Үлкен Алматы өзенінің жағалауында гранит плиталардың ұрланып, тасымалдануына қатысты тексеріс жүргізіледі.
Күні кеше әлеуметтік желіде түн ішінде Алматы қаласындағы гранит плиталардың құлыптас әзірлейтін цехке тасымалданып жатқаны туралы бейнежазба жарияланды. Қоғам белсендісі Санжар Боқаев өзіне жергілікті тұрғындардан бейнематериал келгенін айтады. Онда плиталардың көлікке тиеп әкетіліп жатқаны белгілі болады. Кейін ол өзі түнде өзен бойына барып, жағдайды бақылаған.
Осы жағдайға қатысты Алматы қаласының полиция департаменті бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғанын хабарлады.
– Қылмысты ашуға және кінәлі адамдарды жауапқа тартуға бағытталған жедел және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, — делінген полиция хабарламасында.
Бұған дейін Санжар Боқаев осы Алматыдағы Уәлиханов-Жамбыл көшелерінің қиылысынан алынған брусчаткалар жеке адамдарға сатылып жатқанын айтқан еді. Белсенді полиция шақырып, бұны жымқыру фактісі ретінде тіркеуді сұрады.
Фото: Pexels.com

