Биыл жеті ай ішінде есірткіге қатысты 4 655 қылмыс анықталды. Оның 2 100-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады.
Есірткі жасырушылардан бастап есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға дейінгі қылмыстық схемалар ашылды. Ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және басқару фактілері бойынша 24 қылмыстық іс қозғалып, оның ішінде үш трансұлттық қылмыстық топ жойылды. 12 басшы мен 48 белсенді ұсталды.
Сондай-ақ 11 тоннадан астам есірткінің айналымға түсуіне жол берілмеген. Синтетикалық есірткінің тәркіленген көлемі үш есеге артып, бір тоннадан асты. Есірткі өсірудің 322 фактісі және 76 контрабанда дерегі анықталды. Жеті ай ішінде 20 мың есірткі сайты бұғатталды. Сонымен қатар шоттарында 2,5 миллиард теңге жинақталған күдікті операциялармен байланысты 38 мың банк картасы бұғатталған.
ІІМ дерегіне сүйенсек, 102 есірткі зертханасы жойылды. Оның 11-і синтетика өндіру бойынша болса, 91-і фитозертхана. Есірткі бизнесіне 110 млн АҚШ доллары көлемінде шығын келтірілді.
«Қазіргі уақытта есірткі қылмысымен күрес есірткі бизнесі үшін жазаны күшейту, өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жазалау түрінде жүргізіліп жатыр. Интернетте есірткіні жарнамалаған және сатқаны үшін жауапкершілік енгізіліп, прекурсорлардың айналымы мен есірткі зертханаларына арналған құрал-жабдықтар үшін жаза күшейтілді. «Дроппер болғандарға» қылмыстық бап енгізілді», — деп жазды Х парақшасында бас прокурор Берік Асылов.
Қазір есірткі жарнамасын жоюға коммуналдық қызметтер мен еріктілер қатысады. 35 мыңнан астам есірткі жарнамасы жойылған. Жыл басынан бері 22 есірткі жарнамашысы ұсталып, 133 қылмыстық іс қозғалды.
Бас прокурордың сөзінше, есірткі бизнесін ұйымдастырушылардың мүлкі мен цифрлық активтерін алып қоюдың жаңа әдістемесі әзірленді. Прокурорлар осы әдістемені қолдана отырып, бес өңірде 9 миллиардтан астам теңгені құраған қылмыстық істерді тергеп-тексеріп жатыр.
Ақтау мен Шымкентте ұйымдасқан қылмыстық топтың тоғыз мүшесі 2,3 миллиард теңгені (1,2 миллиард қолма-қол ақша және 1,1 миллиард банк шоттарында) қолма-қол ақшаға айналдыру кезінде ұсталып, ірі көлемде есірткі алынды. Ұлытау облысында құны алты миллион доллар болатын криптовалютаға тыйым салынды.
Астанада бірнеше есірткі дүкендерінің жұмыс жасауының жолы кесіліп, құны 3,8 миллион доллар (88 әмиян) тұратын криптовалютаға тыйым салу шаралары қолға алынды. Шетелде жасырынған ұйымдастырушылар ұсталды.
Шымкентте арнайы прокурорлар АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасының ірі есірткі дүкені бойынша қызметкерлерінің көмегімен оның шетелдік ағындарын, соның ішінде криптовалютаны жылдам қадағалап, 70 миллиард теңгеге 500 мың транзакциясын анықтады, екі астыртын зертхананы жойып, 24 қатысушыны қамауға алды.
«ҰҚК мен полиция қызметкерлері криптовалютада 12 миллион доллар құрайтын осындай істі тергеп-тексеруде. Барлық есірткі саудасы интернетте жалған шоттарды, криптовалюталарды және P2P төлемдерін пайдалана отырып жүзеге асырылатынын ескере отырып, есірткі қылмысына қарсы күресте IT-технологиялар қолданылады. Есірткіге қатысты барлық қылмыстық істер бойынша «дроппер» транзакцияларын бұғаттау алгоритмі жұмыс істейді. Жыл басынан бері құны 2,3 млрд теңге болатын 85 мыңнан астам картаға тыйым салынды. Жалпы алғанда арнайы прокурорлардың істерімен бірге есірткі істері бойынша тыйым салынған активтердің сомасы 11,5 миллиард теңгеден асады», — дейді Берік Асылов.
Фото: freepik.com

