Ұлттық Экономиканың бұрынғы министрі Қуандық Бишімбаев қамаудан қашты деген ақпарат негізсіз. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі Қазақстан ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК) сілтеме жасап хабарлады.
«Әлеуметтік желілерде сотталған Қуандық Бишімбаев түрмеден қашты деген жалған ақпарат тарап жатыр. Ол қазіргі уақытта ең қауіпсіз режимдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр», – деп мәлімдеді ҚАЖК комитетінің баспасөз қызметі.
Мұндай ақпараттың тарауына AIRAN редакциясының YouTube арнаға шыққан репортажы себеп болған дейді. Видеода журналист экс-министр жазасын өтеп жатыр деген Аршалы ауылындағы колонияға барып, сол жердегі жауапты мамандардың Бишімбаевтың бұл колонияға келмегенін және ондай адамды көрмегенін айтады. Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова экс-министрдің Аршалыда емес екенін растаған. Кейінен түсірлім тобы Ақмола облысындағы Степногорск қаласындағы колонияға да барады, алайда бірнеше сағат күткен журналистерге мекемеден жауап болмады.
ҚАЖК комитеті жалған ақпарат таратқандарға қарсы қылмыстық іс қозғалғанын және халықты тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір жыл бұрын Астанадағы BAU мейрамханасында Салтанат Нүкенованың өліміне азаматтық некедегі күйеуі Қуандық Бишимбаев күдікті ретінде ұсталған болатын.
Ұзаққа созылған сот процессінің жауабы нәтижесінде 2024 жылы 13 мамырда Астана соты Бишімбаевты кінәлі деп танып, «Салтанат Нүкенованы қинап, аса қатыгездікпен өлтірді» – деген айыппен 24 жылға, ал «қылмысты жасырды» деп айыпталған туысы Бақытжан Байжановты 4 жылға соттады. Сонымен қатар Бишімбаев бұл оқиғаға дейін де сыбайлас жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталып, мерзімінен бұрын босап шыққан еді.
Қазақстан тәжірибесінде алғаш рет сот онлайн режимде өтіп, процесті 10 мыңнан астам адам көрді. Қоғам белсенділері мен мамандар, әйел құқығын қорғаушылар бұл жағдай елдегі әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың шегіне жеткенін көрсетті деп баға берді.
Осы оқиғадан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.
Сурет: ҚР Жоғарғы соты