29 қыркүйекте Алматы қаласында пәтерақыны уақытылы төлемегені үшін ұсталған азамат полицейлер тінту кезінде оған «есірткі салғанын» айтты. Бұл туралы күдікті Бексұлтан Мұратұлы президентке жолдаған видеоүндеуінде хабарлады.
Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары бейнежазбада полицейлер ұсталған адамның қалтасына белгісіз зат салғандай көрінгенін айтқан еді. Алматы қалалық полиция департаменті ол кезде түсініктеме беріп, азаматтың тәулікке жалданған пәтердің ақысын төлемегені үшін жауапқа тартылғанын мәлімдеген. Даулы сәтке қатысты ведомство өкілі полицей тек азаматтың қалтасынан түсіп қалған жеке затын қайтарып бергенін жеткізген.
Бексұлтан Мұратұлының айтуынша, №84 учаскелік пунктінің қызметкерлері тінту кезінде оның қалтасынан тыйым салынған зат тапқанын мәлімдеген, бірақ видеода оны полицейлердің өздері салғаны анық көрінеді.
«Аталмыш әрекеттер менің заңмен қорғалатын құқықтарымды өрескел бұзады және құқық қорғау органдарына деген сенімді төмендетеді. Мен тәуелсіз тергеу жүргізуді сұраймын», – деді ол.
Бексұлтан Мұратұлы бұған дейін сотталған. Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданының соты оған пробациялық бақылау жазасын тағайындады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баспасөз отырысында бұл оқиғаға қатысты
мәлімдеме жасады.
«Ол істе есірткіге қатысты айыптау жоқ. Қазір тексеру жалғасып жатыр. Бұл жайттың түсініксіз тұстары көп. Атап айтқанда, тінту жүргізген полицейлер жауапкершілектен жалтаруға тырысып жатыр. Біз бәрін егжей-тегжейлі зерттейміз», – деді министр.

