Биыл тоғыз айда БҚО-да экономикалық тергеп-тексеру департаменті 23 қылмыстық құқық бұзушылық істі тіркеді. Оның жалпы залалы екі млрд-тан астам теңгені құрады. Бұл жөнінде БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Жандос Кенжебаев айтты.
Белгілі болғаны, жыл басынан бері 36 қылмыстық іс тергеліп, оның 17-сі алдын ала тергеу жүргізу арқылы аяқталған.
«Есепті кезеңде біздің жұмысымыз өңірдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қаражаттың заңсыз ағынын тоқтатуға және қылмыстық табыстарды заңдастыруға қарсы күресуге бағытталды. Қаржылық пирамидалармен күреске және заңсыз кәсіпкерлік қызметке көңіл бөлінді», – дейді ол.
Ақпан айында сотқа несиелік серіктестік басшысына қатысты 150 млн теңгеден астам көлемде субсидияларды жымқыру фактісі бойынша тіркелген жеті эпизодтан тұратын қылмыстық іс жолданды. Күдікті қарамағындағы шаруа қожалығының атына заңсыз түрде 126,7 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие рәсімдеген. Кейін бұл қаражат ірі қара мал сатып алынбастан, шаруа қожалығының шотынан қолма-қол ақшаға айналдырылған. Сонымен қатар мал шаруашылығының ақпараттық жүйесі базасына жалған ақпарат енгізу арқылы ол 24 млн теңге көлеміндегі субсидияны заңсыз алған.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдікті жер телімдерін сатып алып, оның бірінде сауна мен сауда үйін салған. Аталған мүлікті жасыру мақсатында оны туысының атына рәсімдеген.
Сот санкциясымен жалпы құны 198 млн теңге болатын тыйым салынды. Қазіргі уақытта іс сотта қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ маусым айында ЖШС-ның банкроттығын басқарушының заңсыз әрекеттері бойынша алдын ала тергеу аяқталды. Банкротты басқарушы кәсіпорынның салық қарызы бар екенін біле тұра заңсыз әрекеттер жасап, қаражатты заңсыз түрде құрылтайшы мен оның жақын тұлғаларының есепшоттарына аударды. Бұл сома 46 млн теңгеден асты. Қаражат заңсыз түрде заңгерлік қызметтерді төлеу, туындаған қарыздарды өтеу және құрылтайшыға қалған қаражатты қайтару ретінде көрсетілген. Батыс Қазақстан облысының арнайы ауданаралық экономикалық сотының шешімімен бұл аударымдар заңсыз деп танылып, қазіргі уақытта кәсіпорынның мүліктік құрамына қайтарылып жатыр.
Тамыз айында мемлекеттік мекеменің есепшілеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша іс сотқа жолданды. Олардың заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 46 млн теңге көлемінде зиян келген. Департамент қызметкерлері қабылдаған шаралардың нәтижесінде кінәлі тұлғалар анықталып, мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді. Қазіргі уақытта іс сотта қарастырылып жатыр.
«Соңғы үш жылда қаржы пирамидаларын құру фактісі бойынша 13 қылмыстық іс тіркелді. Жәбірленушілердің саны 1 000-нан астам облыстың тұрғынын құрайды. Ал келтірілген залалдың сомасы 1,1 млрд теңгеден асады. Оның ішінде тоғыз іс бойынша айыптау үкімдері шығарылды. Сонымен қатар салымшылардан алынған кірістерді заңдастыру фактілері анықталды. Оның жалпы сомасы 76 млн тенгеден асады. Бұл ретте департаментпен айыпталушылардың 113 млн теңгеге мүлкі тәркіленді», – деп атап өтті Жандос Кенжебаев.
Оның айтуынша, биылдан бастап «Кибернадзор» жүйесі арқылы 545 сайт пен WhatsApp желісіндегі 957 қатысушысы бар чат жойылды.
Фото: Pexels.com

