Дәмханалар мен кафелерде қызмет үшін қосымша төленетін 10% ақы алынып тасталынады

Алдағы уақытта мейрамхана, дәмхана және басқа да қоғамдық орындарда тұтынушыдан тамақ мәзірінде көрсетілген бағадан тыс қосылатын үстемақыны алуға заң жүзінде тыйым салынуы мүмкін. ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев заңға өзгеріс енгізілетінін айтты.

Сенаттығы брифинг барысында журналистер мейрамханалар мен өзге де қоғамдық тамақтану орындарында көрсетілген қызмет үшін тұтынушылардан 10-15% ақы алу қаншалықты заңды екенін сұрады.

«Біз қызметтер мен пайыздарға қатысты сауалды білеміз. Қазір ішкі сауда ережелеріне өзгерістер дайындап жатырмыз. Егер сізге қызмет көрсетілсе және ол сол қызметтің ішінде кірсе, қосымша ақы алынбауы керек деп есептейміз. Мұндай өзгерісті қолдауға барлығы бірдей дайын болмайтыны белгілі. Соған қарамастан біз ұсынысты дайындап жатырмыз. Бұл қызмет көрсету бойынша мәжбүрлі төлеу және басқа да жарналарға қатысты», – деп жауап берді Арман Шаққалиев.

Қазіргі уақытта аталған мәселеге қатысты ұсыныс әзірленіп жатыр. Министрдің айтуынша, егер қызмет құны клиентке сервистің жалпы құнына енген болса, онда қосымша ақшалай сыйақы төлеудің қажеті жоқ.

Айта кетейік, қазір дәмхана, ресторандардың барлығында дерлік тұтынушы қызмет үшін кемінде 10 пайыз үстемеақы төлейді.

Еске салсақ, кеше Мәжіліс «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» туралы заңның жаңа жобасы мен оған ілеспе түзетулерді мақұлдады.

Сурет: freepik.com

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған