2025 жылы Қазақстан премьер-лигасының футбол клубтарына бюджеттен 32 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл туралы журналист Иван Резванцевтің зерттеуінен белгілі болды.
2025 жылы өңірлердің спорт басқармалары футбол клубтарын қолдауға 26,7 млрд теңге бөлген. Ал Sport Qory квазимемлекеттік фонды қаржыландыратын «Астана» клубының шығындарын қоса есептегенде, жалпы сома 31,9 млрд теңгеге жетеді.
2020-2023 жылдар аралығында қазақстандық кәсіпқой футбол клубтарына 111 млрд теңгеден астам мемлекеттік қаржы жұмсалған.
Биыл Sport Qory елордалық «Астанаға» 5,3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлген. «Ақтөбе» футбол клубы бюджеттен 4,43 млрд теңге қаржы алса, «Ордабасыға» 2025 жылы 3,55 млрд теңге бөлінген. Ең «қымбат» командалар қатарына 2,77 млрд теңге алған семейлік «Елімай» да кіреді.
«Астана» клубы 2021-2024 жылдары квазимемлекеттік сектордан 24,6 млрд теңге алған (бір жылға орта есеппен – 6,15 млрд) және бұл уақыт ішінде ең көп қаржы 2021 жылы – 9,2 млрд теңге бөлінген.
Биыл Чемпиондар лигасына жолдама алған «Қайратқа» 750 млн теңге бөлінген. Клубтың негізгі бюджеті кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың жеке қаражаты есебінен қалыптасады.
Келесі жылы Қазақстан премьер-лигасы 16 клубқа дейін кеңейеді: түркістандық «Тұран» лигада қалмайды, ал «Каспий», «Ертіс» және «Алтай» жоғарғы дивизионға қайта оралады.
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметтер бойынша 2019 жылы кәсіби футбол клубтарына 28,5 млрд теңге бюджет қаржысы жұмсалған. 2020 жылы бұл сома 27,3 млрд теңгені құрады. Алайда 2021 жылы мемлекет спортқа қаржы бөлуді қайта қарап, Мәдениет және спорт министрлігі әр клубқа бөлінетін жылдық субсидияны 1,2 млрд теңгеден асырмау туралы шешім қабылдады. Соның нәтижесінде 2021 жылы клубтардың жиынтық бюджеті 16,9 млрд теңгеге қысқарды.
фото: freepik.com

