соғысты жалғастырып отырған Ресейге қарсы 18-санкциялық пакетті бекітті. Бұл туралы ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі өкілі Кая Каллас мәлімдеді.
“Ресейдің Ураинаны бомбалауы басылар емес, сонымен қатар тыйым салынған химиялық қаруларды қолдану жиілей түсті. Мұның бәрі Ресейдің бейбітшілікті қаламайтынын көрсетеді”, — деп хабарлады ол өз Х парақшасында.

Калластың айтуынша, бұл – ЕО қабылдаған ең қатаң санкциялардың бірі. Жаңа пакет Кремльдің әскери бюджетін қысқартуға, Ресейдің мұнайдан түсетін табысын азайтуға және оның “көлеңкелі флотына” тосқауыл қоюға бағытталған.
Атап айтқанда, Ресейге тиесілі 105 кеме ЕО порттарына кіре алмайды. Сонымен қатар Ресей банктеріне де шектеулер күшейтіліп, тағы 22 қаржылық ұйым SWIFT жүйесінен ажыратылады.
The Guardian дерегінше, Словакия премьер-министрі Роберт Фицо бейсенбі күні кешке санкциялық пакетке қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді. Ал бүгін таңертең ЕО елшілері шұғыл жиналыс өткізіп, құжатты қабылдады.

Словакия – Еуроодақтағы REPowerEU бастамасына қарсы шыққан санаулы елдердің бірі. Братислава мен Ресейдің “Газпром” компаниясы арасында 2034 жылға дейін газ жеткізу жөнінде келісімшарт жасалған. Бұған дейінгі ақпараттарда премьер-министр Роберт Фицо осы келісімді сақтап қалу немесе ЕО-дан энергетикалық қауіпсіздікке қатысты өтемақы мен кепілдікалудың жолдарын іздеп жүргені айтылған.
Айта кетейік, Словакия REPowerEU бағдарламасына вето қоя алмайды – бастама ЕО елдерінің бірауызды шешімін қажет етпейді, тек көпшілік дауыспен қабылданады.
Санкциялар Ресейдің мұнайды үшінші елдерге экспорттауынан түсетін табысты шектеуге ерекше назар аударады. Мұнай бағасына қойылған шекті мөлшер енді $60 емес, $47,60-ға төмендеді.
Бұған қоса, ресейлік жанармай, авиаотын және мазутты ЕО-ға тасымалдауға толықтай тыйым салынбақ.
фото: istock.kz

