Close Menu
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube TikTok RSS
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
    • Құпиялық саясаты
  • Бізге жаз
Facebook Instagram Telegram WhatsApp YouTube TikTok
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
Жаңалықтарға жазылу
Среда, 3 декабря
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube RSS
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
  • Бізге жаз
Басты бет»Саясат»“Билік демократия институттарын декорация есебінде пайдаланады” — Дос Көшім
Редакция Саясат 15/09/2025

“Билік демократия институттарын декорация есебінде пайдаланады” — Дос Көшім

Бөлісу
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

15 қыркүйек — халықаралық демокартия күні.  БҰҰ ассамблеясының қарарымен  енгізілген.

Sarapshy.info cаяси жүйе туралы саясаттанушы Дос Көшімге сауалдар қойды. Сарапшы Қазақстандағы билік жүйесі тәуелсіздік алғаннан бері демократия қағидаттарына бейімделе алмай келе жатқанын айтты. Тіпті өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары демократия туралы түсініктің қалыптаспағанын, оқу құралдары мүлдем жарыққа шықпағанын еске алды.

“Демократия не деген сауалға жауап іздеп, қазақ тілінде кітаптар шығара бастадым. 1996 жылы “Демократия негіздері” деген оқулық жаздым. Қазақстандағы жалғыз оқулық сол болды. Демократия орнығу үшін халық сауатты болуы керек. Осы күнге дейін адам құқығы жөнінде жүздеген семинар өткіздім. Жалпы жеті кітап жаздым”, — деп еске алады саясаттанушы.

Дос Көшім Қазақстан азаматтарының көбі демократияның не екенін әлі күнге толық ұғынған жоқ деп есептейді. Себебі тәуелсіздік алғаннан кейін елде түсіндіру жұмысы жүргізілмеген. Мектептерде сабақ та өткізілмеді. Сарапшы бұл іске әу бастан мемлекеттің мүдделі болмағанын атап өтті.

“1990 жылдардың басында Қазақстан халқына, әсіресе, жастарға демократияның не екенін түсіндіру ауадай қажет болды. Мемлекет ол жұмысты жүргізбеуге тырысты. Өйткені билік тұтқасын бұрынғы коммунистер ұстады. Бұрынғы коммунистік партияның басшысы президент болды, ал идеологиялық жетекшісі министр болды. Қысқасы, бұлардың бәрі шапандарын ауыстырып, мәселен, есіктің сыртындағы “обкомның бірінші секретары” деген жазуды “облыс әкімі” деп бір күннің ішінде өзгертті. Бір сөзбен айтқанда, коммунистік партия қалай болды, сол күйінде қалды. Сондықтан демократия қоғамға керек болса да, билікке керегі жоқ екенін өз көзіммен көрдім”.

Дегенмен саясаттанушы тоқсаныншы жылдары демократия нышандары болғанын, бірақ кейін үміті ақталмағанын айтты.

“Жоғарғы кеңесте алғашқы кезде белсенді топтар пайда болды. Кейбір біз күткен заңдар да қабылданды. Бірақ ол заңдардың не парламентке, не демократияға, не көппартиялық жүйеге қатысы жоқ еді. Бір-ақ қана дерек айтайын, 1992 жылы депутат Әкім Ысқақ деген жігіт “Халықтың көші-қоны” туралы заңды жазып шықты. Соның нәтижесінде 1 млн 200 мыңдай отандастарымыз қайтып келді. Одан кейін ондай қарекетті көрмедім. Мен әр депутат бір-бір заң жазып шығады деп ойлап едім”.

Дос Көшім демократия деген бұлыңғыр түсінік, нақты мән-мағынасы жоқ деп өзеурейтіндердің уәжі түбегейлі қате деп санайды. Оның пікірінше, демократия институттарын санамалап-ақ шығуға болады, тек осы ұстындардың барлығы билікке бағынышты.

“Демократия институттарының саны әртүрлі жазылып жүр. Бірқатарын атап өтейін, парламент, көппартиялық жүйе, тәуелсіз баспасөз, әділетті сайлау жүйесі, жергілікті өзін-өзі басқару… Шынтуайтында,  Қазақстанда бұлардың барлығы қолдан жасалды. Қазіргі билік, яки бұрынғы коммунистік партияның адамдары, барлық институтты өздерінің қолдарында ұстап, декорация есебінде пайдаланды. Президент аппаратының келісімімен жасалды. Әлі күнге солай”.

Қазіргі саяси күштердің күш-қуаты әлсіз. Елде көппартиялы жүйе қалыптасқан жоқ. Саяси бәсеке деген ауызды қу шөппен сүрткенмен тең. Сарапшы парламенттегі саяси ұйымдардың әрекетсіздігін сынайды.

“Заң жобаларын атқарушы билік жасайды, дайындайды. Сосын парламент өткізеді. Әлі күнге бірпартиялы жүйе сақталып тұр. 2012 жылы парламентте үш партия пайда болды. Қазіргі уақытта парламентте 5-6 партия бар. Бірақ олардың бар деген аты ғана. Сол партиялардың жеке шығарған заң жобаларын не болмаса, заң дайындауға деген бастамаларын, не болмаса, басқа бір партиялардың шығарған заңына қарсылық танытқандарын көрген жоқпын. Бұл жерде бәсеке болуы керек қой. Үш жылдың ішінде бірде-бір партия заң ұсынған жоқ”.

Дос  Көшім саяси жүйені жаңғыртамыз деген биліктің қалтарыс-бұлтарысы көп екенін айтты. Ақорда әмірімен құрылған момын партиялар мінберге шыға қоймайды. Тіпті бірқатары қандай принцип ұстанадарын ашық айта алмайтыны анық.

“Неге әртүрлі саяси партиялар құрылады? Олар бір-бірімен тайталасқа түсуі керек. Мәселен, Республика партиясының өкілдері  “Мына “Аманат” деген партияның алға ұстанып отырған мәселесі бізге ұнамайды. Біздің жолымыз мынау!” деп кесіп айтуы керек қой. Осы тұста айта кетейін, Республика партиясы қырық екі күнде құрылып, тез тіркеліп, парламентке өтіп үлгерді. Ал “Алға, ДВК” ұйымы алты жыл бойы тіркеле алмады. Олардың табандылықпен күрескенін білемін. Сол тіркеле алмаған күйі кетті ақыр аяғында. 2013 жылы Мұхтар Шаханов бастаған топ “Ұлтшылдар” партиясын құрғысы келді. Мен де солардың ішінде болдым. Алпыс  мың қол жинадық.  Бізді де тіркемеді”.

Саясаткер әкімшілдік-әміршілдік жүйе барлық партияны өз уысында ұстап тұр деп санайды. Оның пікірінше, Назарбаев кезеңі — коммунистік жүйенің мұрагері. Керісінше Назарбаев билеген заманда автократия күшейе түскен. Бүгінгі билік — соның жемісі.

“Тоқаев пен Назарбаевтың басқару жүйесі бірдей ғой. Билікке Тоқаевтың келгеніне алты жыл өтті. Қаншама өзгеріс болуы мүмкін екенін шамалаңыз. Мен сайлауға түскен қай кандидаттың да сайлауалды бағдарламасын қарап шығамын. Тоқаевтың 2019 жылы ұсынған сайлауалды бағдарламасында “Назарбаев моделі”, “Ұрпақтар сабақтастығы” деген сөздер бар. Президент осы сөздерді жиі айтады. Турасына көшсек, ол — Назарбаевтың жолын жалғастырушы.  Назарбаевтың жүйесі сол күйі қалды,  тек адамдары бөлек”.

Тоталитарлық жүйе көлеңкесі әлі күнге қала қойған жоқ. Саясаттанушы «Жаңа Қазақстан» және «Әділетті Қазақстан» ұрандары мемлекетті жаңғырта қояды дегенген сенбейді.

“Ана кісінің фамилиясы Назарбаев болса, мынаның фамилиясы — Тоқаев. Екеуі де бірдей. Ең қызығы мынау — Тоқаев та Назарбаевтың командасынан шықты. Оны өзі де мойындайтын шығар. Ал қазіргі жүйеде аты шығып отырған Ерлан Қарин де бес жыл бойы “Нұр Отаннның” хатшысы болды. Енді қалай біз “Жаңа Қазақстан” дейміз. Тағы да қайталап айтамын, жүйе өзгеріссіз қалды”.

Дос Көшім «Аманат» партиясының тарихта нақты бағасын алатынына сенімді. Бұрынғы «Нұр Отан» ықпалы сақталып отыр. Саясаткер осы тұста сарказмнан айналып өтпеді.

“Партияның құрылуы оның алдына қойған мақсатына байланысты. “Аманат” — осы жүйені сақтап қалу үшін құрылған бұрынғы коммунистік партияның “інісі”.  “Нұр Отан” атын өзгерткенде “Халық сендердің аттарыңа қарамайды, жасаған істеріңе қарайды” деп ескерттім аманаттықтарға. Мен ол ұйымға “Нұр Отанның аманаты” деген ат қойдым”.

Сарапшы елдегі сайлау заңнамасы мемлекетті деморкатия баспалдағына көтере қойған жоқ деп есептейді. Сайлауда дауыс ұрлау тыйылмай отырғанын, электорат мүддесі ескерілмейтінін алға тартты.

“Сайлау туралы заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Оны бірі — бюллетеньде “Бәріне қарсымын” деген графа пайда болды. Бұл — ақымақтықтың шыңы. Себебі «Бәріне қарсымын» деген графаны сайлаушылардың 90%-ы белгілегенімен, одан сайлау нәтижесі өзгермейді. Басқа елдердің заңында “Егер сайлаушылардың 50%-ы қатыспаса, сайлау қайтадан өтеді” деген талап бар. Бізде ондай заң бабы болды, 1995 жылы оны алып тастады. Демек Қазақстанда үш адам дауыс берсе де, президентті сайлай береміз. Сондықтан олай істеудің түк қажеті жоқ еді”.

Дос Көшім сайлау жүйесінің ашықтығына күмәнданады. Көппартиялық жүйенің дамымауы — демократиядан алшақтата түседі.

“Әрине, мажоритарлық және пропорционалдық сайлау жүйесінің енгізілгені ұнады. Бірақ кандидаттардың 30%-ына ғана мажоритарлық тәсілмен сайлауға мүмкіндік берді. Қалған мандаттар партияларға берілді. Ал партиялардың барлығы жасанды жолмен құрылған. Сондықтан бізде көппартиялық жүйе бар деп айтуға ауызым бармайды”.

Сенаттың таратылуын Дос Көшім жаңалық деп қабылдамайды. Есесіне, мәжіліс биліктің қолбаласы болып қалады. Биліктің есебі түгел. Басқа да белсенділермен бірге, өзі де осы сенатты таратуды баяғыдан бері ұсынып келе жатқанын айтты.

“Сенаттың таратылуы ешқандай пайда да бермейді, зияны да болмайды. Бұл палатадағы артық бөлшек болатын. Мұны тек соқырішек сияқты алып тастай салу керек еді. Әуелден айтылып келе жатқан мәселе. Президент ойлап тапқан жоқ. Сенат өзінің қызметін атқарды дейді. Иә, ол тарихта нашар қызметін атқарды. Жоғарғы кеңес қарқыны бәсеңсімей тұрған кезде тұңғыш президентті шақырып, батыл сұрақтарды қоятын. Содан Назарбаев мәжіліспен екі ортада тұратын бір буынды ойлап тапты. Өзіне ұнамайтын заң жобасы ұсынылғанда, өзінің жаманатты болып қалмауын ойлады. Мәжілістің дайындаған заңын сенат қарайды да, жоғарыда не айтты, соған сәйкес заң жобаларын қайтарып отырды”.

Саясаткер сенаттың негізгі миссиясын да атап өтті. Ол мәжіліс билікке қарсы табанды болады деп ойламайды.

“Сенат — президенттің қалқаны болды. Енді сенаттың кеткені — мәжіліс толық биліктің қарамағында деген сөз. Билік ештеңені босқа алып тастамайды. Демек сенаттың қажеті жоқ. Отыз жыл бойы сенатты ұстап тұрды ғой. Мәжіліс әкімшілік жүйенің айтқанынан шықпайтын деңгейге түсті”.

Эксперттің пікірінше, әлі күнге азаматтық қоғам демократия құндылықтарын қабылдауға даяр емес. Қоғамдық сана қаншалықты жаңғырса да, көпшіліктің саяси сауаты көтеріле қойған жоқ. Оған билік органдары бет бұра қоймайды.

“Өкінішке орай, қазіргі уақытта азаматтық қоғамды саяси сауаты жоғары деңгейге жетті деп айта алмаймын. Иә, 1990 жылдардағы кезеңге қарағанда, көзіміз ашылды. Жастарымыз көп нәрсені біледі. Саяси сауаты бар. Бірақ әкімшілік-әміршілдік жүйе оларға жұмыс істетпейді. Қаттырақ сөйлесең, көшеге шықсаң, — алып кетіп жатыр. Қаңтар оқиғасы кезінде  оқ атқанын айтпай-ақ қояйын, халықтың көзі ашыла бастаған уақытта билік жаңа бір саяси топтың бас көтермеуін қатаң бақылайды. Азаматтардың саяси сауатын көтеруге, көппартиялы жүйені дамытуға билік құлықсыз”.

Егер саяси жүйе жаңғырған күннің өзінде мемлекет қай жолды таңдауы тиіс? Басқа елдердің саяси моделін алуы керек пе? Дос Көшім ұлттың сана деңгейіне сай мемлекет даму жолын өзі таразылап алуы керек деп есептейді.

“Кезінде Алаш зиялылары бағдарламасын өздері жасады ғой. Әр ел саяси модельді өзі жасауы керек. Басқанікін көшіріп алу қате. Одан мемлекет дамымайды. Рас, кейбір елдегі саяси тәжірибені алу керек шығар. Қазақстан өзінің ұлтына, діліне, даму деңгейіне байланысты модель дайындауы керек”.

Ғұмырдерек:

Дос Көшім 1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы  Арыс ауданы Дермене ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін филология мамандығы бойынша таңдаған. 
1980 жылдары саясатқа араласа бастады. Тәуелсіздік қарсаңында «Ана тілі» ұйымын басқарды. 1990 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясы төрағасы қызметін атқарды. Одан кейін «Азат» қозғалысы жетекшілерінің бірі болды. 
Тәуелсіз бақылаушылар жүйесін құруға атсалысты. 2005 жылы «Ұлт тағдыры» қозғалысын іске қосты. 

фото: abai.kz

Автор

  • Редакция

    Sarapshy.info – 2021 жылы қазан айында тәуелсіз медиа ретінде жеке бастама болып құрылған республикалық сараптамалық ақпарат агенттігі. Қазіргі күні агенттікті вебсайт, Instagram, Facebook, TikTok желілеріндегі парақшалар, Телеграм арнасы, ресми Youtube арнасы құрайды. 100% қазақ тілінде ақпарат таратады. Редакциясы Орал қаласында орналасқан.

    Барлығын қарау
азаматтық қоғам Аманат партиясы Басты ақпарат демократия Дос Көшім жүйе институт Қасым-Жомарт Тоқаев құқық модель Нұрсұлтан Назарбаев партия пікірі режим сайлау сарапшы саясат
Бөлісу Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

Саясат

Украина мұнай құбырына қатысты Қазақстанның наразылық нотасына жауап берді

01/12/2025
Саясат

Ресейде WhatsApp мессенджеріне тыйым салынды

29/11/2025
жаңалық

Тоқаев бір палаталы парламентте депутаттар санын қысқартуды ұсынды

28/11/2025

Жаңа мақалалар

БҚО-да заңсыз салынған 45 құрылыс нысанына тыйым салынды

жаңалық 03/12/2025

Қазақстанға кәсіпкерге алғаш рет цифрлық теңгемен несие берілді

жаңалық 03/12/2025

Ақтау маңында құлаған ұшақ апатын тергеу қорытындысы жарияланады

жаңалық 03/12/2025

Цифрландыру отынның «көлеңкелі» айналымын 20%-ға дейін азайтты

жаңалық 02/12/2025

Кореяда қазақстандық мигранттарды ерікті түрде шығару мерзімі ұзартылды

жаңалық 02/12/2025
Сайт мұрағаты
Декабрь 2025
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031  
« Ноя    
Advertisement

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.
Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің №KZ30VPY00040617 куәлігі берілген.

Поштамыз: sarapshy.info@gmail.com

Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram

Соңғы жаңалықтар

БҚО-да заңсыз салынған 45 құрылыс нысанына тыйым салынды

03/12/2025

Қазақстанға кәсіпкерге алғаш рет цифрлық теңгемен несие берілді

03/12/2025

Ақтау маңында құлаған ұшақ апатын тергеу қорытындысы жарияланады

03/12/2025

Sarapshy.info-ға жазыламын

Сараптамалар мен шолуларды тұрақты оқимын десеңіз

© 2021- 2025 «Медиа білім» қоғамдық қоры. Авторлық және жанама құқықтар толық сақталған.

Іздеу үшін Enter пернесін басыңыз. Бас тарту үшін Esc пернесін басыңыз.